№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауыз су жүйесінің қарқыны қалай?

Ауыз су жүйесінің қарқыны қалай?


Жаңақорғандағы ең күрделі мәселе – ауыз су. Мұны аудан басшысы Руслан Рүстемов жіті түсінеді. Сондықтан ауданға әкім болып келгеннен бастап тоқтап тұрған жұмысқа дем берді. Бұл жөнінде сәл кейінірек тоқталсақ. Қазір кентте тұрғындардың бірі үйіне ауыз су келгеніне қуанып жүрсе, екіншісі қашан келетінін асыға күтіп жүр. Сондықтан тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу сервистік желісі құрылысының қарқынын білуге мән бердік.


ХАЛЫҚ АЙТСА, ҚАЛТ АЙТПАЙДЫ

«Су патшасы – мұрап». Қазақ осы мақалды қалай дәл тауып айтты десеңізші? Расында әр үйге су құбырын тартып жатқан мамандардың қадірі артқаны байқалады. Жалпы құны 494,3 млн. теңге тұратын жауапты істі жүргізетін мердігер компанияда бірқатар кедергілер орын алды. Атап айтқанда, 2020 жылы 24 сәуірінде мемлекеттік са­тып алу конкурсы бойынша «Қазқұрылыс Сервис» ЖШС мердігер компания болып табылады. Алайда конкурсқа қатысқан екінші компания – «Көлсай Строй» ЖШС-нен арыз-шағым түседі. 2020 жылдың 3 маусымында Қызылорда облыстық мамандандырылған аудан­аралық экономикалық соты шағымды қарап, №4360-20-5-29/5015 санды анықтауымен 9 маусымнан бастап су жүргізу ісі тоқтайды. 2020 жылдың 10 қыркүйекте ауданарлық экономикалық сотының №4360-20-5-29180 санды шешімімен құрылыс жұмыстары қайта басталды. Енді қысқа уақытта бір жылдық жұмысты атқаруы тиіс. Басқа жол жоқ. Олай болмаса, жаңақорғандықтар ауыз сусыз қалуы да әбден мүмкін. Аудан басшысы Руслан Рүстемов қайта-қайта суландыру ісінің басынан табылып, бригада санын арттыруды талап етіп, алаңдаушылық білдіріп жүргенінің себебі де осы.
Жә, тақырыптан ауытқымайық. Ау­дан тұрғындары не дейді? Бір сәт солардың ойына көңіл бөлсек. Қазір әлеуметтік желі от болып тұр. Кез-келген желінің белсендісі блог жүргізіп, өз ойымен ашық бөлісуге мүмкіндігі бар. Желіні бақсақ, көпшілік тұрғын үйлердің іргесіне су кіргізу әркелкі, мұның мәнісіне көңіл бөлгеннің бірі – Томирис Бақытбекқызы: «Кенттің басты көшелерін ғана қазып, шағын көшелерде неге жүргізілмей жатыр? Әлде ол көшелердегі тұрғындарға су қажет емес пе? Сосын кейбір үйлердің ауласына -35 метрге дейін суды кіргізсе, екіншісіне 1 метр ғана кіргізеді. Неге?» депті. Мақсат Әлімбетов есімді әлеуметтік желі белсендісі: «Құрманғазы көшесіндегі суландыру ісіне көңілім толмайды. Асфальттың кей жерлері топыраққа көмілді. Шаң бұрқырап жатыр. Мұны кім бақылайды?», – деп көлік жүргізушілер атынан назын жеткізіпті. Ал Өркен Өмірбай: «С.Искендиров көшесінде не жарық жоқ, не су келмеді. Сонда бұл көшенің тұрғындары тас қараңғыда, сусыз отыра бере ме?», – деп ренішін білдіріпті. Мөлдір Әбішева, Әйгерім Әбілтаева және т.б әлеуметтік желіде өткір сөздерін жазып, суландыру ісіне бақылау қажеттілігін айтып, «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген мақалды алға тартыпты.

ЖАУАПТЫ МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Тұрғындардың сауалын жауапты мекеменің мамандарына қойып, мәселені ортаға салдық. Жаңақорған ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің іс-жүргізушісі Ерсұлтан Исмайлов тұрғындардың әрбір жазбасы назарда болатынын айтты.
– Әр жазба төңірегінде тиісті шаралар атқарылып, тексеріледі. Мердігер компанияның күнделікті жұмысы есепке алынып, мони­торинг жасалуда. Жұмыс бары­сында кездескен кедергілер мен қиындықтар жөнінде тиісті салаларға ақпарат беріледі. Мәселен, Құрманғазы көшесінде су жүргізу кезінде газ құбыры жарылып, соңын салдарынан тұрғындар 5-6 сағат газсыз қалды. Аудан әкімінің ауыз суға байнанысты кеңейтілген мәжілісінде газ, телекоммуникация мекемесінің мамандары әрбір көшедегі өз линияларын көрсетіп, қанша тереңдікте жатқанын айтуға міндетті. Кабельдердің үзілуі мен құбырлардың тесілуі секілді төтенше жағдай орын алса, шығынын мердігер компания көтереді, – дейді жауапты маман.
Аудан әкімінің пәрменінен кейін, мердігерге линияларды анық­таушы 3 мекеменің өкілдерін шақыртуға заңды түрде ордер берілгенімен мамандардың қажетті мекен-жайда уақтылы болмауынан және көрсетілген тереңдікте газ құбырларының болмауы себебінен қиындықтар орын алуда. Мұны «Қазқұрылыс Сервис» ЖШС жұмыс тобы учаске басшысы Райбек Нұрмаханов та растайды.
– Күзде 15 техникамен жұмысты бастадық. Екі күннен бері 11 техникамен жүргізудеміз. Тұрақта бұзылып тұрған 4 техника жөнделуде. Сәтін салса осы апта іске кіріседі. Қараша айының соңына дейін бітуге ұмтылғанымызбен, толық жұмысты желтоқсанның соңына дейін игереміз. Төтенше жағдайлар мен техниканың жиі бұзылуы себеп болуда. Мұның бәрі қол байлау болып тұр, – деді учаске басшысы.
Сметалық құжат бойынша, су құбырын үй іргесіне дейін ғана жүргізілуі тиіс. Аудан басшысының талабына сай мердігер компания үйдің іргесіне 2 метрге дейін құбырды кіргізіп беруді міндетіне алды.
Енді статистиканы сөйлетсек, кентте ресми тіркелген 132 көше мен 5487 түтін бар. Оған кейінгі жылдары салынып жатқан тұрғын үйлерді қосыңыз. Осы 15 техника мен 40 жұмысшы күніне 45 үйге ғана су кіргіссе, 122 күнге созылады. Яғни мұндай қарқынмен кентті толық сумен қамтамасыз ету үшін 4 ай қажет. С.Сапарбеков секілді екі жүзден аса үйлері бар көшеде апталап жүргізуге тура келеді. Мынадай қарқынмен қалайша жыл соңына дейін межелі жоспарды орындайды. Істің маңызын түсініп, техникасы бар азаматтар бел буып, кіріссе қайтеді?! Елдік мұратымызды осындайда көрсету керек секілді. Бұған мердігер компания да қарсылық танытпайтыны анық. Ендеше, туған жерге тағзым ретінде игілікті іске атсалысайық, ағайын!

Мақпал МАРҚАБАЙ
07 қараша 2020 ж. 570 0