Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мақсат – айқын, меже – белгілі

Мақсат – айқын, меже – белгілі


Аудан әкімі Руслан Рүстемов шұғыл кеңес өткізіп, Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін сапалы жүргізу әрі уақтылы тапсырудың жолын айқындады.


Маңызды жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Ілясов, аудан әкімінің орынбасары Ердулла Сұлтанбеков, Жаңақорған кентінің әкімі Есдәулет Сейілов, аудандық мәслихаттың депутаты Арман Мәжитов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ақылбек Жәңібеков, аудан әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Алмас Нәлібаев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зейнулла Әшірбеков қатысты.
Сондай-ақ «Нұра топтық су құбыры» РМК» Арал СЖҚБД Қызылорда филиалының Жаңақорған бөлімше басшысының орынбасары Абу Сапаров, «Қазақтелеком» АҚ Жаңақорған аудандық филиалының директоры Зинадулла Өрғараев, «ҚасТрансГаз» Жаңақорған өндірістің филиалының директоры Сұлтан Сарсенов төбе көрсетті.
Ең бастысы, сервистік желіні жүргізетін мердігер компания – «Қаз Құрылыс Сервис» ЖШС директоры Шынболат Ештаев қатысып, суландыруды жүргізу жолдары жайындағы ойын ортаға салды.
Аудан әкімі Жаңақорған кентінің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету аса маңызды іс екенін алға тартып:
– Жаңақорғандықтар 30 жылдан бері ауыз суды күтіп отыр. Осыдан-ақ аса маңызды жоба екенін пайымдауға болады. Егер халықтың сенімінен шығамыз десеңіздер жылдың аяғына дейін ауыз сумен қамтамасыз етуді толық шешу керек. Әрине уақыт тым аз қалды. Сондықтан межелі міндетті уақытылы орындаудың жолдарын қарастыру үшін сіздерді жинап отырмын, – деді.
Келесі кезекте тапсырыс беруші Зейнулла Әшірбеков сөз алып:
– 2020 жылдың 24 сәуірінде мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша «Қаз Құрылыс Сервис» ЖШС мердігер болып табылды. Мамыр айының басында үй-үйге су кіргізу ісі басталды. Бірақ мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқан екінші компанияның сотқа арыздануына байланысты 3 маусымда тоқтады. Ал 8 қыркүйекте «ҚазҚұрылыс Сервис» ЖШС қайтадан жеңімпаз болып табылды. Енді мердігер компания жыл аяғына дейін қаржыны игеруі тиіс, – деп мән-жайды түсіндірді.
Белгілі болғандай, қаржы ұлттық қазынадан қаралған. Келесі жылға өтпелі емес. 2020 жылдың 20 желтоқсана дейін Жаңақорған кенті толық суға қосылуы тиіс. Бұған компания үлгере ме?
Міне, аудан басшысы осының басын ашып алуға мән берді.
– Уақыт өте аз қалды. Тездетіп жұмыс графигін құрып, екі ауысыммен жұмыс жасау керек. Бригаданы көбейтіп, жұмыс қарқынын күшейту тиіс. Одан басқа амал жоқ. Халыққа карантин болды, екі мердігер компания бір-бірімен соттасты деп ақтала алмаймыз. Қажет болса, қосымша мердігер компания тартудың жолын қарастырып, ауданда техникасы бар азаматтарды жұмылдыру керек. Газ құбырына, интернет желісіне жауапты мекемелер істің басынан табылып, қай көшеде, қай жерде құбыр тұрғанын көрсетіп беріп, жұмысқа кедергі келтірмеу керек. Бұл – ортақ жұмыс, – деп қадап айтты әкім. Аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зейнулла Әшірбеков те газ құбыры мен интернет желісін дер кезінде анықтап беру маңызды екенін ескертті. Себебі суды жүргізу кезінде Хорасан көшесінде екі рет газ құбырына зақым келді, сондай-ақ, екі рет интернет желісі үзілді. Мұндай жағдай қайталанбау үшін жауапты мамандардың істің басынан табылуы тапсырылды.

Кеңеске келген Ақылбек Жәңібеков, Алмас Нәлібаев, Арман Мәжитов жаңадан салынған тротуарларды кесуге үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, астынан өткізуді міндеттеді. Сондай-ақ жоспарда көрсетілгендей қызыл сызыққа дейін ғана емес, қорадан үш-төрт метрге дейін өткізіп беруді тапсырды.
Мердігер компанияның басшысы Шынболат Ештаев:
– Бірнеше күнде төрт бри­гадамен бастаймыз. Сіздердің талаптарыңызды ескереміз. Жыл аяғына дейін бітіруге бар күшімізді саламыз, – деді.
Мамандардың ойын тыңдап, жиынды қорытындылаған Руслан Рүстемұлы:
– Біріншіден, төрт брига­дамен маңызды жобаны аяқтау мүмкін емес. Қажет болса бригада санын бес есеге дейін көбейту керек.
Екіншіден, жоба шарттарға сай сапалы орындалуы міндет.
Үшіншіден, газ, интернет, суға қатысты мекемелер жобаға белсенді қатысуы тиіс.
Яғни барлық күш-жігерімізді кент тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмылдыруымыз тиіс, – деді.

ТҮЙІН. Мақсат біреу, ол – аудан орталығын ауыз сумен қамтамасыз ету. Меже айқын, ол – қараша айына дейін бітіру. Енді мұндай қомақты қаржы қашан қаралатыны белгісіз. Сондықтан суландыру жобасының сәтті жүзеге асуына мүдделіміз...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
26 қыркүйек 2020 ж. 620 0