№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Техникалық кеңестің темірдей тегеуріні

Техникалық кеңестің темірдей тегеуріні

Аудан әкімдігінде өткен кеңейтілген техникалық кеңесте тапсырыс берушілер мен мердігер компания басшылары, техникалық қадағалаушылар мен авторлық бақылаушылар, сала басшыларының басы қосылып, құрылысқа қатысты қыруар шаруалар жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі Руслан Рүстемов ерекше мән берген басқосудың маңызы зор. Жиында ауыз суды үй-үйге кіргізудің жолы мен құрылыс нысандарын уақтылы әрі сапалы жүргізу бағытында тиісті сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.
Руслан Рүстемұлы моде­ра­торлық еткен кеңесте тал­қыға түскен түйткілді мәселе – құрылыстың сапасы мен ауыз суды үй-үйге кіргізу. Алды­мен сөз тізгінін кент әкімі Есдәулет Сейілов алды.
– Кентішілік 29 көшеге ор­та­ша жөндеу жұмысына рес­пу­бликалық бюджеттен 578 110,6 мың теңге және жер­гілікті бюджеттен 31 000,0 мың теңге бөлінген. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы бойынша Хора­­сан ата, А.Иманов, М.Түйменов, Қ.Алдаберген және Ипподром аумағының №27 көшесі мен Саяжай аумағын кент орталығымен байланыстыратын көше­лерді орташа жөндеуге респу­бли­калық бюджеттен 344 676,0 мың теңге, ал аудандық қазынадан 31000,0 мың теңге қаралды. Аталған көшелерде «Асфальт» ЖШС, «Азрет-жол» ЖШС, «Қызылорда жол­дары» ЖШС, «Шиелі-Жол­шы» ЖШС асфальт төсеуде жұмыс атқарды. Техникалық қадағалау ісіне «Баспана Қызылорда» ЖШС, «Дан-Строй-Проект» ЖШС, «Аймереке» ЖШС-жауап­ты болды. Ал автор­лық қа­да­ғалау ісі ДК «М.Мамуов­ке» жүк­телді, – деді кент әкімі.
Оның сөзінше, келісімшарт бойынша 2020 жылдың маусым айында көшелерді жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс еді. Шартта көрсетілген мерзімде бітірмеген компа­ния­лардан айыппұл өндіру жөнінде ауданаралық эконо­микалық сотқа іс жолданды.
Айта кететіні, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыдан 77 077,0 мың теңге үнемделіп, оған Сығанақ, К.Бакиров және О.Бидашев көшесіне орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында респу­б­ли­калық бюджеттен 233 434,6 мың теңге бөлініп, кент ішін­дегі 14,1 шақырымды құрайтын 22 көшесіне орташа жөндеу ісі қолға алынды. Бұған «Жаңақорған Жібек Жолы» ЖШС жауапты. Сон­дай-ақ бағдарлама аясында Аюпов көшесі бойынша «Азрет Жол құрылыс» ЖШС жұмыс жүргізді.
Қазір бөлінген қаржы есебінен Ш.Бәкірұлы, Ш.Уа­ли­ханов, А.Тоқсанбаев, І.Сейте­­нов, И.Илялетдинов, С.Ахме­тов, МАИ бекеті учаскесінің қиылыстары, Достық, А.Аю­пов, Жеңіс көшесіндегі ор­та­ша жөндеу ісі аяқталды. Қал­ған көшелердегі жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталатыны белгілі болды.
Аудан әкімі Руслан Рүстем­ұлы жол құрылысын басты назарда ұстайтынын айтты және мердігер компанияларға сапаға мән беруді ескертті.
– Алдағы уақытта әрбір көшенің құрылыс сапасы тура­лы сараптама жасалады. Яғни жолдың сапасы жайында зертханалық қорытынды шы­ғарылады. Арнайы кепіл­­дік құжаттың болуы міндет­ті. Онсыз көшелер қабыл­дан­байды, – деді аудан бас­шысы.
Одан кейін құрылыс нысан­дарының сапасы жайын­да сөз еткен құрылыс бө­лі­­мінің басшысы Орман Ахметов:
– Түгіскен ауылдық клуб үйінің күрделі жөндеу жұмыс­тарына мердігер ретінде «СМП Қызылорда» ЖШС жауапты. Жаңақорған кенті мен Түгіс­кен ауылындағы жаттығу және стритбол алаңының құ­ры­лысын «Пульс» ЖШС жүргізуде. Жаңақорған кен­тіндегі орталық ста­дионды реконструкциялау жұ­мыс­тарын мердігер «Сапақ» ЖШС қайта қолға алды. Жаңақорған кен­­тіндегі №5 Балғын бала­бақшасын жылу­мен жаб­дықтау міндетін «Агро­спец­­монтаж» ӨК қолға алды. Құры­лыс нысандарын жіті қадағалап, кемшіліктер болса, дер кезінде жөндеуге мән бердік, – деді.
Аудандық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зейнолла Әшірбеков кент ішінде тұрғын үйлерге су құбырын жет­кізу, сервистік желісін салу жұмыстары жөнінде баяндады.
– «Ауыл ел бесігі» бағдар­ламасы бойынша республикалық бюджеттен 495160,0 мың, облыс­тық бюджеттен 38881,0 мың, жергілікті бюджеттен 12706,0 мың теңге бөлінді. Нысан құрылысын 2020 жылы аяқ­­тау жоспарланды. Бас мер­дігер «ҚАЗ құрылыс сервис» ЖШС-гі. Мамыр айында жұмысты бастаған мердігер компания 16 шықырым жерге сервистік желі жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда Хорасан ата көшесіннен – 183, С.Ахметов көшесінде – 23, Қашқынов көшесінде – 3, Р.Әбенқожа көшесінде – 10, А.Аюпов көшесінен – 33, Қорған Тоғай көшесінен – 8, Шоқан Уалиханов көшесінен – 6, Алтыкрант ық­шам ауданында – 44 тұрғын үйге су құбырлары кіргізілді. Алай­да мердігер компанияның жұмысына Алматы, Талдықорған қалаларынан «Көлсай Строй» ЖШС-нен арыз шағым түсуіне байланысты ағымдағы жылдың 8 маусымында Қызылорда об­лы­сы­ның мамандандырылған ауда­­н­аралық экономикалық со­ты­ның анықтауымен келісім шарт бойынша жүргізіліп жатқан жұ­мыстар тоқтатылды, – деді.
Жаңақорған кентінің тұрғын­дары әні-міне су келеді деп отырғанында суландырудың тоқ­та­ғаны дұрыс емес. Осының маңы­зын түсінген аудан әкімі Руслан Рүстемов:

– Халық даналығында «Елің сені елесе, еңбегіңнің жанғаны, елің сені шенесе, көз қырына алғаны» деген тағылымды тәм­сіл бар. Сол айтпақшы, талас-тартысқа түскен түйткілді іс Жаңақорған кентінде бар. Ол – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясын­дағы «Жаңақорған кен­тінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу» құрылыс жобасы. Оны іске асыру бізге міндет. Яғни ел ауыз судан зардап шегуге тиісті емес. Сондықтан оның ше­шімін тауып, 30 жылдан бері асыға күткен мәселенің түйінің тарқатуымыз тиіс. Біз сол үшін бас қосып отырмыз, – деді Руслан Рүстемұлы.
Кеңес барысында әкімдік пен мердігер компания мәмлеге келіп, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету ісін жалғастыруға уағдаласты. Сөй­тіп, компания техникаларын қайта әкеліп, жыл аяғына дейін 68 шақырымдық 2000 абонентке су кіргізілетін болды. Ал су жүйесінің қалған бөлігін 2021 жылға өтпелі нысанмен шегеріп, алдағы жылы кенттегі әрбір үйге су кіретін болды.
Биыл бірнеше мектеп күр­де­лі жөндеуден өтуде. Бұл жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов баян­дады.
– Қыркеңсе ауылдық окру­гіндегі №213 мектепті жөндеуді «Пульс» ЖШС қолға алып, қазір 100 пайызға аяқтады. Сунақата ауылдық округінде орналасқан №194 мектеп ғимаратын жөн­деу жұмысын «Дарен Строй Сервис» ЖШС жүргізді. Құрылыс компаниясы мектептің спорт залы мен асханасын толық аяқтады. Қазір мектеп ғимаратының сырт­қы фундаментін қаптау және есіктерді ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Аяқталу мерзімі қыркүйек айы­ның соңы, – деді ауданның бас ұстазы.
Ал аудандық аграрлы-техни­калық коледжіне күрделі жөндеу жұмыстарына жауапты «Нур-Талап и К» ЖШС. Сон­дай-ақ Көктөбе ауылындағы №89 мектеп ғимаратын «Пульс» ЖШС, Жаңақорған кентіндегі №51 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына «Ернұр Жетістік» ЖШС-гі жауапты екенін білдік.
Аудан әкімі өзінің фейс­буктағы парақшасында:
– Мектеп пен балабақша бойынша жөндеу жұмыстары уақтылы жүргізілуде. Екі мектеп толық жөндеуден өтті. Әрине, халықтан асқан әділ сыншы жоқ, сол себепті құрылыс салу міндетін мойнына алған мердігер елдің көңілінен шығатындай ең­бек еткені жөн, – деді.
Әрине әлеуметтік салаға ба­ғыт­талған құрылыс жұмыстары халықтың жайлы өмір сүруіне бағытталатыны түсінікті де. Сол себепті оның сапалы болғаны дұрыс. Жалпы ауқымы, маңызы жөнінде өте қажетті техникалық кеңесте тапсырыс берушілер – құрылыстың барысын, мерді­герлер – мүмкіндігін, техникалық қадағалаушылар – талап үдесін, қоғамдық бақылаушылар – құрылыс сапасын ортаға салды. Талқы барысында бар мен жоқтың аражігі ашылды, кімнің халық үшін іс атқаратыны белгілі болды. Енді осыны іспен дәлелдесе қенекей?!

Лаура БИБАСАРОВА
12 қыркүйек 2020 ж. 756 0