Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қайтарымсыз грант: 589 адамның кәсібіне қолдау берді

Қайтарымсыз грант: 589 адамның кәсібіне қолдау берді


Әлемнің ең озық елі АҚШ-тың қуаты – шағын және орта бизнесте. Дерек көздерінде, алпауыт елде жұмыс істейтін халық санының 52 проценттен астамы кәсіпкерлік саласында. Шамамен 20 адамға дейін қызмет ететін шағын кәсіпорындарда 19,6 миллион адам жұмыс істейді. Бұл алпауыт елдің экономикасының кез-келген жағдайға тез бейімделуде шешуші рөлге ие. Қазақстан Үкіметі де шағын және орта бизнес саласын дамытуға мүдделі. 2025- жылға қарай экономикадағы бизнес үлесін 35 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жеткізуді мұрат етіп отырмыз. Осы бағытта халықтың нарықтық сауаттылығын арттырып, заманауи табыс көзін қалыптастыруды жолға қойдық. Осы бағытта қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер берілуде.

Жаңақорған Қызылорда облысы бойынша қайтарымсыз грант алу жөнінен көш басында. Тарқата айтсақ, 2020 жылы 589 адам бизнес идеясын сәтті қорғап, 555 мың теңге алып, шағын бизнесін дамытуға мүмкіндік алды. Бұл туралы жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков: «Ауданда өз кәсібін ашамын деген ниетті жандар көп. Күніне 20-30 адам өтінішпен келеді. Біз бұл грантқа қойылған басты талаптармен таныстырып, құжат­тан­дыру ісін жүргіземіз. Бұл бір жағынан кәсіп­керлікті қолдау болса, екінші жағынан жұмыссыздар санын азайтуға септігі бар», – дейді.
Мемлекеттік қолдау қаржысы бас­тапқы бизнесті іске асыруды жоспар­лайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз гранттар 2018 жылы 100 АЕК, 2019 жылы 150 АЕК-пен берілсе, 2020 жылы 200 АЕК, яғни биылғы көрсеткіш бойынша 555 600 теңгені құрады. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 400 АЕК, яғни, бір миллионнан астам қаржыны көрсетеді. Бұл бизнес бастаймын деген ынталыларға көп көмек екені анық.
Биылғы жылы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелері және 18-63 жас аралығыдағы жұмыссыз жандар кәсіп иегеруге қадам басып, арнайы оқытылып, бизнес жоспар түзіп, ортақ конкурсқа түсті. Коммиссия құрамына қоғамдық ұйымдардың басшылары, жер­гілікті баспасөз қызметкерлері, қоғам белсенділері қатысты. Осы кон­курста озық шаққан азаматтар мем­лекет қаржысына ие болды. Қай­тарымсыз қаражаттың 90 пайызы мал шаруашылығына бағытталды. Қал­ған 10 пайызы асхана, сұлулық салоны, вулканизация, көлік жөндеу орталығы, кондитерлік өнімдер-нан, торт, тәттілер тағы басқа ұсақ шаруалар.
Ерлан Ержанов вулканизация ашу­ды көптен жоспарлапты. Осы бағдар­ламаны ести сала, орталыққа келіп, құжат өткізіп, қаржыға қол жеткізіп, арманындағы кәсіпті ашады.
– «Көз қорқақ, қол батыр». Адамның ниеті болса, кәсіп игеріп, шаруа бастауға мол мүмкіндік бар. Қаражатты әділ жолмен алдым. Халыққа қызмет етіп, табыс көзін арттыра бастадым, – деді жас кәсіпкер.
Қаражатқа қол жеткізгендер қата­рында түрлі ұлт өкілдері де бар. Соның бірі – Иноват Шонбаева түрік ұлтының өкілі, көп балалы ана: «Жастайымнан түрлі тәттілер пісіріп, шағын цех ашсам деген арманмен жүрдім. Бүгін балаларым есейіп, қыздарым қолқанат болған шақта, Жаратқан ниетімді қолдап, мемлекеттің мейірін көріп, қаржыға ие болдым.
Үй ішінен тәттілер әзірлейтін наубайхана ашуға қажетті құралдар сатып алдым. Наубайханада торт­тан бастап түріктің ұлттық тәтті тағам­дарын пісіріп, халыққа қол жетімді бағада ұсынып отырмын, – деген. «Сәуле» пельменін нарыққа шығара бастаған Сәуле Әділбекова жуырда ғана қайтарысыз грантқа ие болған еді. «Қаржыға қол жеткізгенге дейін бір ғана дүкенге өнімімді өткізіп жүрдім. Енді қолыма түскен қаржыдан табыс табу үшін бірнеше дүкен иелерімен келісім шартқа отырып, жаныма көмекші алып, кәсіпке кірісіп кеттім. Алғашқы он күнде тапқан табысымнан-ақ осы кәсіптің болашағы зор екенін аңғардым, – деді жас ана.
Ал Табиғат Өтебеков болса электр дәнекерлеуші мамандығын алса да тұрақты жұмыс таба алмаған еді. Қолынан темір ию, ағаш өрнектеу ісі келгенімен, іс бастауға жүрексінетін. Оның еңбекшілдігін түсінген комисия мүшелері шағын темір ұстаханасын ашуына қолдау берді. «Үйде темірден тапшан, есік, дарбаза, қоршау жасап, оны көрнекі болу үшін өректейтінмін. Осыдан бастап темір-терсекке үйір болып, қызығушылығым оянды. Қолдан жасаған дүниелерімді жоғары бағалап, маған ұстахана ашуыма қолдау берген комиссия мүшелеріне алғыс айтамын, – деді Табиғат Өтебеков.
Біз сұхбаттасқан грант иелері қайтарымсыз қаржының өз жауап­кершілігін барын біледі. Сондықтан абыройлы еңбек етіп, өңірдің шағын және орта кәсіпкерлігінің өрлеуіне барын салуға бекінген. Осындай талапшыл жандарға үміт сыйлаған комиссия төрағасы Қуандық Қара­қожаев әрбір грант иегерлерінің ісі қатаң бақыланатынын айтты.
– Грант ұтып алған кәсіпкерлеодің қаражаты қалай жұмсалғаны зерттеледі. Жалпы өтініш иелерінің жеке-жеке мүмкіндіктерін, әлеуметтік жағдайын, кәсіпке деген ықыласын сараладық. Биылғы жылы қосымша 60 адамның өтінішін қанағаттандыру үшін облыстан қосымша қаржы бөлгіздік. Мұндағы мақсат, жалындап тұрған жастардың кәсіп иегеруіне жол ашып, аяғын тұсамау еді, – деді төраға.
Комиссия құрамында болған «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Нұрлат Байкенже:
– Әрине, Жаңақорған ауданының мал ұстап, оны баптауға табиғаты өте ыңғайлы. Таудағы, өзен бойын­дағы, құмдағы жайылымдық жерлер шұрайлы. Дегенмен нарықты зерделеп, заманауи кәсіп түрлеріне басымдық беру керек. Өнім өндірмей, өркендеу қиын. Сондықтан бірнеше адам бірігіп, ауалшаруашылығы өнімдерін өндірудің жолын іздегені дұрыс. Комиссия құрамы осындай жобаларға басымдық бергені абзал.
Жалпы, көптеген өтініш беруші бұрыннан отбасымен айналысқан кәсібіне қаржы алды. Бұл – бір жағынан отбасылық кәсіпті дамытса, екінші жағынан кәсібін заңдастырды деген сөз. Яғни, қайтарымсыз гранттардың ауданда белсенді кәсіпкерлердің саны артуына септігі болды, – деді.
Комиссия мүшесінің сөзінің жаны бар. Өнім өндіруді жолға қойып, кластерлі шаруашылықты дамыту маңызды. Корея, Жапония сынды елдердегі кластерлік бизнесті алуға болады. Мәселен, Күн шығыс елінің брендіне айналған Toyota-ны өндіруге 2000-нан астам шағын кәсіпорындар атсалысады. Яғни көлік өндірісі саласында біріккен істі көруге болады. Бұл бәрінен бұрын, ірі зауыттың мыңдаған ұсақ шаруашылықтардың дамуына септігін тигізіп отыр. Бізде де осындай кластерлік бизнесті дамыту керек. Міне, біз осы бағытта ізденуіміз керек.


Мақпал МАРҚАБАЙ


17 қазан 2020 ж. 594 0