Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ардан аттамаған аға

Ардан аттамаған аға


Иса ағамызбен алғаш жүздесуім 1971 жылдың күз айы болатын. Облыстық медицина қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Кеңесбай Қалиевпен аудандық аурухана бас дәрігері Орманбек Сақбаев екеуі мені аудандық партиякомитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Иса Мұсаевтың алдына алып келіп, кеше аудандық медицина қызметкерлерінің кәсіподақ конференциясында жас маман Қ.Басхожаев аудан медицина қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағалығына сайланды.


Партияда жоқ екен, сол жағын да ойластырыңыз, деді таныстырғаннан соң. Сөз кезе­гінде Иса ағамыз маған құтты болсын айтты. Жас мамансың, екі ағаңның сені арнайы партия комитетіне ертіп келуі, саған үлкен сенімді жүктеуі, болашақта кәсіби, қоғамдық жұмысқа жауап­кершілікпен қарау қажет­тілігін сезінсін, көрсін, білсін дегендері дей келе, осы жұмыстарды лайықты алып жүрсе, қызмет-мі­нез­демелері жақсы болса, пар­тияға мүшелікке қабыл­дай­мыз деді. Менің ата-тегіме дейін білетін ағамыздың бұл жауаптарын кейін түсіндім. Ағамыз партиялық принципті қатаң ұстайтын кісі екен. Солай бола тұра, үлкен-кіші қызметтес аға-інілермен, қатарларымен үл­кен сыйластықта болды.
Исекең ағамыздың ашық-жарқын мінезі, өзіндік характері, нұр шашқан мейірімді жанары, ешуақытта әбес сөйлеуді біл­мейтін сабырлы-сыпайылығы, кісі айыбын бетіне тікелей баспай-ақ, басқадай жолмен жеткізе білу сияқты қасиеттерімен үлкен-кішіні өзіне баурап алатын. Осынысымен көпшіліке қадірлі еді.
Қылышынан қаны тамған кеңестік кезеңде 21 жыл партия комитетінде ең жауапты бөлімде жұмыс стильдерін жете меңгеріп, көппен тіл табысу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Исекеңнің өзіне сеніп тап­сырылған партия қызметінің бүге-шігесін толық меңгеріп, ел-халқына адал, абыройлы еңбек етуі ең алдымен оның жан таза­лығының арқасында деп сеніммен айта аламын.
Иса ағамыз алғашқы қыз­метін 1942 жылы Төменарық ауылындағы мектепте ұстаз­дық­тан бастады. 1952 жылы аудан­дық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, 1954 жылдан бастап аудандық партия коми­тетінде нұсқаушы, 1961 – 63 жылдары Бірлік совхозында парторг, 1964-66 жылдары мек­теп-интернатында мұғалім, 1966 жылдан 1988 жылға дейін аулан­дық партия комитпетінде ұйымдастыру бөлімін басқарды. Осы кезеңдері бірнеше рет аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.
2010 жылы аудандық мәслихаттың шегімімен «Жаңа­қор­ған ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Исекең кейін өзінің естелігінде жазғанындай, 1966 жылдары Шиелі ауданынан қайта бөлініп шыққан Жаңақорған ауданында 30 мыңнан астам халық бар еді. Жаңадан ұйымдасқан ауданда қиыншылықтар жетерлік. Сол қиыншылдықтарды шешудің бел ортасында қызмет етіп, 75 мыңдай залқы бар, өсіп-өркендеген ауылшаруашылықты-өндірісті ауданға айналғанына өз үлесін қосқан жан. Исекең ауданның өсіп-өркендеуіне ерекше еңбек еткен аға-іні тұстастарын мақтаныш ететін. Осындай тұрғыда ұжым­дастыру құрылысының қайрат­кері Исатай Топышевтің 100-жыл­дығына байланысты жиында сөй­леген сөзінде өзінің осынау мерейтой иесімен қызметтік жолдарына тоқталумен қатар сол кездегі әріптестері Бәкірова Күлсін, Асқаров Мұхан, Әшірбеков Әбіласан, Тотаев Тілеу, Дүйсенбиев Бекмахан, Шоманов Дәумен, Шаухаманов Назарбек, Әйтпенбетов Ерман т.б. азаматтардың адамгершілік мінез қағидаларын, елге еткен еңбектерін айта келіп, олар­дың бар ғұмырын облыс, аудан экономикасын көтеруге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсағандарын, аудан көлеміндегі игілікті істердің бас­тауында болғанын айтқан еді.
Бүгінгі болашақ ұрпақты ауы­лымыз, халқымыз білетін, танитын тұлғалы осындай ел азамат­тарының өнегесінде тәрбиелесек асқақ рух пен ауыл тәрбиесі бойларына сіңіп өсер еді. Өткен тарихымыз да ұмыт болмас еді, – деп ой қорытып еді Иса аға.
Солай деп біздерге, кейін­гілерге ой тастады. Сондай өнегелі өмір жолымен, адамгершілік-азаматтығымен ел құрметіне бөленген ағамыз туралы да қалам тербейтін уақыт келген сияқты. Ал бұл үрім-бұтағына, болашақ жастарымызға тәлім-тәрбие, тарих.
Иса ағамыз қара бастың қамын, өз жанын, өз жағдайын ғана ойлаған адам емес. Қарапайым азаматтығымен қарабайыр ғұмыр кешті Өзінің әкімдік қызметінің құзырын, не болмаса хатшының атынан деп шаруашылық мекеме басшыларына қысым жасап пайда табатын пенделер санатында болған жоқ. Халыққа, елге болсын деп ауызбірлік, ынтымақ үшін атсалысқан азамат бола білді.
Исекең ел-ағайынның арасын­дағы ауызбіршілікті, қамқорлықты назардан тыс қалдырмайтын. Қол­дан келген көмегін жасап, ақыл-кеңесімен дұрыс бағыт-бағдар беретін.
Шындығында Иса ағамыздың атына заты сай еді. Ата-ана борышын ақтаған, халық-ел қамын ойлаған, әдеттен озбаған, ардан аттамаған, тазалықтың үлгісіндей адал жанды – Азамат болып өмірден өтті. Біздің мақсатымыз – осындай ағалардың еңбегін ел есінде жаңғырту. Олардың үлгі – өнегесі келешек ұрпақ үшін құрметке ие.

Қалаш Басқожаев,
КСРО Медицина ісінің үздігі,
«Алтын дәрігер» медалының иегері,
Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы.

03 қазан 2020 ж. 533 0