№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Иесі бар елдің күні жарық

Иесі бар елдің күні жарық

Қоғамды ілгері апаратын ізгілікті күш – елдің сенімі. Жақсы күндерге деген жарқын сенімді тірек етіп, тәртіп пен талапшылдықты сақтау ортақ міндетіміз. Осы орайда жер – жерде құрылған қоғамдық Кеңестер билік пен халық арасындағы бірлікті нығайтып, біртұтас даму моделін қалыптастыруда тыңғылықты жұмыстар жүргізіп келеді.


Қоғамдық Кеңестер жұмысының жанды өріс алуы оның құрамындағы таңдаулы өкілдерінің ел қызметіне шын берілген белсенділігіне, ақиқатын айта білер ашықтық позициясына тікелей тәуелді. Осындай табандылығымен шынайы табиғатымызға мін түсіре­тін келеңсіздіктердің жолын кесіп, әділдіктің берік орнығуына барын­ша жұмыс жасап келе жатқан кеңестің өзіміз де бір мүшесі ретінде жыл көлемінде 11 рет бас қосып, қоғамдағы өзекті мәселелердің шешілу тетіктеріне талдау жасап, ел дамуына бағытталған баянды жобаларымызбен бөлісіп келеміз.
Жер жүзін қамтыған төтенше жағдай тұрғылықты жерімізде эконо­мика мен тұрмыстық ахуалды бір­шама күрделендірумен қатар қазы­надан бөлінген әр тиынға үнем мен ұқыптылық мәселесін де қоса туындатып отыр. Осы жағ­дай­ды жанымен сезініп, көп игілігіне бағыт­талған кешенді бағдар­ламаларды жіті қадағалайтын қоғам­дық кеңестің ара­ласуымен төмендегі шаралар іске асырылды. Бұл туралы аудандық қоғам­дық кеңес төрағасы Ақылбек Жәнібеков былай дейді.
– Жақында бір топ қоғам мүшелері болып Шалқия – Жаңақорған трас­сасы бойына қойылған «Janakorgan kenti» деген жазуы бар баннердің жарамсызданғанын көріп, тиісті орын­дарға талап қойып отырмыз. Осы жұмысты атқарған мердігер компа­нияның кемшілікті орнына келтіріп, құрылысты талапқа сай қайта орнатуды өз мойнына алуы керектігін ескерттік. Сонымен қатар былтыр ғана асфальтталған «Алтынсарин» көше­сінің жарамсыздануының себебін анықтау мақсатында рейд ұйымдас­тырып, қоғамның белсенді өкілдері қатарында Алшынбай Тұртанов, Төре­бай Сапарбаев, тағы басқалар кәсіби көзқарасы, азаматтық позициясын ашық білдіріп, нақты талаптарын қойды. Сондай-ақ кент орталығында жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында көше тұрғындарынан келіп түскен арыз-шағымдарға байланысты аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғани Тұрсекеевпен жұмыс бағдарын түздік.
– Кентте жер кезегінде тұрған 6800 өтініш иелерін қана­ғаттан­дырудың жолы қандай деп ойлай­сыз?
– Бұл мәселе туралы қоғамдық кеңес мүшесі Ерғали Оразбеков жиі көтеріп келеді. Саяжай, МАИ бекеті аумағында инфрақұрылымы жүргізілген, яғни жарығы, суы шешілген жер телімін сатып алып, бірақ ешқандай пайдаланусыз құр жатқан иеліктерді мемлекет меншігіне қайтарып, зәру тұлғаларға кезекпен беру керектігі туралы Жаңақорған кенті әкімінің міндетін атқарушы Есдәулет Сейіловке, аудандық жер қатынастары бөлімі басшысы Н.Қарақожаевқа ескертілді. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімшесінің басшысы Орман Ахметовке хабарланып, 6800 адамға жер беру мақсатында инфрақұрылым жүргізу үшін бюджетке өтінім түсіруге ұсыныс жасалды.
– Әлем халқына апат әкелген коронавирус індетінен аман шы­ғуда аудан қандай қағидаларды ұстанғанымыз дұрыс?
– Алғашында жете мән бермеге­німізбен соңғы екі айда есімізді ал­ған індет зардабы медицина қыз­мет­керлерімен қоса жалпы жұртшы­лықты табанынан тік тұрғызғаны анық. Ал­қым­нан алған дертпен күрес әлі де күрделі жағдайда жалғасуда. Әлем тәжірибесінен түйгеніміз, алда екінші, үшінші толқыны жалғасуы мүмкін. Осы бағытта бізге резервтік медициналық құрылым қажеттілігі айқын сезіліп отыр. Дәрігерлер қауымы дертпен күрес­те уақытпен санаспай еңбек етіп, қайрат-күшін күндіз-түні сарқып әбден қалжырағаны анық. Сондықтан біздің пікірімзше, ауданда арнайы білімі бар медперсонал құрамы тізімге алынып, кешегі мобилизацияланған әскери жасақ секілді медицина мамандарының резер­він дайындауымыз керек. Бұл шараға ауыл әкімдері тыңғылықты кірісіп, жер­гілікті жердегі өз-өзін жұмыспен қамтып мамандығынан тысқары жүрген азаматтарды алғы кезектегі науқанға сақадай сай дайындауды қолға алсын.
Екінші. Ауданымызда азық-түлік өнім­дері бағаларының қымбаттауы ай­рық­­ша білініп отыр. Кешегі өтпелі ке­зеңнің қиындықтарында басты тауар­лардың бағасын тұрақты ұстаған тәжіри­беміз болды. Азық-түлік өнім­дері­нің резервін жасақтауға ауданда жағдай жоқ емес, «Ынтымақ» ЖШС, ескі аурухана қоймасын пайдалануға болады. Барлық жабық мекемелерді сол кезеңде қаматамасыз еткен «Шапағат» ЖШС еді. Қазір де нысаналы топтарды демеуге арналған әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары бар. Азық-түлік көкөніс, бақша өнімдерінің саудасын делдалсыз тікелей ұйымдастыруға күш салу керек.
Үшінші. Дәріханаларда дәрі-дәр­мек тапшылығы жөнінен мәселе көп. Сонымен қатар жеткілікті ақпарат­тандыру механизмі жолға қойылмаған. Аптекалар жүйесінде ортақ базаның жоқтығын қалай түсінуге болады? Осының салдарынан аталымды дәрісі үшін науқасқа аудандағы барлық дәріханаларды көзден өткізіп, аяғынан тозып, адақтап шығуға тура келеді.
Қоғамдық кеңес осы мәселелер туралы аудан басшысына ұсыныс жол­дады.

Түйін. Аталмыш қоғам төрағасы Ақылбек Жәнібек әңгіме барысында жоғарыдағыдай өзекті мәселелердің көтерілуіне ұйытқы болып жүрген кеңес мүшелері, ел жаңашырлары – Ерғали Оразбеков, Алмас Нәлібаев, Зәуреш Әметова, Төребай Сапарбаевтардың орны айрықша екенін айтуды да ұмытпады.
Иә, иесі бар­ елдің күні жарық. Елдің қамын ойлап, түн ұйқысы төрт бөлінер осындай ел ағалары аман болсыншы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
25 шілде 2020 ж. 472 0