» » Мәміле бар жерде мәселе болмайды

Мәміле бар жерде мәселе болмайды


Бұқара мен билік арасындағы қарым-қатынасты жетілдіруде, жариялылық пен ашықтықты арттыруда Мемлекет басшысының инициативасымен қазығын қадаған ұлттық «Сенім кеңесі» ел ішіндегі көптеген қордаланған мәселелердің мән-мазмұнын айқындап, шешілу жолдарын табуда табандылықпен іске кірісті. Елдік міндеттердің биік мінберде жан-жақты талқылануына жағдай қалыптастырумен аталмыш Кеңеспен жергілікті жерде аттас, мұраттас тағы бір тегеурінді қанат бар. Ол – Қоғамдық кеңестер.


Соңғы кездері қоғамдық кеңестің атқаратын қызметі пәрменді бола түскеніне оның әр отырысының қызу талқыға құрылып, атқарушы билік назарына көптеген маңызды мәселелерді ұсынуымен ерекшеленіп жүр.
Биыл құрамы қайта жасақталған аудандық кеңес құрамында қызмет атқарған, ел экономикасы мен әлеуетін жақсы білетін көзіқарақты тұлғалардың болуы күнделікті өмірде де көзден тыс, көңілден қағажу қалып келе жатқан, бірақ елдік мүдде тұрғысынан келгенде ескермеске болмайтын міндеттердің күн тәртібіне кезең-кезеңімен ендірілуіне ықпал етуде.
Жұма күні өткен қоғамдық кеңес отырысында Жаңақорған ауданы мәслихатының хатшысы Ерғали Ильясовтың 2019 жылғы атқарылған жұмыстары жайлы есебі тыңдалды.
Аудандық мәслихат аппаратында қызметтік құжаттардың қаралуы мен өтуі, ақпарат алмасулар тиісті заң талабына сәйкес жүзеге асырылады. Есепті мерзім ішінде аудандық мәслихатқа барлығы 363 құжат кірістеліп, 331 құжат шығысталды.
Аталған мерзім ішінде аудандық мәслихатқа жеке азаматтардан бірқатар арыз бен өтініштер түсті. Арыз, өтініш иелерінің талап-тілектері «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңына сәйкес орындаушы органдарға немесе арыз, өтініште көрсетілген мәселелерді шешу құзыретіне кіретін субъектіге немесе лауазымды тұлғаға жолданып, жауабының тиісті мерзімде қайтарылуы бақылауға алынды, – деді баяндамашы.
Қоғамдық кеңестің 2019 жылға атқарылған жұмыстары туралы кеңес төрағасы Ақылбек Жәнібеков хабарлама жасады.
Алдымен аудандық мәслихат хатшысының бір жылдық есебін тыңдаған кеңес мүшелері бұған дейін алдарына келген экономика және жоспарлау, жер қатынастары, әлеуметтік сала, жеке тұлғалар арызы бойынша бірнеше мәселелерді талдап-таразылап, ішінара өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенін, әсіресе мемлекет қаражатын аудан халқының игілігіне бұруда барынша сергек, талапшыл көзқарас қажеттілігін ескерді. Түрлі салалар бойынша бөлімдерде игерілмей қалған қаржыны мақсатты бағытқа бұруда депутаттардың түйткілді мәселелерге тереңдеп енбегенінен есіл қаржы зерттеп-зерделенбей көлеңкелі бағытқа жіберіліп жататынына қынжылысын білдірді. Мәселен, Еңбек ауылындағы қалып кеткен екі көшенің ауыз суы жобасына бөлінген 45 млн теңгенің сұрауы жоқ па, сол сияқты кент ішіі маршрут көлігіне бөлінген 19 млн теңге қаржының графигі қайда, олар соны ақтай ала ма, деген сауалдары көкейге қонды.
Елдегі өтіп жатқан ірі мәдени шаралардың жай-күйінен халық қалаулылары хабарсыз болмауы керек. Өйткені елдің мәртебесі мәдениетінен танылады. Осы орайда жақында республикалық деңгейде өткен Бексұлтан Байкенжеевтің 70 жылдық мерейтойына аудан бюджетінен 1 млн теңгенің ғана бөлінуі елдігімізге сын болды деген орынды реніштерін де жеткізді. Ел ішінде композитордың жақын-жуық, дос жараны арасында демеушілер табылмағанда өнер кешіне арнайы келіп, жиынның мән-маңызына қалтқысыз қызмет жасаған мәртебелі меймандарымызға лайықты сый-құрмет көрсетуге қысқа жіп күрмеуге келмеген келеңсіздіктің орын ала жаздағанын алдыға тартты.
Ел ішінде көтерілуіге тиіс, заңдылық тұрғысынан міндетті болғанымен қадағалаусыз әркімнің қалтасына кетіп жатқан табыс көздеріне талапшылдықтың қажет екені де сөз болды. Мәселен, СКЗ-U күкірт қышқылы зауыты іске қосылғанда жергілікті халықты тегін электр энергиясымен қамту, жылыжайларды көмекке алу, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесіне уәде етілген. Қазірде зауыт тарапынан бөлінген электр энергиясын КРЭК-тің арзанға сатып алып, халыққа еселеп қымбаттатып сатып отырғаны рас па, мұны мен жергілікті билік неге айналыспайды? Электр энергиясын тағы қымбаттатуға қадам жасалды. Ол қандай заңдық негізге сүйеніп отыр? Осы сауалдар төңірегінде тиісті тараптар жұмыс жасап, халыққа жауабын берсе. Қоғамдық кеңестің бүгінгі көтерген тақырыбы осы мәселелерге арналды.
Келесі кезекте Кеңес мүшелері алдында жақында құрылған Алқа билер Кеңесі төрағасы және мүшелеріне арнайы куәліктері табыс етілді.
Алқа билер деп қоғамдағы кез-келген мәселеде алдына келгенге кесімді билігін айтып, адаспас жол сілтер ақыл-өсиетімен, парасат пен пайымға негізделген өмір тәжірибесінен түйген мол тағылымымен көпті тыңдата білетін, аузы дуалы, сөзі уәлі беделді тұлғалардан тұратын зиялы топты айтамыз. Осы тұрғыдан келгенде ел басшылығының ұсынысымен дүниеге келген халықтық үрдісіміздің үлгісі ретіндегі аудандық Алқа билер төрағалығына көп жылдар сот төрелігінде қажырлы қызмет атқарған апамыз Кенжегүл Көпесова тағайындалды. Ал оның мүшелері болып аудан әкімі кеңесшісі Серқожа Ыдырысов, байырғы ұстаз Серік Мұсабаев, ел ардақтысы Әзия Қыстаубаева, медиатор әрі қаламгер Анарбай Баймұратовтар бекітілді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
29 қаңтар 2020 ж. 512 0