№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қоғамдық кеңес қанша мәселенің шешімін тапты?

Қоғамдық кеңес қанша мәселенің шешімін тапты?


Мерейлі дамуымызды көздейтін мемлекеттік бағдарламалар біртұтас механизмге айналып, елдік мүддеге қызмет ету үшін халықтың өзі-өзі басқаруына негізделген, әлеуметтік экономикалық даму тетіктерін тиімді іске асыруға айрықша ықыласты, қоғамдағы орны салмақты, көзі қарақты белсенді тұлғалардың алқалы топ құрып, тағдырлы мәселелерді талқылап, таразылап отыруы тарихтан бар. «Күлтөбенің басында күнде жиын» өткізген өткеннің өнегесі де еріккеннің ермегі емес, төрт көз түгел жиылып, қабырғамен кеңесу, озық жұртпен теңесудің қам-қарекеті, әдіс-амалы емес пе еді? Бұл үрдіс бүгін де биігінен түскен жоқ. Өйткені мәмілелі ел бола білу де – мерей.
Елімізде қоғамдық Кеңестер қайта қалыптасып, тірлігінің жандана түсуі соның дәлелі. 2015 жылдың желтоқсанынан ресми жарғысын бекітіп жұмыс жоспарын түзіп, жанды іске кіріскен Қоғамдық кеңестің жергілікті жердегі тыныс-тіршілігімен тереңірек танысу үшін Жаңақорған аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Ақылбек Жәнібековпен әңгімелескен едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


– Алдымен қоғамдық Кеңес жұмысының міндет-мазмұны және өкілеттілігі туралы айтып өтсеңіз?
– Азаматтық қоғамның міндеті республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау және қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады. Өкілеттіліктеріне келсек, бюджет орындалуын қадағалауға, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын талқылауға қатыса алады. Бұл бұқара халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасай отырып, олардың мүдделерін, арман-тілегін жоғары жақтың алдына қойып, неғұрлым елге тиімді, экономикаға қонымды, ел ынтымағына қолайлы климат қалыптастыра білгенде ғана кеңес жұмысын келісті дамуымыздың келелі механизмі ретінде қарастыруға болады.
– Кеңес мемлекеттік бағдар­ламалардың бағытына, қабылданған заңдық актілердің тиімді іске асуына, халыққа ыңғайлы жағдайдың қалыптасуына қалай ықпал етуі мүмкін?
– Қадағалау арқылы қоғамда қандай да бір үйлесім мен сәйкестіктер орын алғанда осыны жүйелі тәртіпке түсіру жолдары жөнінде бұқараның пікірімен санаса отырып сапалы шешімдер қабылдауға құқылы. Айталық, соңғы кезде аймағымызда қабылданған уақыт белдеуі нақ осындай қоғамдық өкілетті орындардың араласып, жан-жақты зерттеп, зерделеп, мониторинг жасау арқылы қол жеткізген жетістігі деуге болады. Қоғам белсенділері осы мәселені көтеріп, мектеп оқушыларының денсаулығына, сабақ кестесіне әсерін, басқа да критерийлерді анықтап, Үкімет басшысына хат жазу арқылы осы мәселенің тыңғылықты шешілуіне шынайы үлес қоса білді.
Қоғамдық Кеңестің беделін жергілікті жерде мәслихат депутаттарынан да ауқымды ететін мәселе, ел қалаулылары өздерінің аумағына қарасты мәселелерге ғана жұмыс жүргізсе, кеңес мүшелері ел мүддесіне сәйкес келелі міндеттерді жан-жақты талқылап, ұсыныс бере алады.
– Биыл наурыз айында жаңа құрамда жасақталған кеңес мүшелерінің алдағы жоспары қандай?
– Бүгінгі күнге дейін 4 мәрте аудандық кеңестің отырысы өтіп, онда 12 мәселе қаралды. Кеңес құрамында негізінен ауданға еңбегі сіңген ардагерлер және жастар өкілдерінен 14 мүшеміз бар. Кеңес құрамын экономика және бюджет, әлеуметтік саясат және қоғамдық қатынастар, аграрлық саясат, азаматтардың жеке басы құқықтарын қорғау тармақтары бойынша топқа бөліп, осы салаларға тереңдеп еніп, тыңғылықты жұмыс жүргізу міндеті нақтыланды.
– Кеңестің ел өміріне ықпал ете аларлықтай мәртебесі жөнінде не айтасыз? Оның құрамына кіру құзыретіне кімдер ие бола алады?
– Аймақ даму жоспарының айқын бағыты болып табылатын ауданның әлеуметтік-экономикалық жобасы Кеңес тыңдауынан өтіп, қазына қаржысын мейлінше тиімді жұмсаудың жолдары таразыланып отырады. Сол сияқты халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер – білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарынан бөлек мемлекетпен әріптестік негізде жұмыс жасайтын жеке балабақшаларда орын алып жатқан өрескел кемшіліктер жөнінде хабардар болған жағдайда осы орын алған жағдайларды зерттеп-зерделеп, тәртіпке келтіру бағытында тиісті басшылықтарына ұсыныс беруге құқымыз бар. Бұлай болғанда Кеңес жазғыру, жазалау органы емес, қоғамдық пікір негізінде заң бұзушылықтар байқалған ұжым-мекемелерде әлеуметтік әділеттілік принципіне негізделген заңдық құқының сақталуына қол жеткізуді көздейді. Қызметтік әдеп пен этика нормалары аясында жалпыға ортақ жарасымды ахуалдың жан-жақты орнығуына байыпты бағдарды басшылыққа алады.
Кеңес құрамына сайлануға түрлі қызмет сатыларынан өткен тәжірибелі тұлғалар, бүгін де жауапты салаларда өзіндік пікір, айқын көзқарасымен танылып келе жатқан қоғамға жаны ашитын, көптің мүддесіне келгенде көкірегі ашық, теріс көріністерді көңілмен сезіп, тезге салуда танымы да, талапшылдығы да мығым беделді азаматтардың барлығының атсалысуына мүмкіндік бар. Әзірге құрамдағы 14 кісіден бөлек резерв топ жасақталған, кез-келген уақытта белгілі бір себептермен қоғамдық кеңестен қол үзген мүшесінің орны осы тізіммен толтырылады.
– Бұқараның мәдени өмірінде маңызы бар жобаларға жанашырлық жөнінде не айтасыз?
– Әр отбасының қызықшылығына орай көпшілік жиі бас қосатын той мәселесін бір ізге келтіру, уақытын тәртіптеуге ден қойып отырмыз. Мейрамханаларда саулық пен саламаттыққа қауіпсіздік мәселесінде көңілден тыс қалған жағдайлар көп. Қызмет көрсетушілердің жеке басы санитарлық құжаты, кәсіпкерлердің жұмысты ұйымдастыруы, еңбекке ақы төлеу мәселесі, барлығын жіті назарда ұстап, қалың көпшілік құқының аяққа тапталмауына талап төмендемеуі тиіс.
Жалпы, Кеңес жергілікті басқару органының бір қанатында адамгершілік пен ізгілік қағидаларды басшылыққа ала отырып, барынша бұқарамен тығыз байланыста жұмыс жасай алғанда беделі бекем, мәртебесі биік болады деп есептеймін.
Сала ардагерлері, кәсіби мамандар, белсенді азаматтардан сараланған Қоғамдық Кеңестің билік пен халық арасында мызғымас тетікті мығым ұстап, ел мүддесіне екпін түсіруде еңбегі ерен. Бұл тұрғыдан келгенде бұрын-соңды қоғамға еңбегі сіңген, ары да, қолы да таза азаматтардың өзі де, сөзі де өтімді және осындай елжанды тұлғалар жарқын дамуымызға тірек бола алатынымен көңілге дем береді.
– Әңгімеңізге рақмет. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіздің баянды болуына тілектеспіз.

Баян ҮСЕЙІНОВА
06 қараша 2019 ж. 3 288 0