№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тәжірибе алмасу біліктілікті шыңдайды

Тәжірибе алмасу біліктілікті шыңдайды


Жайылманың қарбызы Сыр өңірінің бренд өніміне айналды. Ресей Федерациясы мен Қазақстанның солтүстік өңірлеріне тіл үйірген бал-дәмімен мәшһүр. Тіпті Түркістан аймағының диқандары өздерінің бақша дақылын «Жайылманың қарбызы» деп нарыққа шығарғанына талай рет куә болдық. Қарбыз кластерін дамытудың сыры неде? Бренд өніміне қалай айналды? Оны нарыққа ерте шығарудың жолы қандай? Бұл сұрақтарға «Бақша дақылын ерте мерзімде егу тәсілі» атты семинар-тренингте қанық болдық.


Қытай жібегінің өндіру сыры ашылғаннан кейін бірге Еуразия даласының шығысы мен батысын жалғаған Ұлы Жібек жолы тоқтағаны мәлім. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы ұлы керуеннің заңды жалғасы, жаңғырған түрі. Енді жабық болатын заман емес. Қайта тәжірибемен бөлісіп, өнімнің танымалдылығын арттыру маңызды. Жайылманың диқандарының қарекетінен осыны түсіндік. Олар көпшілікке дәмді қарбызды ерте нарыққа шығарудың жолын теориялық һәм тәжірибелік тұрғыда көрсетті.
Семинарға облыстық кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Пірмұхамед Сыздықов, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев, кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған ауданындағы филиа­лының директоры Рысбай Нысанханов арнайы қатысты. Сондай-ақ, шаруа қожалық басшылары мен И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжінің ұстаздары мен студенттері келді.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің құқығын қорғап, кәсіпкерлердің ісі өрге жүзуіне жауапты маман Пірмұхамед Айтбайұлы:
– Әлемде органикалық өнімге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Әсіресе Еуропа елдері экологиялық таза азық-түлікті әлдеқайда жоғары бағаға сатып алуға дайын. Осы нарықты игеруге күш салу керек. Қызылорда облысында аграрлық саланының басым бағыты суды аз қажет ететін дақылдар мен көкеніс түрлеріне бағытталуда. Оның ішінде, шағын өңдеу цехтарын іске қосып, еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін арттыруға күш салған абзал. Біз бұл бағыттағы инновациялық бастамаларды қолдауға дайындыз. Жайылма ауылындағы қарбыз шырынын дайындау цехын сондай жобаға жатқызар едім, – деді.
Келесі кезекте Жайылма ауылдық округінің әкімі Талғат Зейдалиев қарбыз кластерінің қалыптасу кезеңдеріне және брендтік өнімге айналуының сырына тоқталды.
1984 жылы Қаратау етегінен сыйымдылығы 9 миллион текше метрді құрайтын «Жиделі» су қоймасы және 21 шақырым лоток құрылысы басталды. Көктемде қарқынды су жинап, күзге дейін егінге қажетті аяқ су қолжетімді болды. 1987 жылы жайылмалықтар тоғандағы суды 10-15 гектар қауын-қарбыз егуге пайдалануды игерді. Сол кезден өнімді Ресейдің қалаларына өткізу жолға қойылды. Әсіресе Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары пиязбен қатар қарбызды егу дәстүрі қалыптасты. Ол кезде пияздың келісі 10 теңге болса, қарбыздың келісі 3 теңгеден сатылды. Мұны қарбыз кластерінің қалыптасуының бірінші кезеңіне жатқызуға болады.
Екінші кезең, 1993-1998 жылдарды жатқызу керек. Алғашында 1 гектар жерге сәбіз, картоп, пияз, қызанақ, қарбыз, қауын егіліп, рентабелділік (өнімнің табыстылық дәрежесін) деңгейі салыстырылды. Нәтижесінде қарбыздан түсетін табыс барлық шығында жабатыны анықталды. Бұл ауыл тұрғындарының әлеуметтік әлеуеті көтерілуіне оң әсерін тигізді.
Үшінші кезең, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жол іздеген 1998-2016 жылдармен байланыстыруға болады. Түркістан өңірі ерте нарыққа шығарып, қарбыз бағасының құлауына әкеп соқтырды. Осының алдын алу үшін ауыл диқандары пленка асты егу тәсілін қолға алды. Сөйтіп ауыл дихандары мол табысқа кенеле бастады. Осы кезеңнен бастап ауылдың әлеуметтік жағдайы қарбыз дақылынан түскен пайдамен көтеріле бастады. Табысқа кеңелген шаруа қожалықтар 200 гектар бақша дақылын 400 гектарға ұлғайтты. Елдің солтүстік өңірлері мен Ресейден келетін кәсіпкерлер Жайылманың қарбызының тәттілігі мен сапалығына байланысты жаппай алуға көшті.
Төртінші кезеңде қарбызды ерте пісімге іліндіруді жолға қойды. Яғни дақылды дағдыланған уақыттан 10-15 күн ерте нарыққа шығарып, оңтүстік өңірлермен баға бәсекесіне қабілетті болуға көшті. Бұл – пленка астына көшеттен отырғызу тәсілін меңгеру арқылы жүргізілді.
Қарбыз кластерін дамытудың бесінші кезеңіне аяқ басуға ізденістер жасауда. Былтыр қарбыз сусынын неміс технологиясымен өндіретін «KazExpertTrade» ЖШС мамандары Жайылма ауылына арнайы келіп, шаруақожалық төрағаларымен кездескен еді. Герма­ниядан келген инвестор Иохан Марс жаңашыл жобаның жай-жапсарын түсіндіріп, шырын шығаруға қандай қарбыз жарайтынын және қарбыз сусының сақтайтын қойма мәселесі шешілсе шағын цехты іске қосуға болатынын жеткізді. Биыл инвестордың талап-өтініші бойынша жұмыстар жүргізіліп, Жаңақорған кентінің аумағында қойма және шағын зауыттың орны шешілгелі тұр. Егер жоба сәтті жүзеге асса қарбызды қалдықсыз әрі шығынсыз өндеудің мәселесі түйінін табады.
Енді Жайылманың қарбызы дәмді болуының сырына тоқтала кетсек. Қарбыз егетін жер ауысып отырады. Яғни, жылда жусандықты ашып, қорамен қоршалап, су жеткізіп, жерді өндеп, дақыл дәні жерге тасталады. Ол жерге жусандық қайта шыққаннан кейін оралады. Бұған 10 жылдай уақыт кетеді. Бұл – өзгермейтін қағида. Себебі жусан жерді минералды қорек заттарымен байытып, тыңайтады. Екіншіден, қарбыз таудың өзенінен келетін таза судан нәр алады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы Жаңақорған ауданындағы филиалының директоры Рысбай Нысанханов сөз алып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті және кәсібін кеңейтетін азаматтарға пайдалы сервистік қызмет көрсетуге, бизнес жоспар дайындауға мүмкіндік барын айтты.
«7 kz» Сыр табиғаты» ЖШС төрағасы Амантай Сарбасов көшет отырғызу және ағашты күтіп-баптау жөніндегі тәжірибесімен бөлісіп, тұқым бағында өсірілетін ағаштар Қазақстанның кез-келген жеріне өсіруге бейім екенін түсіндірді.
Одан кейін диқандар қарбызды көшеттеп отырғызу технологиясымен бөлісті. Біз «Аршын» шаруа қожалығының диқаны Самат Дүйсенбаевтың жылыжайына бас сұқтық. Ол 4×10 диаметр құрайтын жылыжай кешенінде 9-10 мың дана көшет отырғызу ісін бастаған. Мұнда дайындалған өскін 1 гектар жерге жетеді екен.
– Наурыз айының бірінші онкүндігінде 100-110 шаршы метр көлеміндегі жылыжай дайындаймыз. Айдың екінші онкүндігінде тың топырақ әкелініп, 9-10 мың дана құтыны топырақ толтырып, ішіне қатарластырып қойып шығамыз. Құтыдағы топырақ қызғаннан кейін қарбыз тұқымын тастаймыз. Наурыз айының үшінші онкүндігінде құтылардан екі құлақ болып шыққан қарбыз өскіні күтімге алынып, арамшөптерден тазартылып, арнайы сусепкішпен суарамыз. Жылыжайларда үш-төрт құлақ болып өскен қарбыз көшеттерін сәуірдің алғашқы онкүндігінде пленка төселіп дайын тұрған егістік алқаптарына орналастыру, егу жұмыстарын жүргіземіз. Осы тәсілді қолдану арқылы қарбызды ерте шығарып, Жетісай, Шардара жақтағы диқандармен бәсекелесіп, ұтымды бағаға өткізуге мүмкіндік туады, – деді диқан Ержан Жомашов.
2019 жылы 15 кәсіпкер 5,5 миллион теңге көлеміндегі грантты жеңіп алып, қарбыз дақылын жылыжайларда көшеттеп егу тәсілі бойынша кәсіпкерлікке бейімделіп, 42 адам шаруа қожалықтарында тұрақты жұмыспен қамтылды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
14 наурыз 2020 ж. 595 0