№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қашықтан оқы, студент!

Қашықтан оқы, студент!


Ел бойынша жалпы саны 128 жоғары мектеп пен 700-ден астам арнайы мектеп (колледж) бар. Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты 16 наурыздан бастап барлық оқу орны қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Бүгінде жаңақорғандық мыңдаған студенттер осы оқу жүйесімен білім алуда. Тәлімгерлеріміз бұл өзгерісті қалай қабылдады? Бұл үрдістің артықшылығы мен кемшілігі қандай? Осы сынды сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Елге наурыздың бел ортасында келген коронавирусты күтпеген ше­шімдер қабылдауға әсер етті. Мегаполистер мен облыс орталықтары карантинге жабылып, жұмыс орын­дары тоқтады. Белгіленген іс-шара­лар кейінге шегерілді. Әрине мұның бәрі халық саулығы үшін жасал­ған қадамдар. Алайда білім алу үрдісі қандай жағдай болмасын тоқтамауы тиіс. Қашықтан оқытуға шалғайдағы шағын елді мекендер дайын болмай шыққанын білеміз. Өйткені интернет жылдамдығы бәсең немесе мүлде қосылмаған ауылдарда бар.
Қашықтан оқыту жүйесі мәж­бүрліктен енгізілді десек артық айтпаймыз. Әлеуметтік желі­де қыр басында сандалып жүрген тәлім­герлердің түрлі бейне жаз­ба­ларын көз көрді. Аудан орта­лықтарында болмаса да шеткі ауылдарда жағдай солай. Аудандағы жалғыз орта білім беретін колледж студенттерінің жайын білмекке Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі директорының орынбасары Талғат Шарапты сөзге тарттық.
– Әлем елдерін сарсаңға салған індеттің кесірі бізді де айналып өтпе­ді. Елдің саулығы үшін Мемлекет басшысының дер кезінде қабылдаған шешімі оң әсер беруде. Әсіресе қашық­тықтан оқыту жүйесінің  тиімділігі жоғары. Қашықтан оқыту біздің оқу орны үшін көп қиындық тудырған жоқ. Өйткені оқу жылының басынан College SmartNation платформасы білім беру бағдарламасына енгізілген. Қазіргі уақытта колледж бойынша 558 студент болса, соның 300-ден астамы осы портал арқылы қашықтықтан білім алуда. Қалғаны іс-тәжірибесінде. Тұрмыстық жағдайы төмен 11 отба­сы балалары компьтермен қамтылды. Яғни колледж базасындағы техно­логиялар уақытша пайдалануға берілді. Сабақ барысына күнделікті мони­торинг жасалады. Студенттердің үлгерімі мен қатысуы қадағаланады. Ата-анамен байланыста жолға қойылды. Қашықтан оқыту шал­ғайдағы ауылдық округтерде тұратын студенттер үшін қиындық жоқ емес, – деді ол.
Білім беру ұлт болашағы үшін маңызды екені белгілі. Сондықтанда қай ел, қандай ұлт болмасын білім беру саласына артылар жүк үлкен. Дәл қазіргі жағдайда енгізілген жаңашылдықтарды баланың қабыл­дауы қиындық тудыруда. Деген­мен технология күн санап дамыған кезеңде ерте ме, кеш пе қашықтан оқытуға көшу заман талабы. Озық технологияны пайдалану дамыған елдерде әлдеқашан бірізділікке түскен. Ал біздің ел үшін бұл өзгеріс жаңа бір белесті бағындырғанмен тең болып тұр.
Әне-міне дегенше қашықтықтан оқытудың жүріп жатқанына бір айдан асты. Жастар да жүйеге дағдыланды. Осындай студент жастың бірі Ақжібек Серікқызы. Ол Түркістан көпсалалы жоғарғы медицина колледжінің 1-курс тәлімгері.
– Елде індет таралып, қауіп төнген уақытта қашықтан оқу өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Әрине колледжде оқу мен қашықтан дәріс алу екі түрлі нәрсе. Алғашқы аптада қиындықтар орын алды. Қашықтан оқытуға көшкен сәтте оқытушылар «Platonus College» жүйесінде оқуды түсіндірді. Оған бейімделу үшін біраз уақыт кетті. Біріншіден бұл интернет жылдамдығына тіреледі. Топтағы студенттер әр өлкеден кейбіреуінде желі жұмыс жасамайды. Оқытушы алдымен Whatsapp-тан студенттерді түгелдеп, одан кейін аталған жүйеде сабақ басталады. Platonus жүйесінің басты бетіне оқытушы тапсырмалар салады. Оны салған мерзімі көрсетіліп тұрады. Осы берілген уақытта тапсырманы орындау қажет. Бір тиімді тұсы кез-келген уақытта берілген тапсырманы орындап, кері байланысқа шыға аламыз. Аудан орталығында тұрғандықтан мен үшін қиындық жоқ, – дейді тәлімгер жас.
Шымкент қаласындағы Аймақ­тық әлеуметтік инновациялық универ­ситетінің 3-курс студенті Нұршат Боранбай да қашықтан оқуын жалғастыруда.
– Карантинге байланысты бір айдан асты үйде отырып, қашықтан оқимыз. Zoom қолданбасымен сабақ өтеміз. Оқытушылармен Telegram, Whatsapp арқылы байланыс орна­тамыз. Интернетті пайдалану жолын жетік меңгерсең қашықтан оқу­дың қиындығы жоқ. Барлық мәсе­ле интернет жылдамдығында, бұл менде ғана емес. Қазіргі уақытта елдің барлық аймағындағы жағдай. Бұған да үйрендік. Десе де ыңғайсыз тұстары да бар. Үйден оқығанда сабақ болып жатқанын сезінбейсің, ойың бөлініп кетеді. Шыны керек, мұғалім сабақ түсіндіргенде ескертпесе қай күн екенін ұмытып қаламын, – деді әзіл-шынын араластыра.
Облыс орталығындағы Болашақ жоғары медицина колледжі қашық­тықтан оқытуды Smartnation.kz плат­формасында жүйелеген. Ол жайлы колледж тәлімгері сөз етті.
– Мен оқитын колледж карантинге дейін бұл оқу түріне дайындықты бастаған. Сол себепті де ешқандай қиындық бола қойған жоқ. Оқытушы тапсырмаларды салады. Әрине уақы­тында кері байланыс жасау тиімді. Мүмкіндік болмағанда 2-3 күн ішінде орындауға рұқсат – дейді колледждің 2-курс студенті Дильназ Рахман.
Қорыта айтқанда, қашықтан оқу студент жастарға аса бір проблема емес екендігіне көзіміз жетті. Олар заманауи технологияны, интернетті пайдалануды жетік меңгерген. Мұндағы бар қиындық интернет жылдамдығы нашар ауылдарда тұратын жастарға түсуде. Бірі қыр жағалап, бірі туған-туыс аралап интернет іздеп індетті ұмытып та кеткендей. Олай болса, карантин ашылғаннан кейін ең бірінші қолға алатын іс – елді мекендерді интернетпен қамту.

Майра ӘБДУӘЛІ
26 сәуір 2020 ж. 851 0