№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңа режимде жұмыс істеу ұстаздарға да, оқушыларға да оңай емес – министр

Жаңа режимде жұмыс істеу ұстаздарға да, оқушыларға да оңай емес – министр

 Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов форс-мажорлық жағдайда білім беру саласында болып жатқан процестер туралы айтты. 

Жаңа режимде жұмыс істеу ұстаздарға да, оқушыларға да оңай емес – министр
Министр соңғы уақытта мектептерде оқу процесі қалай ұйымдастырылатыны туралы көптеген сұрақтар келіп жатқанын айтады. Өйткені төртінші тоқсанның басталуына небәрі он күн қалды.
Форс-мажорлық жағдайда білім беру саласында болып жатқан процестер бізге тек пайдасын тигізеді деп сендіргім келеді. Біз сыни пікірлерді естіп те, көріп те отырмыз. Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн. Өкінішке қарай, басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмауы тиіс, - дейді министр. Біз осындай жағдайға тап болған басқа елдердің тәжірибесін алдын ала зерделедік. Іс жүзінде олардың барлығы қашықтан оқу режиміне көшкен: бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда. Барлық мүмкіндіктерді, аспектілер мен тәуекелдерді жан-жақты ой елегінен өткізе отырып, біз де уақытша қашықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылдадық, - дейді министр.
Асхат Аймағамбетов осындай жағдайға тап болған басқа елдердің де қашықтан оқыту режиміне көшкенін айтты.  Бұл жағдайда қандай шаралар қабылданып, мұның барлығы қалай жүзеге асырылатынын дай айтып өтті. 
Біріншіден. Теледидар арқылы сабақ өткізу. Бұл - тіптен жаңа формат. "Балапан" және "Ел Арна" телеарналары бізге өздерінің эфирлік уақытын ұсынды. Түсірілім жұмыстары басталып кетті. Негізгі пәндер бойынша 2000-нан астам бейнесабақ түсіру қажет. Мен кеше түсірілім жұмыстары жүргізіліп жатқан студияда болдым. Сценарий жазушылардан, режиссерлер мен педагогтерден тұратын жұмыс тобы әрбір шығарылымды мұқият пысықтауда. Біздің ұстаздар тележүргізуші ретіндегі мүлдем жаңа рөлді меңгеруде. Бейнесабақтар қазақ және орыс тілдерінде жазылуда. Бұл оңай іс емес екенін бірден айтқым келеді. Екіншіден. Арнайы мамандандырылған интернет-платформалары арқылы өткізілетін сабақтар. Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды геймификациялауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл формат тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік жасайды. Бұрын мұндай компаниялардың білім беру контентіне қол жеткізу ақылы болса, осы кезеңде біздің балалар барлық керек ақпаратты және платформаларды тегін пайдалана алады. Тиісті келісімге қол жеткіздік. Сондай-ақ, біз интернет-провайдерлерімен осы ресурстарды пайдаланған кезде трафик есептелмейтіндей келісім орнаттық, - деді ол. 
Бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда бір компьютер мен бір смартфонды пайдалану ыңғайсыз болуы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы да мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ.
Біз қашықтан оқыту жүйесін ұстанған кезде басқа дамыған елдерде де орын алып жатқан кейбір қиындықтар туындауы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселелер қазір ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір өңірлер бұл жұмысты бастап кетті. Эпидемиологиялық ахуалға қарай, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде (80-ге жуық бала оқитын) оқытуды дәстүрлі форматта жалғастыру мүмкіндігін қарастырудамыз, тағы бір мәрте атап айтамын – тек қарастырудамыз. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, бұл мәселе каникул аяқталғанша шешіледі. Ал әзірше олар да қашықтан оқытуға белсенді дайындалуда, - деді министр.
Төтенше жағдай кезінде жұмыс істеу бұл отандық білім беру жүйесі үшін үлкен сын екенін айтты. 
Жаңа режимде жұмыс істеу педагогтер үшін де, балалар үшін де оңай шаруа емес, біраз күш-қуатты талап ететінін баса айтқым келеді. Бұл – отандық білім беру жүйесі үшін үлкен сын екені рас. Біз бастапқы кезеңде оқушылардың ата-аналары тарапынан да, педагогтер тарапынан да көп сын айтылатынына дайынбыз және әрқашан ашық диалогқа шақырамыз. Ата-аналар, педагогтер мен оқушылар арасындағы пікірталасты мұқият қадағалап отырамыз және қашықтан оқытудың қол жетімділігін арттыратын тиімді шараларды қабылдауға дайынбыз. Қандай да бір проблема туындаса, Сіз әрқашан Білім және ғылым министрлігіне хабарласа аласыз. Біз проблемаңызды шешуге көмектесуге тырысамыз. Бұл ретте ұлағатты ұстаздарымызға алғысымды білдіргім келеді! Қиын кезеңге қарамастан, көптеген мұғалімдер жағдайға бейімделіп, өз міндетін лайықты атқаруды жалғастыруда. Еліміз мұндай кәсіби деңгейдегі мамандарымен мақтана алады. Мен бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы кезеңді абыроймен еңсере алатынымызға шын жүректен сенемін, - деді ол.


Фото: дереккөз

28 наурыз 2020 ж. 1 014 0