» » Жер кезегінің жайы қалай?

Жер кезегінің жайы қалай?


Қазақстан жер көлемі жөнінен жаһанда алғашқы ондыққа кіреді. Бірақ тұрғын үй кезегінде 1 миллион 300 мыңнан астам адам тұр. Жаңақорған кентіндегі кезекке тұрғандардың саны ұзын-ақ. Жер кезегі неліктен жылжымай тұр? Биыл Жаңақорғанда кімдер жер ала алады? Кезекті қалай бақылауға болады? Осы сұрақтар төңірегінде тиісті мамандардың пікірін білген едік.


Қазақстан Республикасының «Жер кодексі» заңнамасында «Қазақстан азаматы тұрғын үй салу мақсатында 0,10 гектар жерді тегін алуға құқы бар» делінген. Яғни, бір рет тегін жер телімін иеленуге құқылы. Ол үшін әкімдікке келіп, өтініш жазып, жер кезегіне тіркелуі тиіс. Ал тіркелгендер өз кезегі жөнінде әкімдікке келіп немесе интернеттегі сайтынан білуге болады.
Осындай заңдылықпен 2020 жыл­дың 10 наурызына дейін 6691 жаңақорғандық жер кезегіне тіркелді. Біз алдымен жерлестердің талап-тілегін білуге ниет таныттық. 2015 жылы сәуір айында Азамат Еркінұлы жер кезегіне тіркеліпті. Бес жылдан бері кезектің келетін түрі жоқ: – Бұл өзі жылжитын кезек пе? Әкімдікке барып, айта-айта қойдық. Көп әкім ауысты, бәрінің жауабы бір – «кезек күт» деп шығарып салады, – дейді ол.
Кент тұрғыны Маржан Бақыт: «Жер кезегі баяу жылжуда. Төрт жыл бұрын тіркелдік. Содан бері 30 адам тиісті жерін алды. Менің алдымда шамамен 3526 адам бар», – деді.
Тіркелгендеріне бақандай бес жыл озған жерлестер жер кезегінің жылжитынына сенімі сөне бастағанын жасырмады. Мұның жай-жапсарын басшылардан білдік. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Қарақожаев:
– Әрине, кентте жер кезегі 2008 жылдан бері баяу жылжып келеді. Тіркелушілер саны тым көптігіне орай, жер үлестіру жұмысы баяу жүріп жатқаны рас, – деді.
Басшы жер кезегі өзекті мәселе екенін жасырмады. Халықтың талап-тілегінен де құлақдар. Әйтсе де, бұл мәселені шешу оңай шаруа еместігін алға тартты.
Бүгінде арендалы жерлердің игерілмей тұрғанын анықтап, әкімдіктің меншігіне қайта алып, кезектегі тұрғындарға үлестіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жылына 15-20 адамға ғана қуаныш сыйлайды. Өткен жылы 2014 жылы қыркүйек айында жер кезегіне тіркелген 18 азамат жерге ие болды. Солардың қатарындағы Қалберген Тойшыбай:
– Бізге кенттің Ипподром аймағынан жер берілді. Газы, жарығы және жолы бар. Жан-жағымызда үйлер салынған. Мал ұстауға да, бақ өсіруге де өте ыңғайлы. Күн жыли үйді тұрғызуға көшеміз. Қуаныштымызда шек жоқ», – деді .
Биыл жер қалай беріледі? Бұл сауалға Нұржан Шазиндаұлы былай жауап берді: «2017 жылдың наурыз айына дейін берілген жер телімдеріне зерттеу-зерделеу жұмысы жүргізілді. Бақылауда 16 учаскесі бар. Егер жерді арендаға алған адамдар үй салуға құлықсыз болса, кері қайтару жұмыстарын жүргізіп, кезектегі азаматтарға беріледі».
Расында кәсіпкерлік және тұрғын үй салу мақсатында берілген жерлерді кәдеге асырмай отырғандар бар. Егер үш немесе одан көп жылдан бері құрылыс жұмысы жасалмаса, жерді мемлекеттің меншігіне алынады екен.
Бір анығы 2014 жылы қазан айында тіркелген 16 адамға тұрғын үй салуға жер берілді. Ал Жаңақорған кентінің бас жоспарына кірген, бірақ игерілмеген аймақтарға алдымен инфрақұрылымды шешу керек. Оған қомақты қаржы кететіні анық.

Мақпал МАРҚАБАЙ

18 наурыз 2020 ж. 1 652 0