№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАЙЫЛМАНЫҢ ҚАРБЫЗЫ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

ЖАЙЫЛМАНЫҢ ҚАРБЫЗЫ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ


«Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын». Бұл – Тұңғыш Президент пәрмені. Елбасы Жолдауындағы он басымдықтың бірі – экспорт әлеуетін арттыру.



Апта ағымында Жаңақорған ауданының брендіне айналған жайылмалық қарбыздар шетел асты. Нақтырағы Ресей Федерациясының Қорған облы­сына жол тартты. Ресей нарқында жоғары сұранысқа ие Жайылманың дәмі тіл үйіретін қарбызы, шы­нында ауылдың басты шаруашылығы. Диқаншы қауымның еңбегін елеп, алғашқы бақша өнімін көзбен көрмекке аудан әкімі Ғалым Әміреевтің өзі барып, дала еңбеккерлерінің тынысымен танысты. Диқаншы қауымға дем беріп, кәсіп жасаймын деген әрбір азаматқа мемлекет тарапынан қолдау мол екенін жеткізді.
– Тұңғыш Президент жыл сайынғы Жол­дауында жергілікті жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аудару қажеттігін айтқан болатын. Бұл бағытта Сыр елінде үш жылдық «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» жарияланғаны белгілі. Осы тұста, жергілікті жерлерде кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнесін кеңейткісі келетін жандар күн санап артуда. Әсіресе біздің ауданда «Бір ауыл – бір кәсіп» жобасы өз жемісін беруде. Шаруашылыққа маманданған елдімекендер өз істерін кеңейтіп, кәсібін дөңгелетуде, – деді аудан басшысы Ғалым Махмұтбайұлы.
Ауыл әкімі Талғат Зейдалиевтің айтуынша, биыл 650 гектарға бақша өнімдері егілген. Оның басым бөлігі – қарбыз. Жалпы осы брендті өніммен айналысып жатқан 13 шаруа қожалықтың ішінен алғашқы болып, «Жиделі» қожалығының қарбызы нарыққа шықты.
– Жайылма ауылы қашанда бақша және көкөніс өнімдерімен танымал. «Жиделі» су қоймасында жиналған су 90 күндік қарбызды пісіруге жеткілікті. Жалпы шаруа қожалықтардың жаппай қарбызы ағымдағы жылдың шілде айының 10-15-інен бастап нарыққа шығады. Бірінші болып, «Жиделі» шаруа қожалығының қарбызы шетелге жол тартты. Айта кету керек, ауылда 210 отбасы болса, соның 200 отбасына жыл сайын кемінде 2 гектардан 5 гектарға дейін жер беріледі, – деді ауыл әкімі Талғат Бимағанбетұлы.
Сондай-ақ ауыл әкімі ауыл шаруашылық өнімдерін әртараптандыру бағытында нәтижелі жұмыс жасап жатқандығын тілге тиек етті. Шаруа қожалықтарында мал азықтарын дамыту үшін дәндік жүгері, көкөніс өнімдерін еккені белгілі болды. Оған қоса, мемлекеттің қолдауын сезініп, демеу қаржыға ие болған қожалық иелерінде атап өтті.
Айта кететіні, өткен жылы аудан бойынша 4754 тонна жайылмалық диқандардың дәмді қауын-қарбызы шетелге экспортталған болатын. Енді міне, шілденің алғашқы күні Бағдат Мұсатаев төрағалық ететін «Жиделі» шаруашылығының 60 тонна қарбызы Ресейдің Қорған облысына жол тартты.
– Жылдан жылға жайылмалықтардың бақша дақылдарын ерте пісірудің әдісін дамытып, көшеттеп егу тәсілін қолға алғаны жақсы нәтиже беруде. Өзім биыл голландық «Ницца» тұқымын ектім. Өнімділігі жоғары. Әрі ерте пісетін сорт және жолға төзімді, – дейді Бағдат Мұсатаев.
Біз барғанда бақша алқабында 4-5 шетелдік камаз автокөлігінің тонналап қарбыз әкетіп бара жатқанын көрдік. Соның бірі жергілікті диқан Ақын Табылдиевтің еккен дәмді қарбызын Ресейдің Қорған облысынан келген Идрис Тажиев көлігіне басып жатыр екен. Жүргізушінің айтуынша, көрші елде Жайылманың қарбызына сұраныс өте жоғары екен.
– Ала жаздай еткен еңбектің жемісін енді жегелі жатырмыз. Өнімділік өте жоғары. Гектарына 50 центнерден өнім алудамыз. Қазіргі таңда келісі 45 теңгеден пұлдануда. Жалпы «қимылдағанның қыр асатынын» елдің бәрі біледі. Жастайымнан осы диқаншылық кәсіпке бейім болып, несібемді осы саладан таптым. Десе де, тұтынушы саны артқан сайын, тұқымның да элитасын алып, талғамнан шығуға қарекет жасаудамыз, – дейді жайылмалық Ақын Табылдиев.
Қорыта айтқанда, мемлекет отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдай жасады. Енді жаһандық нарыққа шығатын, бәсекеге қабілетті өнім шығару – барша шаруалар мен диқандардың іскерлігін шыңдай түседі. Бұл өз кезегінде Елбасы Жолдауында айтылған бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілеуге мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, шетел нарқын бағындыруда жайылмалық диқандардың да өзіндік орны айрықша.
06 шілде 2019 ж. 776 0