Бесарықта жұмыссыздық мәселесі шешілген
Бесарық ауылдық округі жастар жылында жұмыссыздық мәселесін шешкен бірден бір ауыл. 3500-ге жуық тұрғыны бар Бесарықта 773 жас тұрады. Белсенді, білікті бесарықтық жастар игілікті істерден көрініп жүреді. Олар тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға азық-түлікпен бірге ақпанның аязында көмір түсіріп берген. Сауапты істің басы-қасында жүрген жастар ісі жөніндегі маман Алтынбек Асқаровпен тілдескен едік.
– Бұл бастаманы біз жылда дәстүрге айналдырып келеміз. Мүмкіндік болса әр мезгілде немесе мейрам күндері жастар осылай бас қосып, қайырымдылық жасауға тырысамыз. Бұл жолы ауылдың ерікті жастары бес отбасыға азық-түлік үлестірсек, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі аналарға көмір түсіріп бердік, – деді Алтынбек.
Жастардың мейіріміне жылынған жанның бірі Ұлтуған ана: «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген даналық бар емес пе. Біздің ертеңіміз осы жастардың қолында. Осындай жүрегіне жылулық шырағы жағылған жастарды көріп іштей қуанасың. Елдің балалары болсын дейміз, сондықтан жастарға алғысымды айтамын», – деді ағынан жарыла.
Айта кетейік, ауыл жастары былтыр кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жасады. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау-Бизнес» оқу бағдарламасын оқып, қайтарымсыз қаржы алған жастардың қатары көбейді. Мәселен биыл 21 жас жобасын қорғаса, соның жартысынан көбі грант иегері атанды. Осындай жүйелі бағыттың басы-қасында жүрген Алтынбектің де еңбегінің еселі екенін айта кету керек. Спорт саласында да серпін бар. Баскетболдың мектебі қалыптасқан. Ұлттық спорт – көкпарға да мән берген жастар көп. Мәселен, Нұрлыбек Асқаров жастар арасында ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген шабандоз.
Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін деген бар. Бірақ «жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген қағиданы ұстап, осындай бастамалар ауданда көбейе берсін деген ниеттеміз. Қазақ «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» дана халықпыз ғой. Сондықтан «елде болса, ерінге тиеді» демекші, ел арасында жүріп, қиналғанға сүйеніш, құлағанға тіреу болатын жастардың қатары көбеюі ел келешегінің кемелденуінің бір жарқын көрінісі десек те болады.
– «…Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар» дейді қасиетті Құран Кәрімде. Ауыл жастарының осындай ізгі істеріне, жасаған қайырымдылықтарына біз дән разымыз. Артымыздан осындай иманды ұрпақ ере берсін, ең бастысы бүгінгі жастар атаның емес, адамның баласы, халықтың ұлы болуды үйренуі тиіс. Осындай шаралар жалғасын тапса, біз әрдайым тілеулеспіз, – деді ауыл ақсақалы Мұрат Әбілхайыров.
Кейде мерекелер мен ұлық болған ұлы айда қаншама жандар сауабын асырып, жақсылық жасаудан жарысып-ақ жатады. Жақсылық пен садақаға, қайырымдылық пен қамқорлыққа, мейірім мен махаббатқа, ізгілік пен шапағатқа бастаған ниеттерге Жаратушының да берер нығметі шексіз екенін білеміз. Бірақ осындай қысылтаяң уақытта қол ұшын созған жанға да Жаратушының нығметі де олармен бірдей екенін ұмытпайық. Сондықтан ел тарыққанда жағалылар ғана емес, жанымыздағылардың осындай игі істеріне мың алғыс білдіруден артық ештеңе жоқ.
Әли ТЕМІРБЕК