Мұғалімге қарап бой түзейді
– Мектептің жүрегі – ұстаз. Қашаннан қағида осындай. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейтіні де осыдан.
Қоғамдық қатынастардағы сан салалы өзгерістер ұстаз өмірін де жаңа арнаға бұрғаны шындық. Оның ішінде көңілден шығатыны да бар, шықпайтыны да бар. Мұғалімдік – күнкөрістік кәсіп емес, ол жүректің қалауы. Заңдық құқықтарын пайланып ұстаздыққа қоса тағы да бір жеке кәсіппен айналысамын деуге талапты қолдауға болар. Бірақ одан елдің баласының тағдыры жапа шегуі мүмкіндігін тағы ескермесе болмайтын сияқты. Бірақ бір айқын нәрсе, өзінің әуелгі кәсібіне – ұстаздыққа шын берілген жанның сол ұлы міндетін ұшпаққа шығаруға ұмтылысы оның еш жаққа да мойын бұруға шамасын келтірмей, даңғыл жолмен даңққа бөлейтініне бәріміз де куәміз.
Ұлттың ұлы ұстазы Жүсіпбек Аймауытовтың мынадай қанатты сөзі бар. Мен осыны мұғалімдерге жиі айтып отырамын: «Мұғалім күнделікті айналысатын, өзгеретін, өсетін тірі тұлға болғандықтан бір ғана шеберлікпен қалуға болмайды. Күнделікті сабақ беру жай шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны алатын, іздейтін – өнер» деген.
Жаңа заң ұстаздың қаншалықты мәртебесін көтеретіні уақыт еншісіндегі мәселе. Ал тәлімгер атаулыға тарихтан тарту еткен нығмет мәні түбінде мазмұнын сақтауы тиіс. Ол қандай нығмет? Мұғалім қай кезде де қоғамның ең алдыңғы саласында тұратын парасат иесі. Патриотизмнің де, гуманизмнің де жарқын үлгісі солардың бойынан табылуы тиіс.
«Педагог мәртебесі» туралы жаңа заңның тиімді тұстары қандай болмақ деген заңды сұрақ туады. Рас, жаңа заңда әлеуметтік кепілдікке басымдық беріліп отыр. Ендігі жерде бастапқы жарнасыз жеңілдетілген несие бойынша тұрғын үй және жатақхана иеленуге мүмкіндік қарастырылған. Ендігі тұста мұғалімдердің әлеуметтік жағдайларына қатысты жергілікті әкімдіктерге құқық беру мәселесі шектелмек. Айталық, әкімдер мұғалімдерге жергілікті бюджеттен сыйақы, тағы басқа көтерме жеңілдіктер қарастыра алады. Мұғалімдердің балалары балабақшаға кезексіз орналаса алады. Ауылға барған мұғалімдер жер учаскелерін алып, тұрғын үй салып алуларына жол ашылған.
Мұғалім қызметкерлеріне жағымды тиіп отыраған заңдағы бір пәрмен – білім саласы қызметкерлерін ешқандай құзырлы органның өз жұмысына жегіп, жұмысын атқаруына мәжбүрлей алмауы. Бұрын кез-келген уақытта, әсіресе саяси науқанда мұғалімдер үй аралап, бұқаралық-көпшілік шаралармен атқарылатын жұмыстың бел ортасынан табылды. Сайлауды өткізуде де алдыңғы сапта солар жүрді. Сенбіліктердің де мұғалімсіз сәні келіспейтіндей көрінетін. Енді осының барлығына тыйым салынды. Мұғалім қалауынша бәрінен оқшау қала алады. Бірақ бір мәселе, мұғалімді қашанда алдыға тартып үйренген аңғырт елдің үрдісіндегі үлгілі эталонынан бір күнде көз жазып қалуы қаншалықты абзалдығын ажырату да қиын болып тұр.
Ұстаз – ол жалпыға жол көрсетуші, насихатшы, бағыт беруші, бір сөзбен айтқанда мемлекетіміздің өркениетті даму сатысының мықты тіреуіші. Ол өзінің жүріс-тұрысымен де, әдебімен де, ішкі, сыртқы мәдениетімен де қоғамда ең жоғары тұратын тұлға.
Қоғам мәдениеті айнала тіршіліктің тазалығынан тұрады. Оны сақтау – бұқаралық міндет. Ал енді мұғалімнің сол қайнаған тіршіліктен сырт қалуы қоғамға деген немқұрайлылықты қалыптастырмай ма? Өзі өмір сүрген ортаға, оның ахуалына жаны ауырмайтын бейқам көзқарастағы ұстаздан өнеге алған шәкіртті қалай жазғырамыз? Ол да ұстазының ізімен қолына күрек ұстамайтын, тазалықпен айналысуды құқының тапталуы деп түсініп заң айтып дауласатын шіренбе болып шықса ше?
Мұғалімдеріміз бүкіл аймаққа жауап бермейді, бірақ өз білім ошағының айналасын айнадай ұстауда жиі ұйымдастырылуға тиіс сенбіліктерден қашқақтамауы тиіс. Ол заңмен емес, армен қорғалатын мәселе.
Тазалық – иманның жаршысы дейді. Әрбір өзі еңбек етіп бала-шағасын асырап отырған киелі ордасын пір тұтатын тұлға оның тазалығын сақтау бағытындағы ұйымшыл тірліктен шет қалмағаны жарасымды. Баянды бірлікке, тәуекелді тірлікке алдымыздағы шәкірттерді де баули білуіміз керек. Біле білсек, бұл қадам шәкірттерді патриоттыққа, отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке, ұйымшылдыққа тәрбиелейді.
Сосынғы мәселе, мұғалім елдік шаралардың, өнер мәдениет саласындағы жетістіктердің басты көрерменіне айналуы тиіс. Өйткені рухани мешел мұғалім оқушысына жақсы тәрбие бере алмайдыү
Фарабиді, Абайды, Сәкенді, Бейімбетті, Мұхтарды, Шерханды білмеген ұстаздан ұлық адам шыға ма?
Өнер, мәдениет, спорт әлеміндегі болып жатқан жаңалықтардан мақұрым мұғалім елге нені айтады? Кімге үлгі бола алады? Өнердің барлық саласынан хабардар болу үшін мұғалім сабақтан артылған уақытта өзін мәдени-рухани тұрғыдан жетілдіруге барынша күш салуы тиіс.
Бұл жағы бізде қалай? Күні кешелері мектебімізге өнер ордасында өтетін концертке төрт билет жіберіліпті. Соған ерікті түрде қызығушылық білдіріп, билетті сатып алу былай тұрсын заң айтып, құқын алдыға тартып алмауға әрекет еткен жағдайларды көріп жаным күйзелді. Жөн, мұғалімді ешкім зорламайды. Бірақ ол өзі талпынуы керек. Газет-журналға жазылу да солай. Ешкімге зорлық болмауы керек. Солай екен деп баспасөзден мақұрым қалуға тиіспіз бе? Жоқ, олай емес. Бұл жерде мәселе мұғалім мәртебесінде болып тұр. Мәртебелі мамандық иесі, ол биік парасатты адам, ол біреу насихаттамай-ақ жанына қажетті рухани азықтан құр қалмайтын жан. Ол ерікті түрде баспасөздің бірнешеуіне жазылуға құқылы. Өнер ордасының, театрдың ең тұрақты көрермені де сол. Өйткені мұғалім – елдің көсемі. Ел мұғалімге қарап бой түзейді.
Аллаберген Ахметов,
№169 Н.Илялетдинов атындағы орта мектебінің директоры: