№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ШЕБЕРЛЕР ШАҢЫРАҒЫ

ШЕБЕРЛЕР ШАҢЫРАҒЫ


ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРДІ ЖАҢҒЫРТУ – ӘРБІР ОТБАСЫНЫҢ МІНДЕТІ. «ӘКЕ КӨРГЕН – ОҚ ЖОНАР, АНА КӨРГЕН – ТОҢ ПІШЕР» ДЕГЕН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ҰРПАҒЫНА ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН АМАНАТТАҒАН. ӘКЕ-ШЕШЕСІНІҢ ШЫРАҒЫН СӨНДІРМЕЙ, АТАКӘСІПТІҢ ҚҰЛАҒЫН ҰСТАҒАН. ОСЫНДАЙ ОТБАСЫНЫҢ БІРІ – МҰРАТ ЖӘРІМБЕТОВТІҢ ОТАУЫ ДЕУГЕ НЕГІЗ БАР. ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА "ҚОБЫЗ ЖЕЛІ" ФЕСТИВАЛІНДЕ "АҒАШ ШЕБЕРІ" АТАНҒАН ҚОЛӨНЕРШІНІҢ ШАҢЫРАҒЫНДА БОЛЫП, ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫМЕН ТАНЫСЫП ҚАЙТТЫҚ.
Соңғы жылдары көпшілік Мұрат Жәрімбетовті ағаш шебері ретінде тани бастады. Оның қолынан шыққан тамаша туындылары елдің назарына ілігіп жүр. Қолөнершілер көрмесіндегі шебердің бұйымы жоғары бағаланып, үсті-үстіне сұраныс түсуде. Қызығушылықтан басталған іс кәсіпке айналды. Биыл аудан әкімі Ғалым Әміреевтің қолдауымен есік алдындағы шағын шеберханасы кеңейтіліп, «шеберлер орталығы» болып құрылды. Орталықта ерекше өнер иелері Гүлжан Қамбарбекова, Зухра Тасболатова, Бекзат Бисебаева қолөнерімен айналысуда. Барлығы аймақтық, республикалық көрмелерге қатысып, тәжірибесін шыңдауда.
Мұрат Еренұлының шеберлігін қолдап, рухани демеп, тиянақты жұмыс жасауына үйдегі жеңгеміздің жайлы мінезі сай келгендей. Жары –Дина Жәрімбетова киіз басу өнерін насихаттап, көрме көркін қыздырып жүрген жайы бар.
– Отағасының қолынан келмейтіні жоқ. Тіпті, кейбір дүниесін қалай жасаған деп танданып қалам. Ол ойға алған ісін аяғына дейін жеткізуді мақсат етеді. Сондықтан болар, халық еңбекқорлығын бағалайды, – деп жолдасы туралы жан-жақты мінездеме беріп жатыр Дина апай. Екеуінің де ұсталық ұстанымы шығармашылықпен үндескендіктен өсіріп отырған ұрпағын атакәсіпке баулуда. Бір қыз, бес ұл тәрбиелеп отырған отбасы барлығының қолөнерге икемі бар екенін мақтанышпен жеткізді.
Студент ұлы – Асылбек әкесінің бір көрсеткен кәсіби қырын тез ұғып, шеберге жәрдемші болып жүр. Ағашты баптау, күйіне келтіру, пішін сызу, кекіндеу және тағысын-тағы жұмыстарды меңгерген. Шеберхананың тазалығы мен бұйымдарды реттеу ұлдарының күнделікті дағдысына айналған. Шебер ұлдарын жанына ертіп, ертелі-кеш ұстаханада еңбектенеді. Ондағы мақсаты – бір үзім нанның таза маңдай термен келетінін, еңбек түбі – береке екенін ұғындыру.
Кәде-сый жасаудың қас шебері Мұрат Жәрімбетов: «Әр бұйымның сызбасын сызғанда көп ойланамын. Кейде, өмірден алған әсерімді бейнелеп, түрлі кәде-сый сұлбасын қағаз бетіне түсіремін», – деп шығармашылығын сөз етті. Бір сызбаның өзіне көп уақыт жұмсайтынын, кейде сәтсіздіктер де болатынын айтты. Өзінің қолынан шыққан «Ана жаулығы», «Қорқыт қобызы», «Домбыра», «Шаңырақ шаттығы», және т.б. дүниелерін таныстырған шебер оның мағынасына терең тоқталды. Халықаралық әйелдер мерекесіне арнап жасалған «Ана жаулығы» деп аталатын кәде-сыйдың ананың дархан пейілдігін, перзент үшін жанын берер қамқорлығын бейнелейді екен. Бұл аңыз әңгімедегі «кеудесінен жүрегін жұлып беретін» ананың бейнесін көз алдыңа әкеледі. Тамаша туындыларын көріп, қиялға қанат бітірдік.
Мұрат Жәрімбетов – халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне ауданнан қатысқан қолөнер шебері. Әлем назарын аударған көрмеде жерлесіміздің жүзге жуық кәде - сыйына туристер қызығушылығын білдіріп, сатып алыпты. Облыстық көрмелерде ерекше дарындылығымен, ізденімпаздылығымен жоғары бағаланып жүрген ағаш шеберінің шығар шыңы, бағындырар белесі әлі алда деп сенеміз.

Мақпал ПӘТЕНОВА.
21 наурыз 2018 ж. 2 220 0