№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Оспанхан шебердің ойы орындалды

Оспанхан шебердің ойы орындалды


Қарт Қаратаудың етегіндегі Қосүйеңкі ауылында халық аспаптарын жасаудың хас шебері Оспанхан Мұсаевтың қолынан шыққан домбыраларға сұраныс жоғары. Әуелгіде шағын шеберхананың шырайын келтіріп, қолда бар дүниемен қамданған қосүйеңкілік шебер өткен жылы мемлекеттің қаржылай қайтарымсыз қаржысына қол жеткізді. Кеңестік кезеңнен «мұраға» қалған станоктарын, заман талабына сай жабдықталған аппараттармен жаңғыртты.
Қолдау қаржыға қол жеткізуіне көп көмегін тигізген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына алғысы зор. Осылайша, кәсібін одан әрі дөңгелеткен шебер жаңа құрылғының көмегімен ағаштардың сан түрін миллиметріне дейін мінсіз жонып, тұтынушының талғамына сай ұлттық бұйым жасауда. Аспаптың ою-өрнектерін де қашап, тапсырыс берушінің талғамына сай өзі сызады.
Бүгінде ауылдағы білім ордасында дәріс беретін Оспанхан аға қолы босай қалса болғаны, шаңырағындағы шеберханасына асығады. Өйткені, ер шауып, ағаш жону – оның қанында бар қасиет. Олай дейтініміз, Бабасы Артай ертеректе ер шауып, бүркіт ұстап, тазы шалған. Әрине, ол замандарда бүгінгідей технология жоқ, тек қол еңбегімен ептеп, ептілігімен жасалған әрбір бұйымдары бұқараның қажетіне жараған. Міне, осы бір ұсталық қасиетті ұстап қалған Оспанханның әкесі Махамбет атамызда талай жыл бұл өнерді кәсіп еткен. Кейіннен қанда бар қасиет ұлы Оспанханның бойынан табылып, жастайынан ер шабуға баули бастайды. Үмітін ақтаған ұста баласы шынында шын шеберге тұсау жоқ екендігін дәлелдейді. Ағаштан әр қилы дүние жасайтын қолөнер шеберінің шағын шеберханасына бас сұққанда ұлттық музыкалық аспаптардың сан түріне көзіміз түсті. Заманауи құрылғының ортасына тістелген домбыраға көз түсіп, құрылымымен танысуды жөн көрдік.
– Аға, қос ішекті музыкалық аспапты қандай ағаштан жасайсыз?
– Көбіне жаңғақ талдан құрастырамын. Оны Оңтүстік Қазақстан облысынан алдырамын.
– Құрылымына тоқталсаңыз?
– Негізі сұраныста жеті, тоғыз шанақты домбыралар. Құрылымына тоқталсақ: басы, құлақтары, пернесі, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек, ішектер деген сынды тағысын тағы. Оған қоса ескірген не сынған музыкалық аспаптарды өңдеп, қайта қалпына келтірудемін.
– Ішекті аспаптардың дыбысының тазалығы, үнінің кең тынысталуы үшін, яғни сапалы дүниені жасауға қандай қасиет керек?
– Әрине, ең бірінші шебердің бойында ептілік пен тиянақтылық болуы керек. Екіншіден, «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп, Қадір Мырза Әлі ақын айтқандай, құнды қос ішекті аспап шығару үшін – мықты материал мен заманауи құрылғы болса болғаны. Шүкір, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының демеуімен инновациялық конкурсқа қатысып, грант негізінде қомақты қаржыға қол жеткіздік. Бүгінде ағаштарды сан түрлі қалыпта өңдейтін, милиметрді мінсіз жонып шығаратын аппараттарға қол жеткіздім. Жалпы, маңдай термен жасалған дүние сәтті шығады. Бастысы бабадан қалған бұл өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің борыш, – дейді Оспанхан Махамбетұлы.
Иә, қазіргі таңда қосүйеңкілік қолөнер шеберін республика таниды десек артық айтқандық емес. Сөзіміз дәлелді болсын. Өткен жылы Астана төрінде өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Қызылорда облысының мәдени күндері аясында 30-жуық домбырасын алып барып, пұлдады. Қосүйеңкіде жасалған қазақтың қара домбырасына шетелдіктер тарапынанда сұраныс жоғары болыпты. Мұны Оспанхан өзіне абырой санайды. Себебі, қашанда маңдай термен жасалған дүние, кісінің беделін биіктетеді деп сенеді. Аудандық, облыстық, республикалық қолөнер шеберлерінің көрмесінен бөлек, 2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың басында Біріккен Араб Әмірлігіне бару бақыты бұйырды. Сыр елінің хас шеберлері құрамына енген Оспанхан Махамбетұлы Дубай төрінде бір айға жуық, Қазақстанның БАӘ –дегі мәдени күндері аясында өз өнерін шетелдіктерге паш етті. Қазіргі таңда Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы аясында аудан көлеміндегі білім ордаларында шәкірттермен кездесіп, төл өнердің төресін ұлықтап жүрген жайы бар.
Иә, «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлаған халқымыз осынау аспапты айрықша қастерлеп, төріне іліп қойған. Қазір жоқ емес. Десе де, ұлттық нақышымыздың айғағындай оюлармен өрнектеп, көркемдеп жасайтын хас шеберлер халық арасында аз. Сондықтан да бүгінгідей жаһандану заманында ұлттық құндылықты ұлықтап, ұрпақ сабақтастығының елжанды көрінісін айқындаған Оспанхан Мұсаевтың кәсібі кісі сүйсінерлік.

Әбдісамат ӘБДІШ.
17 ақпан 2018 ж. 1 148 0