№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Негізгі мектеп несімен ерекше?

Негізгі мектеп несімен ерекше?


Қай мемлекеттің болмасын ертеңі білімді жастардың қолында. Ал оларды тәрбие және білім нәрімен сусындатуда мектептің алар орны ерекше. Жан-жақты дамыған білімді, елжанды, еңбекқор азаматты тәрбиелеу – ұстаздың қасиетті борышы. Қожакент ауылындағы №184 негізгі мектептің осы бағыттағы ұстанымдары жөнінде білім ұжымының басшысы Ерғазы Төлегеновпен сұхбаттасқан едік.

– Мектеп үздіксіз білім беру жүйесінің негізгі буыны болып табылады. Осы жөнінде тоқталып өтсеңіз?
– ХХІ ғасырдың басты тетігі – білімде. Демек мәдениетіміздің нығайып, адами қасиеттердің жоғарылауында білімнің құдіреті ересен. Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» десе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық бәсекелестік қабілет білім деңгейімен анықталады» деп тұжырымдайды. Біздің ұжым осы мақсатта жұмыс атқарып келеді. 2010 жылы пайдалануға берілген негізгі мектепте қазіргі таңда 40 мұғалім жұмыс істейді. Оның жоғары санаттысы – 2, І санаттысы – 18, ІІ санаттысы – 10. Жаңартылған бағдарлама бойынша тестен өткен ұстаздар да біліктіліктерін арттырып келеді. Соның ішінде модератор – 9, педагог-сарапшы – 7, педагог-зерттеуші – 8 ұстаз шәкірттерін білім нәрімен сусындатуда.
– Қазіргі уақытта мектеп мазмұнының өркениеттен тыс қалмауында қандай алғышарттар орындалуы керек?
– Біз өмір сүріп отырған ғасыр білектілердің емес, білімділердің ғасыры. Білімге қол созғандардың қашан да бүгіні жарық, болашағы жарқын. Сондықтан жарқын болашақтың бастауын бүгіннен қалайтын білім ордалары шәкірттерін шыңдаудан еш жалыққан емес. Бұл бағытта мектепте білім алатын 207 бала ақылы түрде домбыра, волейбол және штанг үйірмелеріне қатысса, мультимедиялық және робототехника үйірмелеріне баратын оқушы саны да күн санап артып келеді. Айта кететіні, биылғы оқу жылы үлкен жаңалықпен толықты. Мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беруде дефектолог маман Әмзе Гүлназ 12 баламен жұмыс жасауда.
– Өзіңіз басқарып отырған білім ошағы негізгі мектеп. 9 жылдық сыныптан кейін оқушыларыңыздың жағдайы қалай болмақ? Олардың білімін бақылап тұрасыздар ма?
– Білімнің негізі қаланар кезең болғандықтан бізде талап та мықты. Негізгі орта мектеп – білім жүйесінің ең басты сатысы. Мұнда қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады. Оқу-білімнің негізгі іргетасы осында қалыптасады. Жеткен жетістіктерміз де баршылық. Аудандық жарыстар мен байқаулардан қалыс қалған емеспіз. Облыстық деңгейден орын алмасақ та лауреат атанып келген шәкірттер бар. Былтырғы оқу жылы 31 оқушы 9 сыныпты бітірсе, соның 10-ы колледжге тапсырып, гранттық негіздегі білімдерін жалғастыруда. Негізгі мектепті аяқтаған соң оқушыларымыз ауылда орналасқан №164 орта мектепке барады. Бізден кеткен түлектер ол мектептің абыройын асырып жүргеніне сенімдімін. Білім ордасының ойы озық, шығармашылығы дамыған, ізденісі ілгері ұстаздары білім бәсекелерінде бірнеше мәрте белсенділік танытып келеді. Бір сөзбен айтқанда, адами капиталдың көрсеткіші – білімде екенін ұстаздар қауымы естен шығарған емес.
– Мектептегі озық тәжірибенің қалыптасу барысына тоқталсаңыз...
– Ұстазы әділетті, шәкірті қабілетті ұжым заманауи талапқа сай жасақталған мектептің жемісі. Жаңашылдықты шығармашылық қызметтің өнімі десек, инновациялық үрдістің нәтижесінің артында мектеп жүрегі – ұстаздар қауымының тұрғаны анық. Бұл тұрғыда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлбарам Абдукаримова, математика пәнінің мұғалімі Гүлдай Мамытова және оқу ісі жөніндегі меңгеруші Алуа Асенова сынды білікті мамандарымызға зор сенім артып отырмыз. Сонымен қатар ұжымда мектептің жаңашыл өмірімен, қоғаммен байланысын нығайту жолында қызмет ететін ұстаздар да жетерлік. Осындай білікті де білімді ұстаздарымыз зейінді оқушыларымыз – мектеп мақтаныштары дегім келеді. Осы тұста айтайын дегенім кеше ғана қыбылданған «Мұғалім мәртебесі» заңынын да мектеп ұжымы үшін пайдасы зор болмақ.
– Заң мұғалім мәртебесін қаншалықты көтерді?
– Қоғамда түрлі ойлар бар. Олардың ішінде, ұстаздың мәртебелі болуында біліктілігі мен білімі шешуші рөл атқарады дегенді алға тартатындар бар. Әрине, ұстаздың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, мәдениеті, білімі талапқа сай болғаны дұрыс. Дегенмен ұстаздарды заңды тұрғыда қорғау да орынды дер едім. Алдын ала белгілі болғандай, білім беру заңнамасындағы олқылықтарды жою, оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайту, мұғалімдерді негізсіз тексерулерден қорғау, педагог мәртебесін реттеуді қамтамасыз ететін құқықтық тетіктерді жетілдіру қаралған.
Заң жобасындағы негізгі ережелер – 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету, Халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын әзірлеген мұғалімге үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы беру, ауылдық жерде тұратын мұғалімдерге жер телімін алу, орта білім беру мекемелеріндегі мұғалімдерді әскерге шақыруды кейінге қалдыру, мұғалімнің ар-намысына тию фактісі Әкімшілік кодекстегі жеке бап бойынша жазалау және т.б қаралған. Мұның бәрі ұстаздың жауапкершілігін арттырып, сапалы қызмет етуіне жағдай туғызады деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Лаура БИБАСАРОВА
14 қаңтар 2020 ж. 684 0