№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Қос тойың қабат болсын": Аймақпен аттас басылымдар

"Қос тойың қабат болсын": Аймақпен аттас басылымдар




Журналист шығармашылығы арқылы қоғамға қызмет етіп, әркез адам жанының жақтаушы, бар жақсылықты қолдаушысы. Яғни халықтың көзі, құлағы һәм тілі қызметін атқарады. Осы ұстынды қағида еткен «Сыр бойы» және «Қызылординские вести» газеті 90 жылдық шежіресін тарихқа хаттады. Сыр өңірінің аға басылымдарының мерейтойына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Ақтөбе қаласынан арнайы қонақтар келді. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен өткен «Заманауи медиа кеңістіктегі аймақтық баспасөздің маңызы мен рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында облыстық газеттердің кешегісі мен бүгіні сараланып, дәстүрлі медианы заман ағымына сай дамытудың жолы талқыланды.


Сыр өңірінің бас басылымдарының мерейлі мезетімен құттықтаған облыс басшысы Қуанышбек Досмайылұлы:
– Ғасырға жуық тарихы бар басы­лымдар елдің сөзін сөйлеп, атқарушы билік пен халық арасында дәнекер болып, талай майталман қаламгерлер, ақын-жазушылар, белгілі журналистердің еңбек еткен қара шаңырағына айналды. Сыр елінің сенімді рухани серігіне айналған қос басылымда қаламы қарымды ел ағаларының сара жолы жатыр. Қос газет 90 жылдың ішінде адамның санасына зерделі ой, өнегелі тәрбие қалыптастырып, өз оқырмандарына рухани азық бере білді. Сондықтан, «Сыр бойы» мен «Кызылординские вес­ти» газеттері ақпарат ағыны толас таппайтын заманда бәсекелестіктің бәсін жеңіп, өзінің сындарлы қалпын сақтап, биік белестерден көріне беретіне сенеміз.
Қос басылым ұжымының мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттауда, ұрпақ­ты еңбекке, шығармашылыққа бау­луда өлшеусіз еңбегіне сәттілік, береке-бірлік тілеймін! – деді.
Облыс әкімі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың Алғысын «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевқа табыстады.
Замана үніне айналған қос газет­тің қаламгерлері қоғамдық-саяси, әлеу­­­меттік-экономикалық, мәдени-руха­ни тақырыптарда қадау-қадау про­бле­маларын қаузап, игілікті іске жанашырлықпен үн қосып келеді. Қызылордалық газеттер осындай шығармашылық потенциялымен өзге өңірдегі басыламдардан бәсі биік. Сыр өңірінің тізгін Қырымбек Көшербаев ұстаған жылдары газеттер медиа холдингке біріктіріліп, қолдау көрсетудің тың тетігін шешімін тауып, уақыт сынына сай қалыптасты. Сондықтан торқалы тойдан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлының тыс қалмайтыны анық.
Аймақ басшысы газет өндірісіне еңбегі сіңген бірқатар журналисі марапат биігіне шығарды және серіктестікке мерейтойлық автокөлік кілтін берді.
Қазақ баспасөзінде өзіндік қол­таң­басы бар Ержан Байтілес Сыр жаңалығының жаршысы ретінде қыз­мет еткенін жақсы білеміз. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі қызметін атқаратын Ержан Айтөреұлы аймақ баспасөзінің қарашаңырағы болған басылымдар ұлт зиялыларының ұстаханасы қызметін қалтқысыз атқарып келетінін, бұл – газеттің ғана емес, тұтас Сыр өңірі баспасөзінің мерекесі екенін атап өтіп, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың ақжолтай тілегін жеткізді.
Одан кейін Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Ақтөбе медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин құттықтау сөз алып, журналистика маңызды әлеуметтік құбылыс болса, Сыр журналистикасы қарымды қаламгерлерімен мақтана ала­тынына тоқталды.
Халықпен бірге жасап, жаңарып отырған төл басылымдар Кеңес заманында елді білім алуға, сауаттануға шақырды, мектептер мен қызыл отаулар, кітапханалар қызметін насихаттады, жас қаламгерлердің өсіп-жетілуіне мүмкіндік ашып, ақын-жазушылардың шығармаларының бұқараға жетуіне басымдық берсе, егемен елде еркін сөзін айтып, елдік мұратынан танбай, «Мәңгілік Ел» идеясының жаршысына айналды. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, конференция модераторы Наурызбай Байқадамов осы турасындағы ойын айтып, аға басылымдардың аймақтық ақпарат кеңістігіндегі маңызына тоқталды.
Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов: «Елдің тірегі мен жүрегіне айналған екі басылымның бірден бүгінгі күнгі, осы қалпында өмірге келе қалмағаны да көпке белгілі, алайда, екі газеттің де талай қиын кездерді бастан кешкені, талай соқтықпалы соқпақтарды басып өткені дүйім жұртқа белгілі. Екі газеттің де тарихы, олардың атқарған қызметтерінің мән-маңызы және т.с.с. көптеген ғылыми зерттеулердің жүгі екені даусыз. Сондықтан «Сыр бойы» газетінің алғашқы даму сатыларына қатысты пікір білдірсем.
Газет тарихына қатысты деректерде басылымның 1929 жылы 1 шілдеден жарық көре бастағаны, арада үш жыл өткен соң басылым аты «Ленин туы» болып өзгертілгені, 1938 жылдан бастап 1991 жылға дейін «Ленин жолы» атанғаны және алғашқы редакторы Ж.Тілепбергенов болғаны көрсетіледі. Енді осы жәйтті тарата айталық.
Газеттің өмірге келуі – Қызылорда облысының құрылуымен тікелей байланысты. Бұрынғы Ақмешіт қаласы Қызылорда атанып, қазақ мемлекетінің астанасы болып тұрған тұста біздің өңір алғашында бірнеше уездерге бөлінгені, ол уездердің округтерге біріктірілгені, тіпті 1926 жылдарға дейін Қарсақпай болысының да Перовск уезі құрамында болғаны белгілі. Бұған қатысты мұрағат құжаттары талай сырды бүгіп жатыр. Құжаттар біздің аймағымыздың дәл қазіргі территориясында бірден қалыптаса қоймағанын көрсетеді, 1938 жылы өз алдына облыс болып құрылғанша Оңтүстік Қазақстан облысы құрамында болса, бұл кейін де қайталанып, 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында тағы да Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрамында болғаны белгілі. Мұны айтып отырған себебіміз – бұл жәйттің біз әңгімелеп отырған «Сыр бойы» газетіне қатыстылығы. Өйткені ол – өз тарихында екі рет облыстық басылым мәртебесінен айрылып, аймақтық басылым мәртебесін екі рет қайтып алған газет», – деді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев «Сыр бойы» – шығармашылық шеберханасы» атты баяндамасында басы­­лымның әдеби ортаны қалып­тас­­тырудағы орнына және олардың шығар­машылығын насихаттаудағы рөлі­не тоқталды.
1929 жылдан жарыққа шыққан қос басылым ғасырға жуық тарихында талай ұрпақты тәрбиеледі, өз заманының жаңалық жаршысына айналды. Қазақ баспасөзінде өзіндік биігі бар басылымдар алдына нақты жоспарларын қойған, өміршең идеяларымен ерекшеленеді. Тәуелсіздікті баянды етуде жаңа сын-қатерлерге төтеп беруде ұлттың тарихи санасын қалыптастыруға басымдық беру маңызды. Осы тұрғыдан келгенде қос басылымның сара сөз сардарлары ұлт тарихын нақтылау, жаңғырту және дамыту талабында талай-талай тамырлы тақырыптарға қалам тербеп жүр. Әсіресе «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қатпар-қатпар тарихты қопарып, өткенді зерделеп, ұлт рухын асқақтатуға үлес қосуде. Басты артықшылығы, көп жылдық тарихында бірнеше буынды тәрбиелеу мәселесіне атсалысып, өңір журналистиканың шеберханасына айналды, әрі аймақ идеологиясының құралы ретіндегі қызметі қымбат.
Түс қайта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында дәстүрлі медиа мен жаңа медианың байланысы, бір-бірінен артықшылығы, әлеуметтік медиа мен блогсфера нарығында ақпарат таратудың тиімді жолдары жөнінде дөңгелек үстел өтті.
Оған мерейтойлық шараның қонақ­тарынан бөлек Сыр өңірінің журналистері, жас журналистер, студенттер қатысты. Ұлттық баспасөз клубының президенті, ҚазТАГ ақпарат агенттігінің құрылтайшысы Сейтқазы Матаев жаңа медианы пайдалану аясын кеңейту, блогерлердің белсенділігі, дәстүрлі медианың бәсеке қабілетті қалыптастыру жолдары жөніндегі ойларымен бөлісті. Қазақстан Респу­бликасы Президенті баспасөз қыз­метінің сектор меңгерушісі Ержан Байтілес, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Түркістан медиа холдинг» ЖШС бас директоры Бауыржан Бердімұратов, Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан және «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай газет өндірісінде сапалы контент дайындау, яғни зерттеу, сараптамалық материалдарға басымдық беріп, оларды әлеуметтік желілер арқылы насихаттау жайы және газеттің интернет ресурстағы сайтың бәсекеге қабылетті ету жолдары мен танымалдылығын арттыру бағы­тындағы тың ойларын ортаға салды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
30 қараша 2019 ж. 1 245 0