» » Жастар арасындағы жұмыссыздық жайы

Жастар арасындағы жұмыссыздық жайы


ХХ ғасырдың 90 жылдарғы тоқырауда ауылдағы қазақ қалаға үдере көшті. Көш әлі жалғасуда. Бұрын жұмыс іздеп қалаға көшсе, енді күнкөріс қамымен тұрғылықты жерін ауыстыруда. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» демекші, расында Жаңақорған жайлы болса, жастары неге жұмыс іздеп шетел асады? Әсіресе, шалғайдағы ауылдың шаруасы шатқаяқтап тұр. Мәселен, Көктөбе ауылының 10 жасы, Қаратөбе ауылынан 35 жас Ресейде жұмыс жасап жүр. Бір емес, бірнеше жігіттің телефон номерін алып хабарластық. Барлығының айтары бар. Ол – ауылда ғана емес, жалпы Қазақастанда жұмыс табу қиын. Бар болған күннің өзінде жалақысы мардымсыз. Бұл көрші елде жүрген жерлестердің пікірі. Ресейдің Амур қаласында жұмыс жасап жүрген қаратөбелік Нұрсұлтан Болысбековпен телефон арқылы тілдестік. Ол да бала-шаға қамымен шетел асқанынын жасырмады.


– Амур қаласына келгеніме 3 ай болды. Орман кесуші болып жұмыс жасаудамын. Жұмыс ауыр. Бірақ жан бағу керек. Отбасын асырау керекпіз дегендей. Қазақстанда жұмыс жоқ емес, бар. Алайда айлығың шайлы­ғыңнан артылмайды. Елде жұмыс тапшы болғандықтан шетел астық. Мұнда да барлық жағдай жасал­ған деп айта алмаймыз. Қазір 35 градус суықта жұмыс жасаудамыз. Ең бастысы – жалақысы тәуір, – дейді қаратөбелік Нұрсұлтан Болысбеков.
Қаратөбе ауылдық округінің жас­тар ісі жөніндегі маманы Әбдінұр Оразқұловтың айтуынша, Қара­төбе ауылынан 20 жас Ресей Феде­рациясының Амур облысында, 15 жас Тобол қаласында, 35 жас Шығыс Қазақстан облысының, Ақтоғай ауданында «Индустриал Констракшн Гурпп» ЖШС-де вахталық ауысыммен жұмыс жасап жатқаны белгілі болды.
Не десек те, жастар қауымы шетел асуға ықтияр. Бұл әркімнің жеке шаруасы. Дейтұрғанмен «Кісі елінде ұлтан болғанша, өз еліңде сұлтан бол» деген аталы сөз бар. Себебі, бәлен жерде бақыр бар деп белін бекем буып, түйіншегін түйіп отырған ауылда жастар көп. Оған бір жағынан еліміздегі жұмыссыздық мәселесінің өзекті болып тұрғаны өкінішті. Жала­қысы аз жұмысқа орналасқаннан гөрі, шетел асып, жағдайымды жасап алайын деген мақсат басым.

АУДАНДАҒЫ АХУАЛ ҚАЛАЙ?

Жыл басынан бері аудандық жұмыспен қамту орталығына 484 жаңа­қорғандық жас жұмыссыз ретін­де тіркелген. Бұл тіркеліп, ресми статус алғаны. Ал одан өзге тіркелмей жүрген жас қанша? Біз аудандағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында қан­дай жұмыс жасалынып жатқанын білмекке аудандық жұмыспен қамту мекемесінің есігін қақтық. Мұнда мекеме директорының орынбасары Бейбіт Балабековке жолығып, мәлімет алдық.
– Биыл орталыққа жұмыссыз ретін­де тіркелген 484 жасқа бағдарлама шеңберінде оқыту курсына жол­дама бердік. Оның ішінде 91-ін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» І-бағыты бойын­ша қысқа кәсіптік қайта даяр­лау курсына жібердік. «Еңбек» бағдар­ламасы шеңберінде 88 жас «Бастау-бизнес» жобасының түлегі атанды. Ал жаңа бизнес идеяларды дамытуға бағытталған 505 мың теңге грантты 167 жас алып үлгерді. Оған қоса, жұмыссыз жастардың 74-ін әлеуметтік жұмыс орындарына, 282-ін «Жастар практикасына» жолданды. Жұмыс тәжірибесі барысында өзінің белсенділігін көрсете білген 29 жас маман тұрақты қабылданған. Ал 128 жас қоғамдық ақылы негіздегі жұмыстарға тартылды, – дейді Бейбіт Балабеков.
Сондай-ақ, орталық директорының орынбасары бос жұмыс орындарына жәрмеңке өткізу арқылы көптеген жаңақорғандық жас «екі қолға бір күрек» тауып жатқанын тілге тиек етті. Ай сайын өткізілетін жәрмеңкені жұртшылық та асыға күтеді екен. Бүгінгі таңға дейін 11 мәрте бос жұмыс орнына жәрмеңке өткізілген. Оған қоса, мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша да бірқатар нәтижелі жұмыс жасалынып жатқанын жеткізді. Яғни, қолдау қаржыға қол жеткізіп, кәсібін дөңгелетіп жүрген жастардың саны артқан.
Десе де, Бейбіт Балабеков өз сөзін­де бұрынғыдай заңгер, эконо­мистерге ауданда сұраныс жоқ екенін жасырмады. Оның айтуынша, жұмыссыз жастардың арманы – өз мамандығы бойынша қызметке орналасу. Жайлы кресло болса, тіптен жақсы. Алайда, жұмыс жәр­меңкесінде ұсынылған аспазшы, дәнекерлеуші, құрылысшы сынды жұмыс­тарға жастардың барғысы келмейтіні белгілі болды. Мәселен, ауданға танымал кәсіпкерлер Болат Азнабаев, Фахриддин Тұрғанбаев, Серік Бақытұлы, «Астана» кафесі мен «Атамекен», «Данон» дәмханалары әрбір жәрмеңкеде қарапайым жұмыс­шы таппай қиналатыны көңіл­ге қаяу түсіреді. Өйткені, замандастарымыз маңдайы терлеп жұмыс істегісі кел­мейтін секілді. Әйтпесе, жұмыс жәр­меңкесінде көптеген кәсіпкерлер жұмысшы таппай кетпес еді.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегі бойынша, 2018 жылы жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,9 процентті құраған. Ал Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесіне сәйкес (NEET индексі) бұл көрсеткіш 7,7 процентті көрсетіп тұр. Қос көрсеткіштегі мұндай айырмашылық қайдан пайда болды? Мұның жауабы да дайын болып шықты. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті: «Көрсеткіштер арасындағы айырмашылық NEET индексін есептеуде күндізгі бөлімде оқитындарды қоспағанда, жұмыс күшіне кірмейтіндердің барлығын қосудың есебінен пайда болып отыр» деп түсіндірді. Яғни, 3,9 пайыздық көрсеткіштегі деңгей экономикалық белсенді емес халықты ескермей есептеліп шығарған. Айтқандай, NEET санатындағы жастар дегеніміз кімдер осы? Бүгінде бұл термин мемлекеттік жастар саясатында жиі айтылатын болды. Халықаралық еңбек ұйымының NEET индексі – жастардың жұмыс істемейтін, оқуға түспеген немесе кәсіптік білім алмайтын, білім беру жүйесі мен жұмыспен қамту саласынан тыс қалған жастар. Оған 15-тен 28 жасқа дейінгі жастар санаты жатады. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров жыл басында NEET санатындағы 299 жас тіркелсе, бүгінде оның саны – 211-ге дейін қысқарғанын мәлімдеді. Жаңа жылға дейін әлі де бұл көрсеткіш төмендейтінін тілге тиек етті. Жаңақорған аудандық статистика басқармасының дерегінше, бүгінде аудан бойынша 15 бен 28 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құрап отыр.
Жалпы, соңғы 15 жылда елдегі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 12 проценттен 3,9 процентке төмендеген. Айта кету керек, жұмыссыздықпен күреске мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы қомақты. Бұл бағытта «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламаның көмегі мол. Бағдарлама аясында жастарды мамандыққа қайта даярлауға бағытталған қысқартылған курстар, бизнес оқыту айлықтары жастардың кәсібін бастауына үлкен дем беруде.
Түйіндей айтқанда, жұмыссыз жүру кім-кімге болмасын оңайға тимейтіні айқын. Жұмыс жоқ болғасын табыстың келуі де неғайбыл. Сондықтанда жұмыссыздық мәселесі, соның ішінде жастар жұмыссыздығы шешімін табуды қажет ететін күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала бермек.

Әбдісамат ӘБДІШ
23 қараша 2019 ж. 897 0