"Омарбектің бауы" қайта қолға алынса...
Ықылым заманнан бері Сыр бойы диқандары егін егіп, бау-бақша өсіріп, даңқы шыққан. Әсіресе, «бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген ұстанымды ұстанған ұлылар өткен дүниеден. Міне сондай ел аузында «Омарбектің бауы» деп аталып кеткен Төменарық ауылдық округі маңындағы байырғы бау, бүгінде тақыр жерге айналған аумақтың тарихын сөз етпекпіз.
«Дарақ бір жерде көгереді» демекші, атақоныс жерін ауыстырмауға бекінген Төлеубай қария Төменарық маңын құтты мекен етеді. Өзі ғана отырмай, қасына ағайындарын шақырып, берекелі қонысқа айналады. Бау егіп, көгалдандыру жұмысын қолға алып, саялы мекеннің негізін қалайды. Бұл уақытта Төлеубай қарияның ұлы Омарбек те есейіп, ер жетіп қалған еді. Әкесі ұлына: «Балам, мына жерден қоныс аудармаңдар. Келешегі бұл маң саялы баққа айналады. Қайта егілген ағаштарға еге болып, күтіп, баптауды қолға алыңдар» деп өсиетін қалдырады. Әке өсиетіне адалдық танытқан Омарбек жаңа жеміс ағаштарын отырғызып, көгалдандыру ісіне кірісіп кетеді. Жастайынан еңбекке ерте араласқан Омарбек өте қағілез болатын дейді. Уақыт өте үйленіп, ұлды болады. Ұлының есімін Сейткамал қояды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Сейткамал да әкесіне қолқанат болып, бау-бақшамен айналысады. Ташкенттен арнайы алма, өрік, шие, алмұрт көшеттерін әкеліп, отырғызады. Оған қоса, қатарына бақша өнімдерін егуді қолға алады. Қауын-қарбыз, асқабақ, қауақ, әңгелек тағысын тағы дақылдың сан түрін егіп, мол өнім алып отырған. Сонда білетінім, ол уақытта осыншама қыруар жұмысты отбасымен атқарған. Омарбек ата, Қанымкүл, Қалкүл апалар арықтарды тазалап, күтіп, баптау ісін жетік меңгерген. Оның қатарында төрт түлікті игеріп, сауын сиырын сауып, күбісін пісіп, құртын жайып, бәріне үлгеретін сол заманның ақжаулықты аналары. Қысқасы, шаршадым дегенді білмейтін. Арасында сәмбі талдың шыбығынан тоқылған себетке тауықтың жұмыртқасын жинап, Төменарық базарына апарып сататын. Одан бөлек Қанымкүл апамыз аяқ машинамен елге киім, шалбар тігетін. Тері илеп, тон, бөрікті де тігіп беретін. Ал Сейткамалы колхоздың трактор бригадасын басқарып, елге өлшеусіз қызмет етті.
Өз басым Омарбектің бауын көзіммен көрдім. Қалың орман дерсің. Алыстан менмұндалап тұратын. Ол кезде бала едік. Тақыркөлдегі биік құмдардың төбесіне шығып қарағанда біздерге ну орман болып көрінетін. Саялы бақтың ішіне енсең, қайта шыққың келмейді. Тағы бір айта кетерлігі, ол уақытта үлкен үй соғу кез келгеннің қолынан келе бермейтін. Міне, Омарбек ата үлкен үй соғып, өзінің туыстары мен бауырларын қасына әкеліп қоныстандырды. Барлығы да бір үйдің баласындай бірге еңбектеніп, бірін-бірі демеп, берекелі шаңырақ мәуелі бәйтерекке айналды.
Иә, сөзіміз дәйекті болу үші аудандық архивтың басшысы Зағипа Әбжалелованың сөзін келтірсек. Оның айтуынша, «Сунақата каналына 73 жыл» деген тақырыпта каналды үш бөлікке бөліп қарастырған. Бірінші үчаске Сырдария өзені бойындағы «Оймақты» жерінен басталып «Төменарық» ауылына дейін алты шақырым, екінші «Омарбек бауына», ал үшіншісі одан арғы алты шақырым «Елтай» колхозын жарып өтіп Екпінді колхозына қарасты «Жаманбола» аймағына тіркелген. Көріп тұрғандай Омарбек бауы архивте, тарихта бар деген сөз.
Нақтырақ айтқанда, Төменарықтан бір жарым шақырым жерден бастап Сунақата каналына дейін Омарбек бауы жалғасып жататын. Заманында ол жер жеміс-жидектің отаны болып Омарбек бауы деп аталып кеткен. Қоныс аудармастан өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін отырған Омарбектің бауынан бүгінде тақыр жерден басқа ештеңе қалмады.
Айтайын дегенім, бүгінгі таңда бұл аумақ Төменарық ауылдық округінің балансында екен. Айналайын, жаста болса, бас болып ауылды басқарып отырған әкімі Нұркен Қошқарбай өзінің жастық жігерін көрсетіп, осы бір қараусыз қалған «Омарбектің бауын» қайта қолға алса екен деген аналық ақ бұйымтайым бар.
Жақсыгүл БЕГМАНОВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы»