№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Дәуіржанның" дәуірі жүріп тұр

"Дәуіржанның" дәуірі жүріп тұр


Биыл жаңақорғандық диқандар күзгі бидайдан мол өнім алды. Бір жағынан ауа-райының қолайлылығы әсер етсе, екінші жағынан шаруалардың еңбегі сіңді. Олардың бірі – Жаңарық ауылындағы «Дәуіржан» шаруа қожалығы. Еңбек ескерусіз қалмады. Шаруашылықтың төрағасы Абдрахман Сапарбаев «Алтын күз – 2019» мерекесінде «Үздік бидай өсіруші» номинациясымен марапатталды.


– Биыл бидай бітік шықты. Жаздың соңғы айында орақ салып, қамбаны жоғарғы сортты «Стекловидная-24» астығына толтырдық. Сапалы өнімге сұраныс түсіп, Түркістан, Алматы қаласының ірі кәсіпкерлері сатып алды, – дейді шаруа қожалығы төрағасы.
Жер-анадан берекесін тауып отырған еңбекқор азамат «Дәуіржан» шаруа қожалығына тиесілі 154 гектар жердің 61 гектарына күріш егіп, оның әр гектарынан 58 центнер, 65 гектар жерге жоңышқа егіп, оның әр гектарынан 35 центнер, 28 гектар жерге бидай егіп, әр гектарынан 35 центнер өнім алды. Сонымен қатар ол 6 адамды маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Айта кететіні, кейіпкеріміз Жаңарық ауылында 1983 жылдан бастап бас мұрап (гидротехник) қызметін қоса атқарып келеді. Егін даласында қырық жылдан астам еңбек атқарған ол 2017 жылы «Дәуіржан» шаруа қожалығын құрады. Небәрі екі жылдан астам уақыт ішінде істің жүйесін тауып, жүзеге асыруда. «Еңбек еленуімен мәнді» дегендей, кейіпкеріміз жауапкершілік жүгін түсініп, дала жұмысында еңбек сапасын арттыруға бекініп отыр.
Ауыл азаматы еңбеккештігінің арқасында төл мерекеде мақтаулылар қатарынан табылды. Оны өзі «Еңбек – таразы» деген осы шығар деп түсіндірді.
– Абдрахман ағамыз Жаңарықтағы беделді, белсенді кәсіпкерлердің қатарынан. Ізденгіш, еңбексүйгіш, қабілетті азаматтың жерге сіңірген еңбегі биыл ырысты болды. Несібесі артты. Нақты жоспар құрып, оған жетудің жолын жақсы білетін іскер азаматқа ауылдастары да арқа сүйейді. «Егіннен кеусен бер» дегендей әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қарауды да ұмыт қалдырмайды. Осындай тәлімнен ізгілікке ұмтылған адамның ісі өрге жүзетінін ұға түскендеймін, – дейді ауыл әкімі Ақжан Тұрғанбаев.
Иә, қандай қоғам болмасын, оның әміршісі – еңбек. Адал тер төгіп, еңбек еткеннің жүзі қашанда жарық, мерейі үстем, жолы ашық болары анық. Міне, осы тұрғыда Абдрахман Сапарбаевтың тынымсыз еңбек жолы көпке үлгі боларлықтай.

Лаура БИБАСАРОВА
30 қазан 2019 ж. 805 0