Дене шынықтыру пәні мұғалімі "Озат бақша өсіруші" атанды
Биыл «Балапан» шаруа қожалығының диқаны Ғабит Мелденов 8 гектар жерге бақша дақылдарының дәнін тастап, гектарынан 525 центнерден өнім алды.
– Бақша өсіру мен үшін атадан қалған мұра десем артық айтқаным емес. Ес білгелі әкем ауыл шаруашылығында бақша өнімдерін өсірді. Ата кәсіпті жалғап бүгінде отбасымызбен осы шаруашылық жұмысын жандандырып келеміз. Қарбыз, қауын, мал азықтары, қызанақ, картоп т.б өнімдер өндіремін. Өмір сүру – мен үшін еңбек ету деген сөз. Мақсатым туған өлкемді табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп, халықтың алғысы мен батасын алу,– дейді ол.
Шаруақожалықтың өнімдері Қызылорда облысына, Ресей мемлекетіне де жол тартты.
«Еңбекті елеген ел жақсы» демекші 2017 жылы аудан әкімінің «Үздік бақша өсіруші» алғыс хатымен марапатталды. Еңбегі еленіп елдің алғысын алу, әрбір жанды жігерлендіретіні белгілі.
Еңбексүйгіш азамат бақша өсіру шаруашылығымен қатар, өзі оқыған №255 мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі. Шәкірттерін салауатты өмір салтын ұстанумен қатар еңбек сүйгіштікке тәрбиелеп, міндетін абыройлы атқарып жүрген азамат.
Майра Әбдуәлі