» » Бесарықты неге Сыр өңірінің "Швейцариясы" деп атайды?

Бесарықты неге Сыр өңірінің "Швейцариясы" деп атайды?


Бесарық деген ауыл бар. Қатпар-қатпар Қаратаудың баурайына табан тепкен. Солтүстігінде Саураны мен Сатымсайды көктей өтіп, Қарауыл төбені жамбасқа алған. Тау шатқалдарынан бес арық ағып шығып, шатқалдан шыға берер тұстағы Байғабыл ауылы жанында бірігіп Бесарық деп аталады. Атауы тарихы терең өзен арналарымен байналыстырылған бүгінгі Бесарық ауылының болашағы баянды. Келешегі кемел. Нарыққа бейімделіп, төскейге төрт түлігін жайып, бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі аймақ. Қысқасы, дала дидарының тұмса табиғатын осы қоныстан табасыз.


«Табасыз» демекші, ауыл ішіне еніп, «Ақ ордасын» іздедік. Тұрғындар тілімен айтқанда «канторын». Іздедік дегенімнің астарында таудай тәмсіл бар. Ауылдық әкімшіліктің ауласы жасыл шыршамен көмкерілген. Қол сілтеп көрсетпесе, қалың ағаштың ортасында ауыл әкімдігі бар деп ойламайсыз. Бұл да болса, Бесарықтың топырағы шұрайлы екендігінің бір белгісі. Хош. Тұмса табиғатын осы тұстан тоқтата тұрып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіне көз жүгіртсек. Әуелі ауылдық округ әкімі Әлібек Абдуллаевпен тілдестік. Ә-дегеннен кәсіпкерлік саласының серпінін сұрадық. Себебі, қонысына қарап ауылдың ырысын, кәсіпкерлік тынысына қарап, әлеуметтің әлеуетін анықтайтын заман жетті.
Әкім бүй дейді: «Ауылдық округ құрамына Бесарық, Кеңес, Апанқақ кіреді. 600–ге жақын түтін бар. Бүгінгі таңда 146 кәсіпкер кәсібін дөңгелетіп, шаруасын ширатып отыр. Ал биыл 9 айда 24 кәсіпкер жаңадан тіркелді. Ауыл кәсіпкерлері жыл басынан бері 80 млн 300 мың теңге несие алды. Оның ішінде, жастардың да үлесі бар. 4 млн 300 мың теңге ауыл жастарының алған қайтарымсыз гранты. Мемлекеттік бағдарлама аясында бизнес курс оқып жатқан бесарықтық жас буынның белсенділігі жоғары. Жалпы кәсіпкерліктің басым бөлігі – мал шаруашылығы. Яғни, бордақылау ісі мен асылдандыру, көбейту бағыты жолға қойылған» деді.
Ауыл әкімі Әлібек Асанбайұлының сөзінен белгілі болғандай, мұнда тамшылатып суғару әдісін ілгерілеткен «Тату-Агро» серіктестігі мен «Көбелдес» шаруа қожалығының тірлігі тындырымды. Әуелгісі биыл 75 гектар аумаққа жүгері егіп, орып алса, соңғысы шет елге ет экспорттау мақсатында Түркістан облысының ет комбинатына түлігін пұлдауда. Оның қатарында жақында ғана «Тіршілік» қожалығы 300 бас жылқы алып келген. Төрт түлікпен қатар, егін шаруашылығының да екпіні қарқынды. Оның айқын дәлелі, күні кеше аудандық «Алтын дән-2019» шарасында бесарықтық Нұрахмет Раманқұлов «Озат көкөніс өсіруші» номинациясына лайықты деп табылды. Ол өзіне тиесілі көкөністің гектарынан 230 центнерден өнім алған. «Биыл ауылдық округ бойынша 358 гектар аумаққа егін егіп, 5061 тонна өнім алдық. Оның ішінде, дәндік жүгеріден бастап, жаздық бидай, мақсары, картоп пен бақша өнімдері және көкөніс өнімдері бар. Оған қоса, біздің ауылда бау өсіру ісі атадан балаға жалғасып жатқандықтан жеміс ағаштарынан жиналған өнім де молынан болды». Бұл әкім Әлібек Абдуллаевтың сөзі. Бір қуанарлығы, елдімекенде аяқсу мәселесі толығымен шешілген. Ал таза ауыз суды тұтынатын күн де алыс емес. «Талап-Сырдария» топтық су құбыры арқылы ауыл ішіне толыққанды құбырлары жүргізілген. Ендігі тек су жүйесі іске қосылса, бесарықтық ағайын таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Өз кезегінде ауыл әкімі ел экономика­сында айрықша орын алатын, мемлекет басты назарда ұстайтын саланың бірі – әлеуметтік сала болып табылатынын тілге тиек етті. Әрі Мемлекет басшысы әрдайым осы әлеуметтік саланы қолдау мен халықтың әлжуаз топтарына көрсетілген мемлекеттік көмекке баса мән беріп келе жатқанын жеткізді. Сондықтан да елді мекендегі аз қамтылған отбасыларға демеушілер арқылы қолдау көрсету жолға қойылыпты. Бұл бағытта қоғамдық ақылы негізде көктем-күз айында онға жуық тұрғынды жұмыспен қамтитыны белгілі болды. Оған қоса, ауылда 118 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алады екен. Оның ішінде, 12 отбасы қолдау қаржыны игілігіне икемдеп, сауын сиыр сатып алып, айран-сүті мен құртын пұлдап отыр екен.
Айтпақшы, ауылдың орталық алаңы да ажарлана түскен. «Тағзым» алаңының тынысы кеңейіп, еңсесі биіктей түсіпті. Жанында жапсарлас су бұрқақ та сәулетке сән қосып, елді мекен көркін айшықтап тұр. Бір қызығы, орталық алаңды айнала мемлекеттік мекемелер орналасқан. Ауылдық клуб, балабақша, «Казпошта», әкімдік, мешіт пен сауда дүкені. Десе де, мәселе де жоқ емес. Әкімнің айтуынша, 90 орындық балабақшаның жоба сметалық құжаттары сараптамадан өтіп, кезегін күтіп отыр. Ескірген аурухананың орнына жаңасын салу және спорт кешенін жекеменшік әріптестік аясында салуға инвестор іздестіріп жатқаны белгілі болды.

Тұрғанбек ЖАЙЫНБАЕВ,
ауылдық округ ардагерлері кеңесі мен қоғамдық кеңес төрағасы:

– Ауыл экономикасы жылдан жылға дамып келеді. Жұмыссыздық мәселесі де оңынан шешімін тауып, тұрғындардың тірлік етуге деген ықыласын кәсіпкерлік саласы ынталандыруда. Бүгінде ауыл да 370 ардагер бар. Оның ішінде, тарих қойнауына кеткен кешегі майдан даласында ел үшін қан кешіп, ұрпақ үшін ұрыста ұлы іс атқарған қаһармандардың ізі сиреп барады. Ерлік пен елдік, батырлық пен жауынгерліктің үлгісі бола білген батырлардан ауданымызда көзі тірі 2 соғыс ардагерінің бірі – Нұрман Асанов біздің ауылда тұрады. Соғыс ардагеріне деген құрметіміз қашанда жоғары. Бұдан бөлек, қоғамдық кеңесте күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылап, әкімге дер кезінде ұсынып отырамыз. «Бірлескен істе береке бар» демекші, әкімдік қызметкерлері де қариялардың ақылына құлақ асып, өзекті түйіннің оң шешімін табуға жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың ынтымағы мығым, тірлігі тындырымды. Тек ерінбей еңбектене білсең, екі қолға бір күрек табылады.

Мұрат ӘБІЛХАЙЫРОВ,
ауыл тұрғыны, зейнеткер:

– Әлқиссасын әріден бастасақ. Бұл ауыл заманында «Қаракөл қой» совхозы болған. Ол уақыттарда 60 мыңға дейін қой болды. Нақтырақ айтқанда, ауылдың төрт түлігі сай болған. Егемендік алғаннан кейін де Бесарық ауылы қайта бой түзеп, берекесі тасыды. Бүгінде ауылда тас төселмеген көше жоқ. Жарықтандыру жұмысы да кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Инфрақұрылым жүйесі ілкімді. Рухани мәдени сала да өркениетке бет түзген. Бесарық пен Кеңесте заманауи үлгідегі имандылық үйі бар. Ал Рашид Нәлтаев басшылық ететін ауылдық клубта қашан барсаң да мәдени көпшілік шаралар үзілген емес. Әсіресе әрбір мерекеде қарияларды қонаққа шақырып, төрін ұсынады. Бұл да болса, ауыл жастарының үлкенге деген құрметі деп білеміз. Ауылда баскетболдың негізін қалаған Өмірзақ Оспанбеков жастарға спорттың бұл түрін үйретуден жалыққан емес.
Иә, қорыта айтқанда берекесі артқан Бесарық ауылының мақсаты айқын. Жұмысы жүйелі. Халықтың әл ауқаты жылдан жылға артып келеді. Онысын ауылды аралап жүріп, жаңадан бой көтерген тұрғын үйлерге қарап бағамдадық. Мәселен, биылдың өзінде жиырмаға жуық бесарықтық ағайын қоныс тойын тойлапты. Әкімнің айтуынша, әлі 30-40 тұрғын жер учаскесін алуға кезекте тұр. Бұл бағытта жаңа көше ашуға жұмыс жасап жатқаны белгілі болды. Қысқасы, біз көрген Бесарықтың бүгінгі кейпі осындай.

Әбдісамат ӘБДІШ
26 қазан 2019 ж. 1 173 0