» » "Алтын дән-2019": Жаңақорған озат аудан

"Алтын дән-2019": Жаңақорған озат аудан

Ырыс пен берекеге толы күз келгелі ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табысты таразалайтын шаққа таяды. Сыр өңірінің аграрлы саладағы серпінді жұмысы биыл да байқалды. Мұны дала еңбеккерлерінің жұмысын таразылап, абыройын асырған «Алтын дән-2019» мерекесінде білдік. Қызылорда қаласы күнімен қатар келген мереке шаруаларды марапат мінберіне шығарып, абыройын асырды.

Биыл өңір диқандары 87,9 мың гектар күріштің әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 530,5 мың тонна дәнді дақыл құйды. Соңғы жеті жыл Сыр күрішшілері рекордтық көрсеткіш көрсетіп келеді. Бұған ауылшаруашылығы саласына цифрландыруды енгізіп, заманауи технологияның үлесін арттырып, өнімділігі жоғары тұқымдарды аудандастыруы себеп болғаны анық. Дала еңбеккерлерін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов құттықтап:
– Қазіргі таңда облыстың аграрлық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Кейінгі жылдары аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 1,5 есеге өсті. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 46 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 10 процентке ұлғайды. Биыл облыс бойынша барлығы 183,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артты. Әртараптандыру бағытында мал азықтық дақылдар 8 мың гектарға, майлы дақылдар 7 мың гектарға, ал күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 3,7 мың гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, биылдан бастап облыста алғаш рет 3 шаруашылықта соя 50 гектарга егіліп, мол өнім алды. Алдағы жылдары соя егісін 500 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді.
Жерден ырзығын тауып, көптің несібесін арттырған азаматтарға аймақ басшысы алғысын білдіріп, биылғы жиын-терімде үздік нәтиже көрсеткен еңбеккерлерді марапат биігіне шығарды. Оның ішінде жаңақорғандықтар да болды. Атап айтқанда, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тұрғанәлі Базарбаев пен «Талдысу-1» шаруа қожалығының төрағасы Ғабит Исаев Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. «Ұлтай» шаруа қожалығының төрағасы Мұхамеджан Сайпидинов «Озат көкөніс өсіруші», «Тоқтамыс» шаруа қожалығының төрағасы Жалбызбай Итаяқов «Озат бағбаншы», «Тату» шаруа қожалығынан Бағлан Баркенов «Озат мақсары дақыл өсіруші» номинациясына ие болды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің салалық наградасы І дәрежелі төсбелгісімен «Үсен» шаруа қожалығының төрағасы Үсен Жакудаев, ІІ дәрежелі төсбелгімен «Бақытжан» шаруа қожалығының төрағасы Әлібек Нәлібаев, ал ІІІ дәрежелі төсбелгісі «Өзгент и С» шаруа қожалығының төрағасы Бақытжан Тулегеновке табысталды. «Айбын» шаруа қожалығының төрағасы Батырбек Кенжеев «Ыбырай Жақаев» төсбелгісімен марапатталса, «Қойлақ ата» шаруа қожалығының төрағасы Батыр Сүлейменовке «Озат бидай өсіруші» номинациясы бұйырды. «Озат тілші» номинациясымен «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Әлібек Жарықбаев марапатталды. Оның ауыл шаруашылығы саласының жаңалықтарын баспасөзде ұдайы насихаттаудағы еңбегі еленіп, облыс әкімінің алғысына бөленді.
Иә диқан еңбегі – қашанда марапат мінберінің алтын тұғыры. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда мақтауға лайық. Сонымен «Үздік аудан» номинациясы биыл Жалағаш ауданына бұйырды. Егін шаруашылығы саласында жетістікке жеткен Шиелі ауданы «Озат аудан» номинациясын иеленсе, мал шаруашылығында Жаңақорған ауданы озат атанды. Бұл көрсеткішті аудан екінші жыл қатарынан қайталап отыр. Мұнан бөлек аймақ басшысы сала еңбеккерлеріне Ауыл шаруашылығы саласының үздігі және Ы.Жақаев атындағы төсбелгілерін тапсырылды.
«Мағжан и К» ЖШС өзінің үздік қызметкерлеріне 7 автокөліктің кілтін, «Достық-жер» ЖШС 6 автокөліктің кілтін табыстады. «Жан-Арай жем» ЖШС үздік деп тапқан қызметкерлеріне 1 миллион теңге және 500 мың теңгенің екі «Сертификатын» тапсырды.
Айта кететіні, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруда қабылданған Агрокарта шеңберінде ауылшаруашылық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайтып ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне сиыр және қой, ешкі еті экспортталса, көкөністер мен бақша өнімдері Қытай мен Ресейге т.б. елдерге жіберілді. Агрокарта аясында cоңғы 5 жылда облыстың жалпы өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 2,6 пайыздан 3,7 пайызға артқан. Осыдан-ақ Сыр өңірінің аграрлы саласының дамуын аңғаруға болады.
Салтанатты шара соңына қарай дархан даланың диқаншылар қауымы мен жиылған қонақтарға Сыр өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, концерттік бағдарламаға ұласты. Осылайша, молшылықты әспеттейтін тағы бір мереке артта қалды.

Әли ТЕМІРБЕК
15 қазан 2019 ж. 889 0