№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ала жаздай еткен еңбекті ысырапсыз жинап алуға күш саламыз

Ала жаздай еткен еңбекті ысырапсыз жинап алуға күш саламыз

«Қыс азығын жаз жина» тәмсілін қағида еткен еткен дала еңбеккерлері күрішке орақ салды. Енді шашпай-төкпей қамбаға жинап алуға күш салады. Дала мерекесі «Түгіскен тәжірибе шаруашылығы» ЖШС егіс алқабында ұйымдастырылды. Оған Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, шаруа қожалық төрағалары, сала басшылары мен ардагерлері қатысты.
Берекелі шараны ашқан аудан әкімі Ғалым Әміреев:
– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор» – деп агросекторды дамытудың маңызына тоқталды. Жаңақорған ауданында агрокешенді дамытуға бағытталған кешенді бастамалар бар. Бірнеше жыл бұрын өнімділігі жоғары күріштің тұқымдары аудандастырылды. Инвестиция тартуға жұмыс жасадық. Агро-индустриялық аймақтар құрдық. Нәтижесінде 2017 жылы Сыр өңірі бойынша «Үздік аудан», 2018 жылы «Озат аудан» атандық. Алдағы уақытта мұнымен тоқтамай, өнім өндейтін секторды дамытуға күш саламыз, – деді.
Ауданда ауылшаруашылығы саласымен айна­лысатын барлығы 781 шаруашылық құрылымы болса, оның 485-і егін шаруашылығымен айналысады. Яғни жер-анадан ырысын айырған диқандар. Соның ішінде 200-і күріш егеді.
Келесі кезекте «Түгіскен» тәжірибе шаруа­шылығы» ЖШС төрағасы Нәметулла Рүстемов сөз алды.
– «Дала күні 2019» семинарына келіп, қуанышқа ортақтасып жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Алғашқы орақтың гектарынан 40-45 центнерден өнім аламыз деген меже бар. Өнімділікті арттыруға барынша жұмыс жасадық. Күріштіктің әр гектарына 500 келіден сульфадаммоний тыңайтқышын, 200 келіден амофос тыңайтқышын бердік, – деді серіктестік басшысы.
Айта кететіні «Түгіскен тәжірибе шаруа­шылығы» ЖШС еншісінде 2040 жер болса, оның 1245 егістік жер. Биыл 530 гектарға күріш егілсе, 143 гектары күздік бидай, ал 572 гектарға жоңышқа егілген. Мұны шаруашылық басшысының сөзінен ұқтық.
Мұнан кейін салтанатты шараның қадірлі қонағы, Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиев игі тілегін жеткізіп, орақ салу науқанына ақ батасын берді.
– «Егінші мәрт, жер жомарт». Ала жаздай еткен еңбекті ысырапсыз жинап алуға күш саламыз. Бұйыртса жауын-шашынға қалдырмай мезетінде жиналса 1 гектарға 50-55 центнерден алатынымыз сөзсіз. Мұны бастапқы атыздарды аралап шығып біліп тұрмын. Әрі даңғайыр диқандардың көңілді келбетінен-ақ мұны ұғуға болады, – деді.
Ақсақалдың ақ батасынан соң, орақ салу рәсімінің лентасы қиылды. Шаруашылықтың көлік жүргізушісі Шәмші Мамуов «Магдон» комбайнымен күріштікті оруға кірісіп кетті.
«Дала күні 2019» семинарында ауыл­шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйым­дастырылды. Серіктестік төрағасы Нәметулла Жәрімбетұлы жаңашыл жаңалықтарымен бөлісіп:
– Күрішті шашпай-төкпей жинап алуда техниканың сақадай сай болуы маңызды. Заманауи түрлері болса қандай жақсы! Осыны ескеріп, 50 миллионнан аса қаражатты германиялық «Класс», украиналық «Есіл» маркалы комбайндарын алдық. Сондай-ақ Қытайдан ауылшаруашылық жұмыстарын өңдейтін дрон алдық. Құрылғы арқылы егістіктің қай учаскесіне минералды тыңайтқыштар мен гербицид беру қажеттілігін анықтап, дәл мөлшерде бердік. Біріншіден шығынды азайтуға, екіншіден өнімділікті арттыруда септігі мол, – деді.
Делегаттар ауылшаруашылығы өнімдерінен қаз-қатар тізіліп, қойылған техникамен танысты. Салтанатты шараға арнайы келген Шымкент қаласының «АгроДрон» ЖШС мамандары дәрі шашатын арнайы дрондарды әуеге ұшырып, шаруашылық мамандарының назарын аударды. Заманауи технологияның жемісі шаруаларға егіннің бітік болуына көп ықпал етеді. Смартфон арқылы басқарлып, қайта қондырылатын дрондар көмегімен тыңайтқыштар мен гербицидтер себуге болады. Келесі кезекте «Centurion» LTD ЖШС дақылдарды емдейтін дәрумендермен таныстырып, ауылшаруашылығы мақсатында оқуға ынталы жастарды кәсіби қолдауға дайын екенін жеткізді.
Дала мерекесі дастархан басындағы келелі әңгімемен жалғасты. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Әсет Тоқтамысов шаруаларды дала күнімен құттықтап:
– Жаңақорған – даласы дәнге, көңілі әнге толы үздік аудан. Жылда егістіктен мол өнім алып, жер-анадан несібесін айырған даңғайыр диқандарды бүгінгі «Алтын орақ» мерекесімен құттықтаймын. Сан саланың өкілдерін егістік алқабында жинап, ұланасыр тойға ұласқан мұндай семинардың ауылшаруашылық саласын дамытуда маңызы зор. Олай болса, ел ырысы артып, қамба күрішке толсын, – деді.
Мұнан кейін жерлесіміз, аталмыш инсти­туттың жетекші ғылыми қызметкері Камалдин Шермағамбетов, тұқым шаруашылығы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, қалың қазақтың брендіне айналған «Маржан» сортының авторы Құрманбек Бәкірұлы сөз алып, игі тілегін жеткізді. Құрметті қонақтар қатарын толықтырған Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Тұрмат Жағыпаров: «Түгіскен тәжірибе шаруашылығы» ЖШС сынды ірі шаруа қожалықтар көп болса, елдің ырысы артатыны сөзсіз», – деді.
Бұл сөзді қолдаған аудан әкімі Ғ.Әміреев: «Өнімділікті арттырып, өндеу саласын дамытуға ірі шаруашылықтар ғана қауқарлы. Сондықтан «Түгіскен тәжірибе шаруашылығы» ЖШС сынды ірі құрылымдар санын арттыру керек. Әр ауылда 4-5 болса, жұмыссыздық мәселесі өзінен-өзі шешілер еді. Өйткені ауылдағы табысты сала – аграрлы сала», – деді.
Емін-жарқын әңгімеге ұласқан тәжірибе алмасу барысында «Маржан» атанған күріштің авторы Құрманбек Бәкірұлына сұрақ қойылды. Автор өзі шығарған «Маржан» сорты турасында тоқталды. Ал «АйКерім» сортының селекционері Керімхан Егізбаев өзінің тың тәжірибесімен бөлісті.

ТҮЙІН. «Басыңды көтеріп елден сұрағанша, Басыңды иіп жерден сұра» дейтін дала еңбеккерлері қамбаға дақылдың дәнін жинай бастады. Бір сөзбен айтқанда, «Жер – байлықтың көзі, Еңбеккер иесінің өзі» деп ерен еңбектің жемісін жейді. Әсілі, бұл қолына кетпен ұстауды арсынатын жатып ішер жалқауларға сабақ болса игі...

Ханзада Дошан
24 тамыз 2019 ж. 1 017 0