№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАМБА ДӘНГЕ ТОЛСЫН!

ҚАМБА ДӘНГЕ ТОЛСЫН!




Аудандағы шаруашылықтар күрішке орақ салды. Биылғы «Дала күні» салтанатты рәсімі Аққорған ауылдық округіндегі «Түгіскен ТШ» ЖШС-нің егіс алқабында өтті.
Дала еңбеккерлері нәтижелі жұмысының жемісін көретін еңбек ме­рекесін ашқан аудан әкімі Ғалым Әміреев:
– Соңғы жылдары өнімділігі жоғары тұқымдарды аудандастыруды жүйелі жолға қойдық. Аудан шаруашылықтары «Лидер», «Фаворит» сұрыптарының эли­талық тұқымын «АгроХолдинг Байқоңыр» ЖШС арқылы арзан бағада алуына қол жеткіздік. Сондай-ақ, ірі-ірі компаниялардан қаржы тартып, ауылға жаңа технология келуіне жағдай жасауды басшылыққа алдық. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2017 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыста «Үздік аудан» атандық. Биыл ауа-райының қолайсыздығана байланысты дарияның ернеуі төмендеп, судың деңгейі азайды. Бұл күріштен мол өнім жинауға кедергісін келтірмей қоймады. Дегенмен, ауылшаруашылығы саласы бойынша үздік үштіктен көрінетініміз сөзсіз. Мұның бәрі диқан қауым еңбегінің нәтижесі, – деді.
Мехнатты тірліктің тереңіне бойлаған «Социалистік Еңбек Ері» Арапбек Әбиев арнайы келіпті. Елдің күш-қуатын нығайтып, даңқын асқақтатуға атсалысқан «еңбек батыры» теңіздің ақбұйра толқынындай тулаған күріш даласына көз тастап:
– Диқандардың ала-жаздай далаға сіңірген еңбегі молынан ақталатындай. Оны жайқалған күріштіктерден көресіз. Оны диқандардың көңіл-күйінен қапысыз танисыз. Енді ысырапсыз жиналса, гектарынан 55-60 центнерден өнім алуға болатындай, – деп шаруалардың көңілін тасытты.
Күрішті ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалық төрағалары мен сала мамандарын жинап, тәжірибесімен бөлісуді ниет танытқан «Түгіскен ТШ» ЖШС төрағасы Нәматулла Рүстемов тың жаңалықтарымен бөлісті.
Серіктестік мемлекеттік тапсырыспен шаруашылықтарға күріш тұқымын дайындайтын болғандықтан «Лидерді» 140 га, ирандық «Таром-Хашеми» күрішін 5 га, селекционер ғалым Керімхан Егізбаевтың Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе шығарған «Айкерім» сортын 6 га жерге орналастырған.
– Осы сорттар өзінің өміршеңдігін дәлелдегенше «Маржан» қолданыста болады. Биыл Қытайдан ауылшаруашылық жұмыстарын өңдейтін дрон алдық. Құрылғы арқылы егістіктің қай учаскісіне минералды тыңайтқыштар мен гербицид беру қажеттілігі анықталып, қажетті мөлшерде қоректік заттар беруге мүмкіндік туды. Бұл – шығынды азайтуға әрі өнімділікті арттыруға жол ашты, – деп жаңашыл жаңалығын айтты серіктестік төрағасы.
Тұқым шаруашылығы әлеуметтік жауапкершілікті де ұмыт қалдырған емес. Күзгі орымнан түгіскендік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бір қап күріш тегін үлестіріледі екен. Одан бөлек ауыл азаматтарын қолдау жұмыстарынан қалыс қалған емес.
«Дала күнімен» құттықтаушылардан кейін егіс орағының лентасын кескен «Социалистік Еңбек Ері» Арапбек Әбиев, Жаңақорған кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұзарап Махмұтұлы, Аққорған ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдахмет Ибрагимов батасын беріп, қамбаға дәнді төкпей-шашпай жинап алуға тілектестігін білдірді.
Айта кететіні, «Сұңқар» шаруа қожалығының басшысы Құлмағанбет Исаханов, «Тасболат-А» ЖШС төра­ғасы Бақытжан Тасболатов, «Ислам» шаруа қожалығының басшысы Мақсат Жұмаділаев, «Икмат» шаруа қожалығының төрағасы Қамбар Садықов және т.б. шараның құрметті қонағы ретінде қатысты.

ТҮЙІН. Сабағы дәнге толып, басын көтере алмай тұрған күріш диқандардың ала жаздайғы еңбегінің көрінісі. Ендеше, мол өнімнің дәні қамбаға толсын деп тілек қостық біз де...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.

#Егін# #Қамба#
15 қыркүйек 2018 ж. 1 508 0