Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Жастар жылы": нөлден бастап, миллионер болудың жолы үйретілді

"Жастар жылы": нөлден бастап, миллионер болудың жолы үйретілді


«Жастар жылы» жарияланғалы аудан әкімі жастарға нақты қолдау көрсетуді алға қойып, әрбір ауылдық округте жастар кеңесін өткізуді жоспарлады. Содан бері Қыркеңсе, Жайылма, Кейден және т.б, елді мекенде жастар кеңесі өткізіліп, бірқатар мәселелер шешілді. Бұл жолы Қаратөбе ауылдық округінде Жастар ісі жөніндегі кеңестің сегізінші отырысы өтті.


Оған аудан әкімі, сала басшылары, ауылдық округ әкімдері және бел­сенді жастар қатысты. Алдымен де­ле­гация мүшелері «Сұңқар» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
– Аудан тұрғындары Құлмағанбет Исахановты іскер де еңбекқор ретінде таниды. 20 жылдан асқан көпсалалы шаруа қожалықтың басқалардан даралануы – тынымсыз еңбек, ізденіс пен заманауи технологияны енгізуінде жатыр. Сондықтан «Сұңқар» шаруа қожалығымен сіздерді таныс­тыруы­мыз бекер емес. Бәрінен бұрын кәсіп­кердің жастарды қолдауға ықы­лас білдіруі семинар отырысына серпіліс бере­ді, – деді аудан әкімі Ғалым Әміреев.
Келесі кезекте сөз алған шаруа­шылық иесі Құлмағамбет Исаханов:
– Бүгінгідей тоқшылық заманда ер азамат үшін жұмыс жоқ деп айту ұят. Ең әуелі, еңбекке ынта болу керек. Ауылдағы жұмыстың негізгі көзі – агроиндустрия. Яғни диқаншылық пен мал бағудан асқан табысты жұмысқа жолығу мүмкін емес. Сол үшін табысты боламын деген жастар әуелі еңбекке ынталы болсын, – деп шаруашылықтың тынысына тоқталды.
1997 жылы 300 га жерге бидай егіп, 10 жылқыдан шаруасын жаңа­дан жасақтаған қожалық бүгінгі күні кәсібі өрлеп, аудандағы ірі ауылшаруашылық құрылымға айнал­ды. Бүгінде қожалықта 700 га жерге бидай, күріш, жоңышқа сынды дақыл­дармен қатар қауын-қарбыз сынды бақша өнімдері егіледі. Ал ірі қара саны – 600, жылқы басы 600-ді құра­са, ойсылқараның саны 300-ден асқан. Қысы-жазы малдың жем-шөбін дайындап, бабын жасайтын 25 маман мен дала жұмысында 20 диқан жұмыспен қамтамасыз етілген. Мұны баяндаған жеке кәсіпкер мал шаруасына қажетті жем-шөптің бә­рі өз алқабында егілетіндіктен, мал басын көбейтуге қосымша көмек екенін жеткізді. Сондай-ақ ірі қара­ның мал басына 10 мың теңгеден «Сыбаға» бағдарламасы аясында қа­жет­ті субсидия алып отырғанын да тілге тиек етті.
Еңбекқорлық, агроиндустрия, мал бордақылаудың қыр-сыры сынды аудан басшысы мен жеке кәсіпкердің жұмыссыз жастарға бағытталған на­си­­хатынан соң, делегация құрамы ақырда көгенделіп тұрған асыл тұқым­ды түлікпен танысты.
– Кәсіпкерліктің сыры шығын мен табысты дұрыс есептеуде. Пайда көремін деген азамат әуелі тиімді өткізудің жолдарын меңгергені абзал. Осы жөнінде не айтасыз? – деді Ғалым Махмұтбайұлы.

СЕМИНАР СЕРПІЛІС СЫЙЛАДЫ

Шаруашылықтың тынысымен танысқан соң, Қаратөбе ауылдық клуб үйінде аудан әкімі Ғалым Әміреев NEET санатындағы жұмыссыз жастармен кездесіп, жан-жақты пікір алмасты.
– Еліміздің қарқынды дамуына өзіндік үлес қосатын қоғамның негізгі белсенді күші – жастар. Біздің алдымызда тұрған міндеттер мен тапсырмалардың бәрі аудан экономикасын ілгерілетіп, жастардың болашаққа деген сенімін арттыратыны сөзсіз. Осы мақсатта аудан әкімдігі мәжілісінде кәсіпкерлікті дамыту бағытында аудандағы жұмыссыз жүрген жастардың бейіндеріне қарай бағыттау, кәсіпкерлік нысандарын ашқысы келетін жастарды оқыту, оған берілетін гранттар мен несиелер жөнінде кең көлемде түсіндірме жұмысын жүргізуді тапсырғанмын. Сондықтан біз осы мәжілісті ұйымдастырып отырмыз. Атакәсіпке адалдық танытып, тындырымды тірліктен рахат тапқан шаруа қожалықтың төрағасынан табысқа жетудің сыры туралы білгілеріңіз келсе, еркін сұрақ қойып, пікір алмасып отырайық, – деді аудан басшысы.
Келесі кезекте жұмыссыз жастарға арналған мемлекеттік қолдаулар, қайтарымсыз гранттар мен несиелер жөнінде аудандық Жұмыспен қамту орталығының басшысы Жаңабек Тұрлыбеков баяндады.
– Биылғы жылы мемлекеттен берілген жас­­тарға жан-жақты қолдауды жүзеге асыру мақсатында жастар практикасына 176 адам жұмылдырылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша барлығы 180 үміткерді оқыту жоспарланып, 102 адам оқуын аяқтады. Оның ішінде 34 жас бар. Өз кәсіптерін ашу арқылы 75 жаңа жұмыс орындары ашылып, 32 жас жұмыспен қамтылды. Жастар арасындағы өндіріске 11 адам, қызмет көрсету саласына 15, мал шаруашылығына 24 адам жұмысқа жұмылдырылды, – деді.
– Баршаға белгілі, қазіргі таңда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын несиелендіру» бойынша және «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіби бағдар алып, қайтарымсыз грант, несие алып жатқан кәсіпкерлердің көпшілігі кәсібі дамыған кәсіпкерлер. Сондықтан мемлекеттен берілетін қолдауларды жұмыссыз жастарға, кәсіп ашуға ынталы, ауыл жастарына беру керек. Ауылдағы бос жатқан жастарға барып, психологиялық тұрғыда бұл гранттар мен несиеден қорықпай, кәсіпкерлік нысан ашып, жұмыссыздықпен күресу керектігін түсіндіру керек. Дәл осылай жұмыс жасасаңыздар, NEET санатына жататын жұмыссыз жастар азаяды. Сондықтан осыны ауыл әкімдеріне тапсырамын, – деді семинар модераторы Ғалым Махмұтбайұлы.
Келесі кезекте шаруашылық құру және басқару жүйесі жөніндегі тәжірибесімен бөлісу үшін «Сұңқар» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Құлмағанбет Оразқұлұлы сөз алып, мал шаруасы жөніндегі тың идеяларымен бөлісті. «Мен мал бағуды Сайрам елді-мекенінен үйрендім. Ол жақта малға азық болатын жем-шөп сатулы, тегін дүние жоқ. Соған қарамастан тұрғындар күнкөріс қамымен мал бордақылап, пайдасын көреді. Ал, бізде ше? Біздің ауылдарда аяқ бассаң егістік. Шөп мол. Тіпті, отбасыңа тиісті жер болса малға азық болатын дақылдар мен жоңышқа егіп, шығын шығармай-ақ мал асырауға болады» деген іскер тұлға ынта болса, қиын іс жоқ екенін жеткізді.
Бұл пікірге үн қосқан аудан басшысы:
– Бір ғана мал шаруасына сеніп отыра бермей, егістіктің де басын шалу керек. «Сұңқар» шаруа қожалығының атакәсіпке айналуының сыры да осында жатыр. Көпсалалы шаруашылық. Қажетті жем-шөп, мал азығы өзінде өндіріледі, әрі табандылық, ептілік деген ұғымдарды өн бойына сыйдырған азамат. Бізге осындай іскер тұлғалармен тәжірибе алмасудың маңызы зор, – деді.
Одан кейін әр түрлі елді-мекеннен жиналған жұмыссыз жастар мазалаған сауалдарын жолдап, мемлекеттік көмектер жөнінде жауап алды. Ал түгіскендік Бақытжан Тұрсынов «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту» бойынша оқып жатқанын сөз етіп, бағыт-бағдары мол семинар үшін алғыс айтты.
Кеңестің күн тәртібінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының іске асырылуы және 14 пен 29 жас арасындағы шығармашыл жастармен атқарылған жұмыстар жайлы қаралды.
Мінберде сөз алған аудандық ауылша­руашылығы бөлімі басшысының орынбасары Серік Сейдуалиев «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2019 жылы ХҚКО арқылы 100 маманнан өтініш түскенін, 52 маманның өтініші ұсыныста жоқ болғандықтан қанағаттандырылмағанын, тұр­ғын үй сатып алу мақсатында 47 маманға 178 012, 5 мың теңге қаражат бөлінгенін айтты.
Мұнан кейін сөз алған Жаңарық ауылының әкімі Ақжан Тұрғанбаев ауылда тұрмыс кешкен 2035 тұрғынның 400 жастар екенін тілге тиек етті.
– Жаңарықта Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша ауылдық округте 6 адам несие алса, оның 1-еуі жастар өкілі.
Биылғы жыл жастар жылы болып жариялануына байланысты түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылуда, – деді.
– Ауылдағы 14 пен 29 жас арасындағы жастар саны 418. Жалпы халық саны бойынша жастардың үлесі 28 пайыз. Оқушылар 98, студенттер 78, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар 67, жас кәсіпкер саны 7, өзге облыста жүрген жастар 103, бюджеттік қызметкерлер 36, және жұмыссыз жастар 4. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Іңкәр-ай» балабақшасына 1 жас, «Нэйла» балабақшасына 2жас, күндізгі емдеу амбулаториясына 1 жас, Қыркеңсе ауылдық әкімінің аппаратына 1 жас жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық жұмысқа және мемлекеттік бағдарламар бойынша 2 жас жұмыспен қамтылды. Бұл – Қыркеңсе ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі Тайбек Тәжібектің хабарламасы.
Аудан басшысының тосыннан қойған сауалына мүдірмей жауап берген жетекшіге Ғалым Махмұтбайұлы: «Жарайсың, жастар жетекшісі осындай болу керек» деп оң бағасын берді.
Мұнан кейін сөз алған Машбек Нәлібаев ауылының әкімі Өмірбек Ілясов:
– Ауылдағы 1 116 тұрғынның 282-сі жастар. Жастар жалпы тұрғындардың 25,3 пайызын құрайды. Қазіргі таңда жас кәсіпкерлік субьектілерінің саны 18 пайызға артып, 7 жасты қамтиды. Соның бірі, Әсел Жұмабек «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, 252.000 мың теңге қайтарымсыз грант алды. Ол ауыл тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр, – деді.

P.S.: Кәсіпкерлер мен жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, іскерлік дағдының қыр-сырына қанықтырған көшпелі отырыстан жұмыссыз жастардың түйгені көп. «Сұңқар» шаруа қожалығының тынысын тану арқылы агроиндустрия бағытында еңбектенуді мақсат еткендері де бар. Қорыта айтқанда, көшпелі отырыстан құнды мағлұмат алған жастардың енді еңбекке деген ынтасы артатыны сөзсіз.

Ханзада ДОШАН
17 тамыз 2019 ж. 846 0