№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алжир азап аралы

Алжир азап аралы

1937 жылғы 15 тамыздағы КСРО Қауіпсіздік комитетінің №00486 бұйрығы Отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргінді бастауға мұрындық болды. Бұл құжат ең алдымен саяси айып тағылғандардың әйелдерінің кінәсін еш дәлелдемей-ақ қамауға алуға және лагерьлерге жіберуге құқық берді. Қысқа мерзім ішінде, бас-аяғы бірнеше ай барысында барлық «Отанын сатқандардың» әйелдері қамауға алынып, 5-8 жыл мерзімге сотталып, лагерьлерге айдалды. АЛЖИР сондай лагерьдің бірі.

Онда түскен әйелдердің жазасы күйеуінің қай дәрежеде сотталғанына байланысты болды. Мәселен, күйеуі атылып кеткен болса жары ең ұзақ мерзім 8 жылға сотталды, күйеуі жаза мерзімін түрмеде өтесе оның әйелі ең кемінде 3 жылды арқалауға міндетті болды.
Мұнда тұтқындардың туған-туысқандарымен кез­десуіне және хат жазысуына тыйым салынған қатал тәртіп орнады. Ішкі тәртібі де ерекше қатаң болды. Тұрақты түрде қарауыл күзетіп, лагерь ішінде еркін жүріп-тұруға тыйым салынды. Бұл тұтқындардың тұрмыстық жағдайы мен денсаулығын ауырлата түсті. Тұтқындар 40 градустық аяздарда жұқа киімде жұмыс істеп, жиі үсік алып, өліп кетіп жатты. Ас-ауқаты нәрсіз болды. Мәселен, тілім қара нан, бір ожау сұйық ботқа-быламық күнделікті өзгеріссіз ас мәзірі болды. Нәтижесінде жұқпалы аурулар жайлап өлім-жітім көбейді. Әйелдердің өз жұбайлары мен балаларының тағдыры туралы еш хабарсыз болуы жағдайды одан сайын ушықтырды.
Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин, Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов, Санжар Асфендияров, Сейтқали Мендешов, Сұлтанбек Қожанов және т.б әйелдері азапты күнді осы лагерьде бастан кешірді.
АЛЖИР-дегі тұтқындардың шамамен 90 пайызының білімі жоғары дәрежеде еді. Атап айтқанда, түрлі мамандық өкілдері – инженер, техник, құрылысшы, дәрігер, геолог, мұғалім, суретші болды. Дерек бойынша, мұнда 1000 артист, 360 пианист әйел адам қамауда болды.
Ондағы тұтқындар егін екті, мал бақты, құрылыс жұмыстарына қатысты. Тіпті екінші дүние жүзілік соғыс кезінде АЛЖИР-де 8 мыңнан астам тұтқын әйел ұсталды.
1950 жылдың басында лагерь таратылып, ондағы тұтқындар басқа лагерьге ауыстырылды. Мерзімін өтегендер босатылды. Бірақ 1956-1957 жылдары Саяси репрессия құрбандары ақтала бастаған кезге дейін олардың көпшілігі тұрған жерлеріне қайтып оралуға құқы болмады.
Алжир жайында мәліметтер ХХ ғасырдың 80 жылдарының соңында ғана ашық айтылып, жазыла бастады. Ол жөнінде деректі «АЛЖИР» фильмі түсіріліп, «Кебенек киген арулар» пьесасы жазылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың ұсынысын ескере отырып, 1997 жылды елімізде бүкілхалықтық келісім және саяси қуғын-сүргін жылы деп жариялады. 31 мамыр күнін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойды. Осы уақыт аралығында қоғам Сталиндік лагерьлердің шынайы тарихын ғана емес, ондағы тұтқындарды қинап-жәбірлегені мен шектен шыққан сорақы әрекеттері туралы көптеген жайттарға қанық болды. Алжир мен басқа лагерьлердегі тұтқындар туралы көптеген мақала, монографиялық еңбектер, деректі фильмдер жарық көрді.
2007 жылдың 31 мамырында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен АЛЖИР-дің орнында ірі музей-мемориалдық кешені ашылды. Бұл оқиғаға лагерьдің бір кездегі тұтқындары қатысты. Бұл жерге мыңдаған, жүздеген адамдар келеді. Олар болашақта мұндай зұлмат ешқашан болмайды деген нық сенімді, тарихтан тағылымды санасына ұялатады. Біздің азаматтарымыздың арманы мен үміттерін ғайыпқа жіберген сталиндік террордың қаһарлы дауылы осылайша тарихта беттелгені кез келгеннің жанын ауыртары сөзсіз.

Лаура БИБАСАРОВА

30 мамыр 2020 ж. 1 483 0