» » Абайдың мұрасын насихаттау – игілікті іс

Абайдың мұрасын насихаттау – игілікті іс


Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалады. Сондай-ақ музыка өнерін жаңа биікке шығарды. Абай өмір сүрген дәуірде музыканы нотаға түсіріп, баспаға жазып таратудың мүмкіндігі болмағанымен оның әндері халықтың жүрегінде сапасы сай келетін шығармалар болғандықтан, ауыздан-ауызға тарап, тындарман санасынан өшпес орын алды. Ендеше ақынның рухани мұрасын дәріптегенде әндерін насихаттау маңызды саналады. Абайдың 175 жылдығы аясында «Ұлы даланың Абайы» атты аудандық ән байқауы – сондай мазмұнды шараның бірі.


Аудандық Манап Көкенов атын­дағы мәдениет үйі қолдауымен Түгіскен ауылдық клуб үйі ұйым­дастырған онлайн байқауға онға тарта өнерпаз қатысты. Жас ерек­шеліктеріне шектеу қойылмаған шараға мектеп оқушысынан бастап ел ағалары өнерін ортаға салды. Сайыс шарты ортақ. Яғни ақынның кез-келген бір әнін орындап, бейнежазба түсіріп, фейсбуктағы «Жаңақорған мәдениеті мен өнері» парақшасына жүктеуі тиіс.
Байқау жеңімпаздарын «Жаңа­қорған тынысы» газетінің бас редакторы Нұрлат Байгенже, мәде­ниет майталмандары Сайран Діл­манов пен Құралай Мұсахметова анықтады.
Алғашқының бірі болып Қожам­берді ауылынан Ердәулет Малим­беков Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап, желіде бөлісті. Түгіскендік жас әнші Іңкәр Әлиасқар да өз шеберлігін ортаға салды. Ол Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» әнін орындады. Қожамберді ауылының тумасы Асқар Үсенұлы домбыраның қоңыр үніне «Желсіз түнде жарық-ай» әнін қосты. Ал төменарықтық жас өнерпаз Нұрислам Тілеухан гитарамен «Көзімнің қарасы» әнін орындап, желі қолданушыларын тәнті етті. Біз де оның талабына таңдай қақтық. Сүттіқұдық, Бірлік, Жайылма ауылының өнерпаздары Сара Төлеуова, Мадияр Оспанов және Ұланбек Тасболат «Көзімнің қарасы» әнін әуелетті. Қожакенттік арулар Ұлдана Келдібек «Айттым сәлем Қаламқас» және Ақбота Әділбек «Өзгеге көңілің тояр ма» әнін көрерменге ұсынды.
Абай әндерінің өзгешелігі – мело­диялық, ырғақтық жаңалық­тарында, идеялық мазмұ­нының ашықтығында «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем Қаламқас», «Желсіз түнде жарық-ай» әні әр орындаушының стилінде өзгеше әуезге түсіп, мазмұндық деңгейі ашыла түсті. Байқаудың барысында осыны аңғардық.
Сайыс шарты бойынша қаты­сушылар өнерімен озады. Әділ қазы алқасының шешімімен бас жүлдені Ұлдана Келдібек, бірінші жүлдені Іңкәр Әлиасқар иемденді. Ақбота Келдібекті қазылар екінші орынға лайықты деп тапты. Нұрислам Тілеухан мен Сара Төлеуованың өнері тең бағаланып, үшінші орын бұйырды.
Аудан мәдениетінің өрісін кеңейтіп, халықты өрелі өнерімен сусындатып жүрген түгіскендік өнер ордасының басшысы Бақытгүл Тасходжаева ойын былай жеткізді: «Өнер – сол елдің мәдениеті мен дамуын айқындайтын қасиетті құрал. Оған үн қосуға әркімнің хақысы бар. Бүгінгі ән байқауы таланттарды тағы бір қырынан танытты. Сайыс қатысушылары жаңаша мазмұн беріп, Абай шығармашылығын жаңғыртты. 9 талапкер бейнеролик арқылы өз өнерін ортаға салды».

P.S.: Абай дәстүрлі қазақ музыкасына жаңа музыкасына жаңа үнді, жаңа ырғақты әнін қосты. Иә, ақынның әндері халықтық негізден нәр алып, халық әндерімен тамырласып жатқандықтан, ауыздан ауызға тарап, бүгінге жетті. Енді оны халықтық деңгейде дамыту «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы ретінде насихаттау керек. Олай болса, байқаудың ауқымы кеңейіп, дәстүрлі жалғасқаны абзал. Шарадан кейін ойға осыны түйдік. Себебі Абайдың музыкалық мұрасын насихаттау – игілікті іс.

Майра ҒАНИЕВА
23 мамыр 2020 ж. 1 265 0