Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Серіктің жұлдызы жоғары

Серіктің жұлдызы жоғары

Бірлік ауылында Орынтай Жошиевті білмейтіндер некен-саяқ. От тілді, орақ ауызды Орекеңнің әртүрлі алқалы отырыстарда айтқан әзіл-қалжыңдары бір кітапқа арқау боларлық. Орекеңнің бапкерлік қыры оның ішінде Серік Әбдрахманов сынды сайыпқыран туралы естелігін жазып алдық.


Орекеңнің жауырыны жер иіскемеген балуан­дарды баптауының қыр-сырына қанығудың өзі ғанибет. Ендеше біз Бірлік топырағынан шыққан Бейжің Олимпиадасына шәкірт тәрбиелеген бапкер Серік Әбдрахмановтың өміріне қатысты бірнеше эпизодтарды Орекеңнің өз аузынан естуді жөн көрдік. Шынын айту керек, қазір жетпістің есігін қағып тұрған жасына қарамастан Орекең өзін ширақ сезінеді. Талай баланы қолынан жетелеп әкеп, спортзалдың төрінен бір-ақ шығарған ерліктерін шәкірттерінің өздері үлкенді-кішілі отырыстарда айтып та, мақтанып та жүр. Шәкірттерімен Орекең өзі де мақтанады. Серік Әбдрахманов та сондай шәкірттерінің бірі. Серіктің алғашқы жеңісі туралы бір күліп алды да, әңгімені бастап кетті.
– Жаңақорғандағы білім бөлімінен хабарласып, жедел түрде 48 келі салмақта балуан табуымды талап етті. Спорт мектебі деген атымыз бар. 1979 жыл. Ересектер арасындағы облыстық спартакиаданы Шиелі ауданы қабылдады. Ыбырай Жақаев атында өткізілетін аламанда 48 келі салмақта күресетін бала жоқ. Содан 9-шы сыныптағы Серік Әбдрахманов көзіме түсіп жүрген. Ауданның құрама командасының сапында күреске соны алып бардым. Абдуллаев Халық деген кісі Жаңақорған аудандық атқару комитетінің төрағасы: «Сіз Серікті Шиеліге өзіңіз апарасыз. Себебі, 100 килограмм салмақта өзім де күресемін»,– деді. Серік бірінші кездесуінде Жалағаштың балуанын таза жеңді. Жартылай финалға дейін сүрінбей жеткен Серіктің жолын шиелілік балуан кесті. Тоғызыншы сыныптың оқушысы Қызылорда облыстық ересектер арасындағы спартакиададан үшінші орын алып, мектептің «Мақтау тақтасына» суретін іліп қойдық. Бірақ, ол жарыс ересектер арасында өткізілді. Содан Қыдыр көкем маған өкпеледі. Себебі, Серіктің грамотасында «Бекмурзаев Сәбит» деп тұр. Өйткені, жас баланы ересектер күресіне қатыстырмайтын болғасын Бірлік мектебін екі-үш жыл бұрын бітірген Сәбит Бекмурзаевтың төлқұжатымен күрескен еді ғой.
Орекең, Серік Әбдрахмановтың бапкерлікке қалай келгендігі туралы да қызықты етіп сыр шертті. 1984 жылы аудандық спорт мектебінің басшысы маған хабарласып, «Бірліктегі спорт мектебінің филиалы нәтижесіз жұмыс жасайтын болса, жабылсын» деген қаулы шыққандығын айтты. Красная Звезда, Төменарық және Бірлікте спорт мектебінің филиалдары бар болатын. «Бапкерлікке бір адам іздейін. Бір апта мұрсат беріңіздер», – деп ауданның рұқсатын алдым да, бапкер іздеуге кірістім. Ойыма Алматыдағы спорт институтын бітірмей, әскерге кетіп, жақында келген Серік түсіп, оның құрылыс жұмысына құлықсыз кетіп бара жатқанын бір-екі рет көргенмін. Иә, амалсыз кетіп бара жататын. Ескі мектепті жөндеп жатқан бригадада жүр екен. Барған бойда: «Серік өзің осы бапкерлікті қолыңа алмасаң, болатын емес», – дегенім сол, көзі жанып кетті. Екі қолындағы лай толтырылған екі шелекті екі жаққа лақтырған күйде, қолын жуып алып: «Қайда барамыз? Кім шешеді?», – деген сұрақтың астына алды. Зымырап жүріп, аудандық спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Әбутәліп Амановты тауып алдық. Ол қазір Қызылорда облысы бойынша еркін күрестің аға бапкері. Серіктің кластасы Сабыр деген жігіттің «Жигулиімен» зырылдаған күйі Жаңақорғанға жетіп, Әбутәліп Аманов ағамыздан түнгі екіде бұйрық алып келдік. Әкесі Қыдыр көкеміз №55 мектебінің интернатының шеберханасы жанынан ауылдың құрылысының прорабы Науқанбай Ақбалаевқа дереу күрес спорт мектебінің қысқы спорт залын салғызды.
***
Содан Серік Әбдрахманов еркін күреске алаңсыз үлкен құлшыныспен кірісіп, жылға жеткізбей нәтижесін шығара бастады. Бұрынғы спорт залымызда жылу да жүргізілмеген еді. Мұнда екі контрамарка пеш салынды. Сол күзден спортшы балуандарымыз ауданды шулата бастады. Сол жылы аудандық еркін күреске Бірлік ауылынан барған балалардың барлығы түгел бірінші орын алды. Командалық есепте бірінші тұрдық. Кейін көрдік. Бейжін Олимпиадасына қатысқан Жасұлан Оралбеков те бесінші сынып оқушысы жеңімпаздар қатарында сол кездегі бейне көріністе қалып қойыпты. Сол жарыста Жаңақорған аудандық спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Әбутәліп Аманов Серік Әбдрахмановқа өз қолынан жеңіс кубогін табыс етті. Соны еске алған кезімізде Серік бауырымыз көңілденіп: «Ореке, Сіз болмасаңыз мен мәңгі шелекпен лай тасып өтер ме едім?», – деп еске алып қолымды қысатын.
Содан бастап Ақүйіктен алымды балуандар шыға бастады. Олардың ішінде Роллан Кешубаев, Бақытжан Бердиев, Пернебек Беласаров, Дастан Молдағұлов және т.б. спорт шеберлері жарқырап шықты. Жақында Пернебек Беласаров Азия чемпионатының қола жүлдегерін даярлады. Түркістандағы балалар мен жасөспірімдер мектебінің аға жаттықтырушысы Бақытжан Бердиев те шәкірті ретінде Серік Әбдрахмановтың жолын жалғастырып жүр. Қызылордада өзінің жеке спорт мектебін ашып алған Орал Тілеуқабылов деген шәкірті бар. Жақында Жаңақорған ауданындағы кешенді Спорт сарайында Серік Әбдрахмановты еске алуға арналған турнир өткізілді. Қызылордадан Бейжің Олимпиадасына қатысушы шәкірті Жасұлан Мұхтарбекұлы да бапкерлік жолда.
Міне «шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, Орынтай Жошиевтің шәкірті Серік Әбдірахмановтың шәкірттері облыстың маңдайалды бапкерлеріне айналған. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек-ті. Жалпы Серік Әбдрахмановтың аты өшпейді. Өйткені, ол намысты, өр мінезді шәкірттер тәрбиеледі. Олар Серік Әбдрахмановтың атында жылда республикалық турнир ұйымдастырып, Серіктің тәлімін өсер жастың бойына сіңіруде.

Ескендір Ертай
02 шілде 2019 ж. 641 0