№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорған спортында жарқын қолтаңбасы бар

Жаңақорған спортында жарқын қолтаңбасы бар


Қасиетті Сыр елінің топырағынан талай саңлақ спортшылар шықты. Бүгінде егемен еліміздің көк туын Әлем мінберінде желбіретіп жүрген жеңістердің түп тамыры кешеге дейін кенжелеп келген өнердің көсегесін көгертуге ұтмылған шынайы ықыластың арқасы. Осы тұста өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ауданда тұғырын қадап, туырлығын тіктеген спорт мектептерінің мәртебесін айналып өту мүмкін емес. Бұл жөнінде ҚР-ның спортына еңбек сіңірген қызметкері,облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Жақсыбек Егізбаевпен сұхбаттасып, Жаңақорған ауданы спортының тарихы жөнінде жан-жақты мағлұмат алдық.


Бүгінде жасы сексеннің үшеуіне толып отырған Жақсыбек ағамыз 1963-67 жылдары Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институты­ның спорт факультетін фехтование (семсерле­су)мамандығы бойынша оқып бітірді. Ғылымға да осы жылдары ден қоя бастады. 1970-80 жылдары Жаңақорған ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарды. Ол кісінің айтуынша, 1970 жылы алғаш еліміздегі 265 ауданның орталығында спорт мектебі ашылыпты. Мектептің аты ғана болмаса, базалық, қаржылық мәселелері әлі толық шешілмеген және мамандар тапшылығы етектен алған қиыншылық кезеңде барлық кемістіктің орнын өздерінің қажырлы қызметімен толықтыра алған аға толқынның еңбегі өнеге етуге тұрарлық. Осы кезеңде Жаңақорған кентіндегі қыш мектептің жанында тұрған ескі ғимаратты өздері жамап-жасқап, ретке келтіріп, кілең білекті де жүректі деген өрендерді жиып кеп, жаттықтыру жұмыстарына кірісіп кеткендері күні кеще сынды. Спорт мектебінде өзі алғаш семсерлесу бөлімін ашып, өрендерді жаттықтырса, күрес бөлімін кәсіби маман Бектұрсын Әбутұраповқа (суретте) жүктегенін айтты. Басқа талапқа сай кәсіби маман жоқтың қасы, міне осы кезеңдері спорт мектебін аяқтан тік тұрғызуда қара терін төгіп еңбек еткен Бектұрсын бауыры туралы ілтипатты естеліктер әріптестік көңілден шын жүректен ақтарылуы заңды да.
– Бектұрсынның жас та болса еңбекқорлығы, ұстазға тән болмы­сы, бір сөзділігі, тиянақтылығы, уа­қытпен санаспайтындығы, ізден­гіштігі оны ерекшелеп тұратын. Жасөспірімдердің спортқа деген сүйіспеншілігін оятуда тынбай жұмыс атқарды. Жанарында оты барды танып, қабілетін барын­ша ұштай түскен ұстаздың алдын көр­ген шәкірттер қатарында есімдері елге белгілі спорт шеберлері шық­ты. Олардың қатарында Әбутәліп Аманов, Мұрат Тотаев, Серік Әб­дімәуленов, Иззат Құлахметов, Бақыт Мұхамеджанов, тағы басқалардың есімдерін мақтанышпен айта ала­мын. Бектұрсын шәкірттерін ылғи­да республикалық деңгейде өтіп жататын жарыстарға қатыстырып отырды. Қазір олардың көпшілігі мамандық биігін еңсерген, еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ спорты­ның қарыштап дамуына лайықты қолтаңбаларын қосып келеді, – дейді ұстаз. Ұстаз сөзінің жаны бар. Біз бұл азаматтардың жеңіс жолдарымен 2021 жылы аудан спортының 50 жылдығына орай арнайы шығарылған «Әлемге қол созған Жаңақорған спорты» деп аталатын тарихи танымдық кітап бетінде терең таныстық.
Осы азаматтардың қатарында аудан спорт мектебінің алғашқы негізін қалаған Бектұрсын Әбу­тұраповтың есімі жүрегімізге жа­қын. Бар болғаны 42 жыл ғұмыр кешкен аяулы ұстаздың есімін жас ұрпақ жүрегінде жаңғыртып отыруды мұрат тұтқан артында қалған шәкірттері жыл сайын аудан орталығында еркін күрестен облыстық және республикалық деңгейде Бектұрсын Әбутұраповты еске алуға арналған турнир өткізіп отыруды дәстүрге айналдырған.
Бектұрсын ағамыздың түтінін түзу ұшырып отырған асыл жары, ардақты ана, аудан орталығындағы №51 мектепте ұзақ жылдар математика пәні мұғалімі болып жұмыс атқарған Дина апамыздың негізгі мамандығы математика пәні мұғалімі болғанымен өзі шығармашылыққа жақын, өлең жазатын өнері бар екен. Математика пәніне ақындықтың қандай қатысы бар деуі мүмкін кейбіреулер. Мүлде олай емес. Тамаша математик болу үшін ақын болмасаң да ақынжанды болуың керек. С.В.Кавалевская Ақынжанды болмаған адам мате­матик бола алмайды» деген екен. Дина Башарованың бойын­дағы осынау қабілетімен өрендерге жаңаша мазмұнда білім берудің әдіс-тәсілдерін құрастырған методикалық жинағының шығуы соның дәлелі. Бүгінде зейнетте отырған бұл кісі қырық жасында ерінен жесір қалса да төрт бірдей перзентін қатарынан кем қылмай жетілдіруде жар құла­ғы жастыққа тимей табандылығын таяныш еткен қаншама жылдарды артқа қалдырды.
70 жылдары аудан орталы­ғындағы №51 мектебіне қызметке орналасқан жас мұғалима қызы­мыз осы мектепте денешынықтыру­дан сабақ беретін Бектұрсын­мен жарасымды жұп болатынына ұжымның барлығы тілектес болған тәрізді. Жанұя бақытынан тыс бұл екі жас қос саланың жаңа бүр жарған бәйшешегіндей бүкіл уақыттарын балалармен бірге өткізуге арнапты. Бірі ауданда денсаулықтың кепілі – спортты жандандырса, бірі мектеп партасында отырған қазақ баласының көкірек көзін ғылым патшасы – математика пәніне ашуда бер ықыласымен жұмыс жасады.
Дүниеде көптің игілігіне еңбек еткеннің әр күні мағыналы мәнге толы болады екен. Бүгінде ойлап отырса, екеуі қол ұстасып өткізген шуақты күндердің көбі «ағай, апай» деп соңынан қалмайтын қабілетті түлектердің қайтсем бабын жасап, бағын ашамын деген қастерлі талабын қамшылауға арналыпты.
Бүгінде жасы жетпіске жақындап қалған ардақты ұстаз Дина апамыз анда-санда аудан орталығындағы музейдің қапталында орналасқан спорт комплексінің жанына келіп, баяғы өзінің ерінің ізі қалған көне ғимаратқа бас сұғып, бөлмелерді асықпай аралап кететіні бар. Міне, осы жайда аяулы жары – Бектұрсынның жастық ғұмыры өтті. Талай жас өренді алқын-жұлқын күрес өнеріне баулимын деп жүріп, өзі де бір сәт демалуды білмеген ол спортты мәңгі жанына серік етті. Отбасында дүниеге келген перзенттерін де осы жолға баулы­сам деді. Әке үмітін ақтаған екі ұлы Самат пен Алмат денешынықтыру пәні мұғалімі мамандығын алды. Ал қыздары – Жұлдыз бен Сәуле бірі тәрбиеші, бірі кәсіпкер екен.

Жеке бастың қамын жиып қойып, қоғам мүшелерінің саулығы мен салауаттылығы жолында тер төккен кәсібіне адал жанның осы қызметтері үшін алған мара­паттарының саны санап отырсақ алпыстың үстіне шықты. Олардың көпшілігі республикалық, облыстық, аудандық сайыстарға талапкер апарып, жүлде иеленгені үшін берілген саланың мақтау қағазда­ры мен дипломдары.

Өткенге көз жіберсек, Бектұр­сынның шә­кірттерінің арасынан талай мық­тылар шығып, елі­мізге танымал болды. Бақыт Мұ­хамеджанов, Әбу­тәліп Аманов, Болат Сабырханов сынды баптаған шәкірттері бүгінде осы саланың тірегіне айналып, туған жердің азаматтарына қамқорлығын жасап келеді. Олар алдыңғы толқын ағалар есімін ұлықтап, аманатына адал болуды басты мұратымыз деп санайды.
Жастай өмірден озып кеткен тәлімгер ұстаздары Бектұрсын Әбутұраповтың есімін мәңгі есте сақтау үшін оның еңбек еткен, маңдай терін сарқыған спорт кешеніне есімін беру жөнінде шәкірттерінің ғана емес, ол кісіні білетін, еңбегін қадірлейтін барша замандастарының ортақ ой-тілегін төл газетіміз арқылы жариялауды жөн көрдік. Аудан орталығында спорт кешендері, клуб, түрлі секциялық орталықтар бірінен соң бірі ашылып жатыр. Соның біріне Бектұрсынның есімін беру кезек күттірмейтін әрі ақиқи негізі бар бастама деп сенімді түрде айта аламыз.

Баян ҮСЕЙІНОВА
20 ақпан 2023 ж. 509 0