№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жарты ғасырдың белесі

Жарты ғасырдың белесі


Жақында жарық көрген аудан спорты тарихына арналған жаңа кітап осылай аталады. Бас редактор, авторлық ұжы­мының жетекшісі – Жақсыбек Егізбайұлы. Ол – профессор, Халық­аралық педа­гогикалық Білім академиясының ака­демигі, Қазақстаның Құрметті спорт қайраткері, Журналистер одағының мүшесі.


– Сыр өңірінде Жаңақорған ауданы даңқты спортшылармен мақтана алады. Әсіресе еркін күрес және ауыр атлетика шеберлерінің Олимпиада ойын­дарындағы табысты өнер көрсетуімен ерекшеленеміз. Жал­пы ауданда бұқаралық спорт қарыштап дамып келеді. Спортпен шұғылданатын тұрғындардың үлесі 31 пайыздан асты. Бұл – үлкен жетістік. Әрі, ауданда спорттық инфрақұрылымды жетілдіруге басымдық берілуде. Мәселен, спорт ғимарттарының саны 349 бірлікті құрайды. Бұл жасөспірімдер мен жастардың салауатты өмір салтын ұстануға жан-жақты жағдай жасайды.
Кітаптың мазмұны 10 тараудан тұрады. Алғашқы тарауында аудан спортының даму кезеңдері жазылған. Тарих көрсеткендей, аудан спортының алғашқы биігін небәрі 13 жастағы желаяқ Өстемір Әлиев бағындырған. 1950 жылы ол атақты желаяқ Әмин Тұяқовтан озып, «спорт шебері» атанады. Бала Өстемір облыстағы №1 желаяқ атанып, жеңіл атлетика тарихына таңба басады. Алайда, ауыр науқасына байланысты жалынды жас 18 жасқа жетпей спортпен қош айтысқан. Міне, аудан спортының тарихы сұрапыл соғыстан соң осылай қалыптасты.
Ал, Шиеліден бөлініп, жеке аудан бол­ған Жаңақорғанның дене шынықты­ру және спорт комитетінің алғашқы тізгі­нін Тұрғамбай Шоңғараев ұстады, әрі «Қайрат» ерікті спорт қоғамы төрағасы міндетін қоса атқарды. Қысқаша айтар болсақ, спорт комитетінің басшы міндетін одан соң Кенжебек Саркулов, Ерман Көшербаев, Тәжіхан Серікбаев, Омар Төлегенов, Әбдіхалық Әбділлаев, Бахытжан Мұхамеджанов, Мәметәлі Жәденов, Ерік Абраймов абыройлы атқарды. ХХІ ғасыдың көшін Қалмахан Тәжідінов бастады, одан кейін Әмір Рысбеков 11 жыл аудан спортына басшылық етті. 2015 жылдан бастап аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімін Махмут Рахымжанов басқарады.
– Жаңадан ашылған мектептің өз алдына дербес спорт залы болмады. Аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен сол кездегі ескі байланыс үйіне орналасқан Пионерлер үйінде жаттығу сабақтарын жүргізе бастадық. Алдағы оқу жылында арнайы спортзал қарастырылатыны ескертілді. Семсерлесуді өзім жүргізсем, еркін күрестен Нұрбек Балымбетов сабақ берді. Оның күреске деген махаббаты ерекше еді, жан тәнімен беріліп дәріс беретін. Алайда денсаулығына байланысты көп ұзамай қызметтен кетті. Барлық жұмыс өзіме қалды. Сол тоқырау кезеңдерді де меңгердік. Қазір шүкір барлық жағдай жасалынған, спорттың қай түрімен айналысамын десеңіздер де өз еріктеріңіз. Тек еңбектену керек, – деді Жақсылық аға.
Жалпы кітап мақсаты спорт мектебінің 50 жылдығына арналған, 1970 жылы іргетасы қаланған мектеп тарихының жарты ғасырлық ғұмырдариясы төртінші бөлімде жазылса, бесінші тарауында спорт мектебінің тәлім-тәрбие ретінде танылуы суреттелді. Жақсылық Егізбаевтың қолжазбасымен 1970 жылдан бүгінгі белестер сара­ланып, еңбегі сіңген ерлердің есімі аталды. Сондай-ақ мектеп түлектері де төрден орын алған, олардың қатарында аға буыннан бөлек олимп шыңын бағындыруға аттанған балуандардың есімдері алтын әріппен жазулы тұр. Гір тасын көтеруден әлемді төрт рет бағындырған Серік Ибрагимов ағамыздың да есімі ерекшеленеді. Жасы алпыстан асса да әлі де жаттығудан қол үзбей, ардагерлер арасындағы додаларда бой көрсетіп келеді.
– «Елу жылда ел жаңа» демекші, жарты ғасырдан астам тарихы бар аудан спортының бағындырған белесі аз емес. Әсіресе ел тәуелсіздігін алған жылдары жастар талай аламанда атой салды, байрақты бәсекелерде жүлдесіз оралмайтын еді. Ал, осы кітапқа таңба болып басылған әрбір азаматтың еңбегі расында бар. Алдыңғы ағалардың біразы арамызда жоқ, бірақ бірімізге іні, бірімізге аға болып жүрген жерлестеріміздің қайда жүрсе де аудан спортын қолдап жүргені жанымызға демеу болады. Әлемді, құрлықты талай бағындырған спортшылардың ізімен балалар тәрбиеленіп келеді. Бұйырса, үлкен белестің барлығы алда деп үміттенеміз. Өйткені ауыл балаларына да барлық жағдай жасалынып, спорт саласы бір ізге түсті. Енді осы жолмен жүріп, олимп шыңын бағындыратын жаңақорғандықтар шықса деген тілегіміз бар, – деді спорт ардагері Мәметәлі Жаденов.

Жетінші бөлімде елді мекен­дердегі бөлімдердің бағындырған белесі басылған. Соңғы жылдары белбеу күресінен облыста ғана емес, елдің ең мықты балуандарын шығарған Әбдісаттар Садықов басқаратын №8 Түгіскен спорт мектебі ерекше аталады. Былтыр 2021 жылдың қорытындысымен белбеу күресі бойынша Қазақ­станның ең белді ауданы ретінде Жаңақорған танылды. Міне, спортшылардың маңдай тер, ерен еңбегі мен бапкерлердің білігі осыдан білінді. Бесарық, Төменарықтың тарландары мен Бірліктің білікті бапкерлері де арнайы беттелген. Ал, аудан орта­лығындағы Сламхан Боранбаев басқаратын №7 спорт мектебінің орны бір бөлек, сол секілді Болат Сабырханов жетекшілік ететін спорт клубының да жетістігі өз алдына. Кітапта аудан спортының өркендеуіне өзіндік өнегесі бар азаматтардың ой-пікірлері де жазылыпты.
«Күрес те өнердің бір төресі» айдары мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жаңақорған спорт клубы» туралы тереңнен сыр шертілген. Кітаптың соңғы беттерінде тек суреттер сөйлейді. Мектептің алғашқы баспалдағын аттап, түлеп ұшқандар мен бүгінгі күні ел намысын қорғап жүрген азаматтардың бейнесі басылған. Қысқаша құнды кітап туралы айтарымыз осы.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
02 ақпан 2022 ж. 602 0