Профессор Жақсыбек Егізбаев – 80 жаста
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жақсыбек Егізбаевтың 80 жасқа толуына орай салтанатты Ғылыми Кеңес өтті.
Жиында Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Кәрімова профессордың білікті кәсіби маман, педагог-ғалым ретінде университет даму тарихында өз қолтаңбасын қалыптастырған тұлға екенін атап өтті.
- Жақсыбек Егізбаев Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 30 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Профессор 150-ден астам ғылыми мақала, 10-нан астам оқу-әдістемелік құралдың авторы. Оқытушыдан бастап құрметті профессорға дейінгі қажырлы еңбек жолы көпке үлгі. Қазақстан Республикасының елдік, ұлттық тұтастық, тұрақтылық мүдделерін қорғайтын демократиялық бағыттағы «Ұлт тағдыры» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы ретінде ұлт болашағы, тарихы, мәдениетін дамыту бағытында үлкен қызмет атқарып келеді, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Сондай-ақ, ғылыми кеңесте университеттің 9 оқу ғимаратындағы №101 дәрісханаға Жақсыбек Егізбаевтың есімін беру туралы шешім қабылданды.
Жақсыбек Егізбаев 1970-1980 жылдары Жаңақорған ауданындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарды. 1977-1979 жылдары Жаңақорған ауданының «Орленек» тынығу лагеріне директор етіп тағайындалып, оның бастамасымен 1937 жылдан бері өзгермей келе жатқан «Орленек» атауы «Жас сұңқар» деп ауыстырылды.
1980-1990 жылдары Қызылорда облыстық білім бөлімінің мектеп инспекторы, А.С.Макаренко атындағы балалар үйінің директоры, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының меңгерушісі, облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1990 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, Жаратылыстану факультетінің тәрбие жұмыстары жөніндегі декан орынбасары болып еңбек етті.
1999 жылы Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясында «Дене тәрбиесі құралдарын жүйелі қолдану арқылы оқушылар денсаулығын нығайту» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
1999-2003 жылдары екінші шақырылған Қызылорда қалалық мәслихат депутаты болып сайланды. Депутат ретінде қаланың қоғамдық-әлеуметтік, саяси өміріне белсене араласып, дене тәрбиесі мен спортты насихаттап, бұқаралық спорттың дамуына қомақты үлес қосты.
Жақсыбек Егізбайұлы – ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Сонымен қатар, Қызылорда облысы спорт ардагерлері кеңесі және республикалық «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал төрағасы қызметтерін атқарып келеді.
Педагог «Қазақстанның құрметті спорт қайраткері» және ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасы дене тәрбиесі мен спортына сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісі, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін», «Қызылорда қаласына – 190 жыл», «Қызылорда облысына – 70 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл», Қазақстан Республикасы мәслихат депутаттарының 20 жылдығына арналған мерекелік медалімен және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Алтын медалімен марапатталған. Сондай-ақ, «Халықаралық педагогикалық Білім академиясының академигі», «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» атақтарын иеленген.
Айта кету керек, ғылыми кеңеске облыстық мәслихат аппаратының басшысы Бақытжан Ідірісов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қызылорда облыстық дзюдо федерациясының президенті, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Садық Мұстафаев, Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті, Спорт кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Жандос Есіркепов,халықаралық "Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалының төрағасы, республикалық "Тіл сақшысы" газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсат және университеттің Ғылыми Кеңес мүшелері қатысты.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы