№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Даңқты боксшы

Даңқты боксшы


Мұрат Қайназаровты замандастары мен әріптестері және шәкірттері білікті ұстаз ретінде таниды. Ал, бүгінгі буын ағайдың қандай спортшы болғанын әсте біле қоймас, ол дәуренінде жасындай жарқылдаған боксшы болды. Ел біріншілігі былай тұрсын, Ресейді де бағындырған былғары қолғап шебері, бір сөзбен айтқанда, бүгінгінің тірі аңызы. Жасы 70-тен асып, үйге таңылған ардагер спортшымен сұхбаттасудың сәті түсіп, өткен күндердің естелігін ақтардық.


Жалпы Жаңақорған боксының тарихы өткен ғасырдың жартысынан бастау алады. Қаншама чемпиондар шыққан ауданның еңсесі қайта тіктеліп келеді. Ел және байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген жастардың құтты қадамында осыдан 50 жыл бұрын шырақ жаққан Мұрат Қайыпбекұлы, Құрбаш Саркулов сынды аға буынның еңбегі зор.
Мұрат ағай 1956 жылы орыс орта мектебінің табалдырығын аттап, 1966 жылы бітіріп шығады. Бала кезінен спортқа құмар ол бокс залына 1964 жылы келеді. Екі жыл ішінде жастар арасынан облыс чемпионы атанады.
– 1967 жылы Алматыдағы КазГУ-ге оқуға түстім. Құқық факультетіне түсу ойда болған еді, алайда, тарих факультетіне түсіп, бітіріп шықтым. Айта кететіні, маған демеу болып, қолғабыс білдірген Сұлтан Сартаев ағамыз еді. Оқуға түскен жылдан бастап, жаттығуды қайта жалғастырдым. Ол кездегі бапкерім Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Меңгерей Хайруднов болатын. Келер жылы жастар арасындағы ел біріншілігіне қатысу жоспары тұрды, – деп сөзін бастады.
Иә, жалынды жас 1968 жылы жастар арасындағы ел чемпионатын жеңіп алады. Осы жылы спорт шебері дәрежесін алып, мансабын жалғастыруға бел байлап, «Динамо» спорт клубының сапын толықтырады.
– Клуб мүшесі ретінде айына 100 сом шәкіртақы алатын едім, әрі тамақтану да тегін. Жеңіл салмақта шаршы алаңға шығып жүрдім. 1971 жылы Алматы қаласында өткен республикалық студенттер арасындағы универсиадаға қатысып, күмісті қанағат тұттым. Жіберген қателіктеріммен жұмыс жасап, келер жылы Шымкент қаласында өткен универсиадада бақ сынадым. 57 келіде қарсылас шақ келтірген жоқпын. Оқу орнына ректор болып Өмірбек Жолдасбеков келді. Маған таңдау жаса деді, мен клубтан кетіп, оқуды таңдадым. 1973 жылы бүкілодақтық С.Джаксон атындағы турнирге алғаш қатысып, тағы алтын тұғырдан көріндім. Сол жылы Жамбылда өткен жастар чемпионатында да жеңіспен оралдым, – деді кейіпкеріміз.
Ол сол жылы СССР спорт шеберлігі атағына қол жеткізеді. Араға бір жыл салып, Ресейдің Барнаул қаласында өткен біріншілікке қатысып, 60 келіде чемпион атанады. Сол жылы Ресей басшылығынан ұсыныс түсіп, қалуға уағдаласады. Өзге елде жүріп, өз салмағында теңдесіз екенін дәледейді. Екі жыл қатарынан ересектер арасында Ресей чемпионы атанады. 1975 жылы Владивосток қаласында өткен біріншілікте бірінші орынды жеңіп алған соң, елге оралуды ойлайды. Көп ұзамай Қазақстанға келіп, бапкерлік жолды жалғастыруды ниет етті. Алдымен әр түрлі қызметте жүріп, 1981 жылы кіндік қаны туған өлкеге оралыпты.
– Ауылға оралған соң ағаң бокс мектебіне жаттықтырушы болып қызметке орналасады. 1982 жылдан 1986 жылға дейін ДСО «Қайрат» қоғамының басқарма басшысы болып еңбек етті. 1986 жылдан 2011 жылға дейін Н.Илялетдинов атындағы орта мектепте ұстаздық жолда болып, зейнетке шықты. Тарих пәнінен дәріс берді, 23 жыл оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етті. Айтпақшы, екеуміз 1983 жылы бас қостық, содан тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Ұлымыздан төрт немереміз бар, жалпы айтқанда, отағасы боксқа шынайы берілген жан, – деп әңгімеге үйдегі апамыз араласып, спортшының жары болу қандай жауапкершілік екенін жеткізді.
Анамыз да зейнетте, саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнап, осы құтханадан зейнетке шыққан. Ардагер боксшы кішкентай немересін спортқа баулығысы келеді екен. Дамир боксты емес, еркін күресті таңдапты. Сөз соңында бүгінде дімкәс жанарынан адымы қысқарған дарынды боксшы, ардагер спортшы:
– Мен өмірге қайта келсем, осы спортты таңдайтын едім. Әттеген-ай деген тұстарым болды, олимп шыңын бағындыруды армандадым. Бірақ, көкіректе өкініш жоқ, шүкір жаман болмадым. Менің бокстағы алғашқы қадамыма болысып, қолдау білдірген Ислам Усманов болатын. Осы жолды таңдауыма көп еңбек сіңірді. Сондықтан, менің тарихымда спорт саласының орны әрқашан төрде тұрады, балам, – деп әңгімесін аяқтады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
19 мамыр 2021 ж. 693 0