Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Тұрсекеңнің тұғыры

Тұрсекеңнің тұғыры


Жаңақорған футболы туралы сөз қозғалса міндетті түрде Тұрсынхан Мұсаевтың есімі қатар аталады. Неге? Өйткені аудан футболының іргетасы Тұрсынхан ағайдың шәкірттерінен қаланды десек артықтық емес. Кешегі ел егемендігін алғанға дейін және одан кейін де аудан футболын өрге сүйреген бапкерді тек Сыр жұрты ғана емес, қазақ елінің бүгінгі ардагер аяқ допшылары жақсы таниды. Сондықтан бір сәт уақытты кейін шегеріп, білікті бапкердің еңбек жолына көз тастап және бүгінгі хал-жағдайын білу үшін арнайылап мақалаға арқау етуді жөн көрдік.


Шыны керек, қазір ауданда ала доп сырын түсінетін талантты жастар өте көп. Бірақ басым көбі түрлі саланың жетегінде, футболды жай хобби түрінде ала жүреді. Ал Тұрсынхан ағайдың тұсында жағдай мүлдем бөлек болды. «Шеңгелдің арасындағы ауылдан» шыққан балалар облысты небәрі бір жылдың ішінде мойындатты. Содан бері 30 жылдан асты, облыста Жаңақорған футболының шоқтығы әрдайым биікте тұрады. Енді бір сәт ағайдың өмір жолын, еткен еңбегіне көз салып өтейік.
1942 жылы ұста отбасында дүниеге келген болашақ бапкер 1959 жылы мектепті тәмамдап, 1959-1961 жылдар «ПМК-33» мекемесінде құрлысшы болып еңбек жолын бастайды. 1961 жылы Ташкент қаласында Теміржол институтына түсіп, 1967 жылы инженер мамандығы бойынша диплом алып шығады. 1967 жылы жолдамамен Балқаш қаласына жұмысқа жіберіледі. Сонда екі жыл ОВЭ «Отдель Внутренней Эксплуатация» мекемесінде жұмыс атқарды. 1969-1977 жылы аудандық банкте инспектор, 1977-1985 жылы Жаңақорған ауданындағы статистика мекемесінде бас маман ретінде қызмет етеді. Алайда бала кезгі арманы Тұрсынхан ағайды футбол мектебіне жетектейді. 1987 жылы Жаңақорған балалар мен жасөспірімдер мектебінде футболдан бапкер қызметіне тағайындалады.
Бас инженер болып жұмыс істеп жүрген кезінде ауданға футболдан бапкер болуға Бақыт Мұхамеджанов пен Мұрат Тотаевтан арнайы ұсыныс түскен еді. Міне содан 25 жылдан астам уақыт жастарға бар тәлімін төгіп, қаншама мықты шәкірт тәрбиелеп шығарды. Шәкірт демекші, бүгінгі мақаланың негізгі арқауы осы шәкірт төңірегінде болмақ. Тұрсынхан ағайдың тәрбиесін көріп, мектебінен өткен оқушыларының алдыңғы буыны Манас Жусупов, Бақыт Әлиев, Амангелді (Амаро) Сұлтанбаев, Қуаныш Аблакимов, Қайрат Жұманов, Мұрат Оспанов, Абу Жусупов, Ален Реметов, Берік Утенов, Еркін Тұртанов, Нұрлан және Ерлан Мұсаев, Жақсылық Оспанов, Болат Саркулов, Берік Жұмағұлов және Ғалымжан Жанадилов болды.
1977-1979 жылы туылған шәкірттері облыстың бірнеше дүркін чемпионы атанды. Ерлан Нұртазаев, Оразалы Тасболатов, Жомарт және Қанат Мұсаев, Ерлан Аптаев, Ержан Қарақожаев, Мақсат Имияминов, Ғалым Рүстемов, Дастан Саркулов, Бауыржан Жұмағұлов, Нұржан Жанадилов, Дархан Реметов, Серік Әбдімәуленов, Ағаділ мен Ахмет Алайдаров және Сакен Нүрділлаев сынды шәкірттері тек облыста ғана емес, республикалық додаларда топ жарып, көзге түсті. Мәселен, Жезқазған қаласында өткен турнирде үздік үштіктен көрінді.

Ал кіші буын шәкірттері арасынан Орынбасар Жүсіпов, Әділбек Әбдуханов, Қуаныш Мүсілім, Азамат Омаров, Асыл Қаппаров, Даулет Жапаров, Фархад Данеев, Руслан Әлібаев, Қанат Мамбаев, Ерболат Рүстемов, Азат Алтынбеков, Нұрхан Байзақов, Абай Жамалдин және Біржан Әнуар және және т.б түрлі клуб қатарында шеберлігімен ерекшеленіп жүр.
Тұрсынхан Мұсаев бастаған Жаңақорған «Сығанақ» командасы облыстың бірнеше дүркін чемпионы, «Алтын-күз» спартакиадасының 9 дүркін, Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған облыстық турнирдің 10 дүркін жеңімпазы. 2013-2014 жылдары облыстық спорт басқармасының демеушілігімен Қазақстан кубогіне қатысып қайтты. Қазір бапкердің орнын Ерлан Аптаев пен Ахмет Алайдаров басты. Олар футболдан ауданның аға жаттықтырушысы болып қызмет атқарады. Осы мақаланың жазылуына, тың деректермен бөлісуіне ат салысқан Оразалы Тасболатов болатын.
– Ұстаз шәкірттерінің ішінде Жақсылық Оспанов қазір облыстық спорт басқармасының басшысы қызметінде, Болат Сабырханов аудандық спорт клубының директоры, Ерлан Нұртазаев Халық банкінің Қызылорда қаласы филиалының басшысы. Шәкірттерінің ішінен Ерлан Аптаевты ерекше атауға болады. Әлі күнге дейін аудан жастарымен ел намысын қорғап келеді. Рүстемов Ғалым №169 орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Ағаділ Алайдаров Яссы Рахат Түркістан I лигасында ойнаған, бүгінде Қазақ-Түрік Университетінің заң факултетінде деканның орынбасары қызметінде. Ахмет Алайдаров біраз жылдар «Қайсар» командасының қақпасын қорғап, тала жетістікке жетті. Міне, осындай шәкірттері бар Тұрсынхан ағайдың есімі жаңғырып тұра береді, – деді Орекең.
Оразалының өзі қазір №163 орта мектепте денешынықтыру пәні мұғалімі. Оқушылары облыс чемпионы. Coca-cola былғары доп жарысынан 2018 жылы республикалық Sport FEST жарысынан 2-орын, 2019 жылы оқушылар спартакиадасынан шәкірттері ел чемпионы атанды. Жаңақорғанда осындай дарынды балалар өсіп келеді. Айтпақшы, Тұрсынхан мектебінің соңғы түлектері Ерболат Рүстемов қазір I лигада «Ақжайық» командасында доп теуіп жүрсе, Нұрхан Байзақов футболдан «Атырау» командасының намысын қорғауда. Ал, Абай Жамалдин I лигада өнер көрсеткен «Байқоңыр» командасында топ тепті.
Қысқаша айтқанда, аудан футболының тарихы осылай өрілді. Қалғаны уақыттың еншісінде...

Әлібек ТЕМІРБЕК


05 тамыз 2020 ж. 900 0