№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бокстың кешегісі мен бүгіні

Бокстың кешегісі мен бүгіні


Жалпы Жаңақорғанда бокс спорты десек ойымызға бірден Құрбаш ағай оралады. Иә, жарты ғасырға жуық бокстан аудан жастарын тәрбиелеп, биіктен көрінуге еңбек сіңірген білікті бапкердің есімі қашанда төрде тұратыны заңдылық. Дегенмен бокс спортының тарихы ХХ ғасырдың екінші жартыжылдығында бастау алды. Содан бері жеткен жетістік, бағындырған белес аз емес. Әсіресе соңғы жылдары әлемдік ареналарда аудан спортшылары бақ сынай бастады. Сондықтан осы спорттың тарихын таразылап, келешекке қадам басуды жөн көрдік.


1958-1965 жылдар Жаңақорған боксының тарихы бастау алған кезеңі болатын. Бұл жылдары Шәріп Сапаров, Тұзақбай Тұртанов, Нетәлі Қуатбеков, Бекжігіт Кенжебаев, Әбен Жәуенов Қазақстан біріншілігінде топ жарды. Одан кейін 1964 жылы Жаңақорғанда алғаш рет Асыл Дәукенов спорт үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиеледі. Оның ішінде, Мұрат Қайназаров, Ислам Усманов, Құрбаш Сарқұловты бөліп-жарып айту керек. Алайда үйірме 70-жылдары жабылды.
1972 жылы кәсіптік-техникалық училище жанынан Құрбаш Сарқұловтың жетекшілігімен спорт үйірмесі қайта ашылып, жастар училище атынан сынға түсті. Боксшылар жертөледе дайындалғанына қарамастан жетістіктерге жете бастады. 1974 жылы аудан жастары Аралға барып, облыста үздік үштіктен көрінді.
2008 жылы Әбдіғаппар Ашимов басшылық еткен №7 спорт мектебі жанынан бокс үйірмесі ашылды. 2016-2018 жылы жаңақорғандық төрт боксшы жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде чемпион атанып үлгерді.
Олжас Мүтән, Азамат Бектас, Қуандық Жүсіп сынды жас боксшылар табысты өнер көрсетіп, қазақ боксында өзіндік орны бар екенін дәлелдей түсті. Бүгінде Қуандық ұлттық құрама сапында. Ол халықаралық жарыстардың жеңімпазы, ел чемпионатының жүлдегері.
Ал Азамат өз салмағында Сыр өңірінде ғана емес, Қазақстанда да мықты екенін дәлелдеп келеді. Азаматтан күтер үмітіміз көп.
Шәкірттерін шыңдап, жеңістің жолын табуға бастап келе жатқан Нұрбек Исаев, Жандос Жаназаров, Дінмұхаммед Абайхан сынды бапкерлердің еңбегі зор. Дінмұхаммед байрақты бәсекелерде төрешілікті абыройлы атқарып келеді. Қазір АИБА төрешісі. Бұл жетістіктердің артында Құрбаш Саркуловтың тұрғаны анық.
– Бапкерлердің бар арман-тілегі чемпион тәрбиелеу, елдің көк байрағын көкке көтеріп, атын әлемге оздыратын шәкірт шығару. Спорт саласында жүргеніме 50 жылдан асты, қаншама қиыншылықты бастан кешірдік, жаттығу залы болмай, далада да шыңдалып өстік. Сонда да бокстан ажырамадық, Тоқсаныншы жылдардың тоқырауда да еңсеміз түспеді. Шүкір, жыл сайын жаңа, әрі заманауи спорт кешендері бой көтеруде. Ендігі біздің шәкірттердің міндеті тек еңбектену керек, нәтиже шығаруы тиіс. Оған ауданның жастары мен жасөспірімдерінің әлеуеті жетеді, – деді Құрбаш ағай.
Айта кететіні, енді қыздар спортының да жеңісті жолдарына куә болатын боламыз. Өйткені бокстан қыздар үйірмесі қызмет етуде. Қыздарды жаттықтыратын білікті бапкер, Қазақстанның 5 дүркін чемпионы Гүлжайна Уббиниязова.
Былтыр Гүлжайна бастаған балғын бұрымдылар халықаралық турнирде аудан мерейін үстем етті. Шиеліде өткен аламанда аудан қыздары жүлдеге таласуға қауқарлы екенін көрсетіп қайтты. Бұл – чемпион қыздардың бастамасы деп ой түйдік.
Аудан боксының тарихы көлемді монографияға арқау болатыны сөзсіз. Дегенмен қысқа осылай қорытындыладық. Ауданда бокс өнерін өрге сүйрейтін оғландар көп бола берсін...

Әли Темірбек.
23 қыркүйек 2020 ж. 745 0