№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғанда 130 боксшы кім мықтыны анықтады

Жаңақорғанда 130 боксшы кім мықтыны анықтады


Жаңақорған ауданында бокс мектебінің қалыптасуында Құрбанай Саркуловтың еңбегі зор. Білікті бапкердің еңбегі ескеріліп, оның атында республикалық турнир бастау алды. Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Шымкент қаласының намысын қорғаған 2006-2007 жылы туған 127 боксшы 15 салмақ бойынша жүлделерді сарапқа салды.


Жарыстың ашылу салтанатында бокс, таэквондо, ауыр атлетика, жал­пы алғанда спорттың 10 түрінен федерация өкілдері келді. Облыстан келген өкіл Ибрагим Нұрпейісов және аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков алғы сөз сөйлеп, балғын боксшыларға сәттілік тіледі. Төрт күнге созылған турнир тартысқа толы болды.
– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Биылға дейін бұл турнир Асыл Даукенов атындағы турнир болатын. Ол кісі біздің ұстазымыз болды. Жаттықтырушы, қаншама шәкірт тәрбиеледі, бір сөзбен айтқанда Жаңақорғанға боксты алып келген жан еді. Турнирдің өтуіне ат салысқан шәкірттеріме үлкен алғыс білдіремін, – деді жарыс иесі Құрбаш ағай.
Турнир қорытындысы бойынша Сыр өңірінің жастары командалық сында ешкімге есе жібермеді. Он бес салмақтың алтауында қызылордалық былғары қолғап шеберлері алтынды мойынға тақты. 40 және 43 келіде Диас Қожамберген мен Серікбол Ибрагимов және 58 келіде өнер көрсеткен Мақсат Құрбанбеков чемпион атанды. Ал, қалған 3 салмақта жаңақорғандық жігіттер жарады. Серік Бейбарыс (33 келі), Нұрасыл Мыңжасар (35 келі) және Жан Алжанов (55 келі) қарсыластарының осал тұсын тауып, салмақтарында дара шықты. Сондай-ақ аудан еншісінде 4 күміс, 3 қола жүлде бар. Айта кететіні, былтыр Жаңақорған төрінде өткен ел чемпионатында атой салған боксшылар биыл да ұятқа қалдырмады.
– Барлық боксшылар үлкен дайындықпен келіпті. Әрине, кейбір өңір спортшылары келе алмады, дегенмен 100-ден аса жасөспірімнің өзі турнир деңгейін өсірді. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған турнир енді жыл сайын жалғасын табатын болады. Ондағы мақсат – Құрбаш ағайдың аудан спортына қосқан үлесін кейінгі жастарға насихаттау, әрі елдің кіл мықты боксшыларын ауданға әкеліп, тәжірибе жинақтау болды. Келер жылы қатысушылар саны артатын болады, – деді АІВА төрешісі Дінмұхамед Абайхан.
Айта кетейік, Дінмұхамед Абайхан, Нұрбек Исаев, Жандос Жаназаров сынды бүгінде аудан боксшыларын баптап жүрген жаттықтырушылар Құрбаш ағайдың төл шәкірттері. Қазір ел намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүрген Азамат Бектас пен Қуандық Жүсіп те білікті бапкерден тәлім алады. Азамат жуырда Азия чемпионатында күміспен қуантқанын жаздық.
Қалған 9 салмақтың төртеуінде алма­тылық жасөспірімдер жеңіс тұғы­рынан көрінсе, үш чемпион Түркістан облысынан. Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысына бір-бір алтын медаль бұйырды.
– Жарыс мен үшін ауыр болды. Қар­сыластарым мықты дайындықпен келіпті. Мүмкіндік болса келер жылы да турнир төрінен табылып, чемпион атанамын деген сенімдемін. Ағайларыма алғыс айтамын, – деді маңғыстаулық чемпион Талап Тағаниязов.
Құрбанай Саркулов атындағы турнир аудан боксының дамуына, жастардың жігерін шыңдауға да үлкен тәжірибе алаңына айналатыны сөзсіз.

Әли ТЕМІРБЕК
27 қараша 2019 ж. 1 111 0