№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МАҚСАТЫМ – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНУ

МАҚСАТЫМ – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНУ


Қуандық Жүсіп. Қазақ боксшылары арасында танымал есімнің бірі. Ол Тәуелсіздік жылдары Жаңақорғанда шыққан тұңғыш «спорт шебері». Біз мақсаты асқақ, мұраты айқын былғары қолғап шеберін әңгімеге тартқан едік.
– Алғашқы жарыста 28 келіде бокстастым. Аудан чемпионаты болатын. Шаршы алаңда бірінші рет шығып тұрғандықтан бойда қорқыныш болды. Бірақ, өз-өзімді жеңіп, қарсыластырымды ұтып, тұғырдың биігінен көріндім. Содан бастап даңқты боксшы болуды мақсат тұттым, – деп бастады әңгімесін Қуандық.
Мадияр Ахметов спортқа қамқор азамат емес пе? Агро-техникалық колледждің жертөлесінде боксшылардың жаттығуына жағдай жасайды. Онда жаңақорғандық жастар білікті бапкер Құрбаш ағайдың қоластында бокстың қыр-сырын меңгереді. Ол спортшылардың физикалық, тактикалық, техникалық дайындығынан бөлек, адамдықтың, адалдықтың жолымен жүруді тәлім етеді. Осындай қамқорлықтың арқасында жастар рухы асқақ, патриот ретінде қалыптасады. Бүгінде осындай аурада жаттыққан Нұрбек Исаев, Жандос Жаназаров, Абайхан Дінмұхаммед сынды спортшылар облыста үздік нәтиже көрсетіп жүр.
Облыстағы бапкерлердің көзіне түсе бастаған Қуандық тоғызыншы сыныпта Жалаңтөс Баһадүр атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа түсіп, сонда спорттық тәжірибесін арттырады. Еңбекқор жас елішілік додаларда жасындай жарқылдай көрініп, облыс құрамасына ілігеді. Бапкерлердің сенімін ақтап жастар арасында Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы атанады.
– Қуандық талантты боксшы. Мақсатына жетпей қоймайтын табандылығымен ерекшеленеді. Ең бастысы, жеңіске жетелейтін ерік-жігері бар. Қазір ересектер арасында жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Дене жарақатын алмай, спорттық бабын сақтауға көңіл бөлудеміз. Сосын жиі-жиі жарыстарға қатысып, тәжірибесін арттыруды басшылыққа алдық, – деді алғашқы жаттықтырушысы.
Қай спорт түрі болмасын бәсекелестік жоғары. Әсіресе, бокста мықтылығын дәлелдеу өте қиын. Бабы мен бағы қатар шапқандар ғана құрамаға ене алады. Міне, Қуандық та кіл мықтының арасында өзінің олжа алуға лайықты екенін дәлелдей бастады. Жуырда Қарағанды қаласында XXХIV Халықаралық Ғалым Жарылғапов атындағы бокс турнирінде алтыннан алқа тақса, Үндістанда 28 елдің спортшысын жинаған «India Open» халықаралық турнирінде қоламен оралды.
– Мақсатым – Қазақстан чемпионатында топ жарып, Азия және Әлемдік додада ел намысын қорғау, – деді Қуандық Өтепбергенұлы.
Қуандықтың ағалары да спорттан алыс жандар емес. Олар да жас кезінде қолына қолғап киіп, шаршы алаңда өнер көрсеткен. Солардың жолын жалғап келе жатқан інісі бүгінде аудан мақтанышына айналды.
Шаңырақта тәрбиелі ұл, үлкенге ізетті іні, кішіге қамқор аға бола білетін Қуандық 2015 жылы отау құрып, бүгінде екі жасар ұлдың әкесі. Жары Гүлжайна Уббиниязова да спортшы. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, Ақтөбе өңірінің тумасы.

Әли ТЕМІРБЕК.
10 сәуір 2018 ж. 1 498 0