№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Боксқа бүйрегім бұрып тұрады

Боксқа бүйрегім бұрып тұрады

Спорт ардагерлерінің қайсысын алсақ та жалпы аудан спортының өрлеуіне, болашақ жастардың өсуіне, іні буынға өнеге көрсетуде сіңірген еңбегі елеулі. Толағай табыстармен қуантпаса да, жанымен спортты сүйе білген бүгінде зейнет жасындағы ақсақалдарымыз елге осындай жанашырлығымен құрметті.

Заманында спорт саласының тізгінін ұстауға мүмкіндігі болмаса да, аз ғана уақыт Жаңақорғанның атын елге таныта білген спортшылар туралы қалай дәріптесек те артықтық етпейді. Сондай аға буынның қатарына Жантөре Машаев есімді ардагерді қосуға болады.
Бала кезінен бокс үйірмесіне қатысуды мақсат тұтып, немере ағасы Шәрібек Сапаровтан тәлім алады. Уақыт өте келе спорттық әлеуеті қалыптасып, бокстың қыр-сырын меңгереді. Дегенмен жарыстарға қатысуды ерте көреді. Аға буын Құрбаш Саркулов, Мұрат Қайна­заровтың ізінен ергенімен шаршы алаңға шығуға мүмкіндік болмайды. Мектепті бітірген соң, жоғары оқу орнына түседі. Үлкен спорттағы алғашқы қадамы осы кезде басталады.
– 1968 жылы Жамбыл гидромелартивтік құрылыс институтына оқуға түстім. Студенттік өмірге төселіп, оқуымды бір арнаға түсіргеннен кейін қолыма қайтадан қолғап кие бастадым. Бір бүйрегім бокс деп бұрып тұрады ғой. Ол кезде ішкі жарыстар, яғни факультет аралық турнирлер жиі болатын. Студенттер жарысы жиі ұйымдастырылып, мен үнемі қатысуға тырысып жүрдім. Елеу Асайынов есімді жерлесім екеуміз бірге жаттығатынбыз. Шыны керек, ол кезде оқудың талабы күшті болды, бір жақты спортты қуалауға мүмкіндік болмады, – деді ол.
Жамбыл облысының ішкі чемпионаттарына қатысып жүрген жаңақорғандық жасқа спорт саласына келуге қашан ұсыныс келсе де, мамандығы жібермейді. 1973 жылы оқу аяқталған соң, туған өлкеге қайта оралады. Су құрылыс мекемесіне қызметке орналасып, аудандағы ауылшаруашылық саласына дем береді. Қызметтің талабы, жауапкершілігі жігерлі жасқа спортқа қайта мойын бұруына мұрша бермейді. Қызметі Шалқияға ауысқаннан кейін спортқа бет бұрмаса да, жеңіл атлетика, жүгіруді серік етеді. Шиелі жарығы мекемесіне ауысқан соң бір күні мекемеге спорт комитетінің төрағасы Қалмахан Тәжіғұловтан қатынас келеді.
– Мекеме болып норматив тапсыру міндеттелді. Сонымен стадионға бардық, әр түрлі қашықтықта жүгірдік. Тестті тапсырып болғаннан кейін бір күні Тәжіғұловтан облысқа баруға ұсыныс келді. Ардагерлер арасындағы жарысқа, оның ішінде Алтын күзі бар, келістім. Алғашқы жарыста-ақ екінші орынмен оралдым. Үйге келген соң, келер жылы чемпион атану керекпін деп жаттығуды қайта бастадым. Сөйтіп жүргенде Елордаға жолдама берілді. Бір өкініштісі, неше жыл үзіліп қалған уақыт спорттық деңгейімді төмендетіп, жүлдеге іліне алмадым. Міне, осы кезде іштей бір өткінші өкініш пайда боды. Әттең спортты жалындап тұрған жас кезімде неге тастап кеттім деген. Мұндай өкініш спорттан ерте кеткен жігіттерге өте ауыр тиеді. Қазір немеремді боксқа бердім. Мен жетпеген жетістікке жетсін, – деп бір күрсініп алды.
Шын мәнінде мейлі он жыл, мүмкін бес жыл өзің қалаған спортпен айналысып, бірақ ерте қол өзіп кету бастапқыда оңай көрінгенімен, соңында іштей бір өкініш қалып қояды. Сондықтан бокс, күрес, футбол, волейбол және басқа да спорт түрлерінен, әсіресе жеңіл атлетикадан дәурені өтіп, жай серік етуге ғана шамасы жеткенше жастарға салауатты өмір салтының ізгі жолын көрсетіп кеткен осындай ардақ тұтар ардагерлерге алғыс айтамыз. Жолы жастарға тәлім көрсететін ардагерлер ауданда өте көп, біз ондай аға буынды әлі тереңнен зерделеп, ісін, спортқа қосқан салмағын жазатын боламыз.

Әли ТЕМІРБЕК
18 қараша 2020 ж. 429 0