№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Диқаншылық кәсіптегі тың бағыт

Диқаншылық кәсіптегі тың бағыт

Аудан әкімі Руслан Рүстемов пен аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков Жаманбай батыр ауылдық округіне тың тәжірибені көру үшін арнайы барды. «Пазылбек қажы» шаруа қожалығы мақсарының тұқымын көпжылдық аквагель ылғал жинағыш, ылғал сақтағышымен бірге сеуіп, инновациялық жобаны іске асырды.
Бесарық елді мекенінен өтіп, Қаратаудың жазыққа жалғасар тұсындағы төбелерге келіп тоқтадық. «Сараба» деп аталатын жер екен. Қазір шаруалар үшін әрбір минут қымбат. Алқапта үш соқаның жүзі жылтырап тұр. Дала төсінде дән себетін техниканы сүйреген трактор іске кірісіпті. Былтыр шаруашылық бидайдан мол өнім жинағаны белгілі, биыл мақсарыдан өнім алуға ниетті. 
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев аграрлық салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Өткен жылмен салыстырғанда әрта­раптандыру бағытында күздік бидай – 1618 гектарға, көкөніс, бақша, картоп – 64 гектарға, жүгері – 25 гектарға, жоңышқа – 500 гектарға артады. Аудандағы инновациялық жобаны «Пазылбек қажы» шаруа қожалығы қолға алып, «Акватерра гидрогелі» жаңа технологиясын іске қосты. Су жинағыш және ылғал сақтағыш технологиясын (аквагель) қолдану арқылы аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді, топырақ құрамындағы ылғалды, қоректік заттарды тиімді пайдалануға ықпал етеді. Егістік жерлерді пайдаланудың экономикалық тиімділігі артады. Мәселен, 1 грамм аквагель түйіршіктері топырақтағы және жауын-шашыннан түсетін ылғалды өзіне сіңіру арқылы 500 грамға дейін су жинайды. Сонымен қатар берілген тыңайтқыштарды өзіне сіңіру арқылы шайылып кетуден сақтап, өсімдікке қажетті ылғал мен қоректі беріп отырады, – деді сала басшысы.
Агросекторды ғылыммен байланыстырып, заманауи технологияны пайдаланып мол өнім жинауға, тіпті бір жылда екі рет өнім алуға мүмкіндік бар. Осындай жаңашылдықты көрген аудан басшысы Руслан Рүстемұлы: 
– Ертеден тау бөктерінде диқаншылық дәстүрі қалыптасқанын жақсы білеміз. Соны жалғастыру маңызды. Осындайда Жапонияның күріш шаруашылығын дамытып отырған тәжірибесі еске түседі. Жапондықтар үшін күрішті импорттау, өздері өсіріп, өндіруге қарағанда бірнеше есе арзанға түседі. Солай бола тұра, олар атакәсіптен бас тартпайды. Неге? Өйткені ұлттық ерекшелікті, діл мен дәстүрді сақтаудың тетігі күріш шаруашылығымен тығыз байланысты. Жапон тіліндегі сөздік ұғымдардың өзі күріш шаруашылығымен тығыз байланысты екен. Екінші жағы, ауыл жастарын еңбекқорлыққа баулып, әлеуметтік жағдайдың дұрысталуына әсер етеді. Іске сәт! Мол өнім жинауға тілектеспін! – деді.
Жақсы істі көруге келген Ғалымжан Жарқынбекұлы, ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев көктемгі бір күнгі еңбек күздегі мол өнімнің негізі екенін сөз етіп, егіс көлемін арттыру маңызды екенін, әрі тау бөктеріндегі өзге елді мекендерге үлгі екенін атады.
Расында тау бөктерінде ондаған мың гектар құнарлы жер егістікке пайданылмай бос жатыр. Себебі, суармалы сумен суаруға жер рельефінің келмейтіндігі, жауын-шашын мөлшерінің аз болуынан ылғалдың жетіспеуі егіншілікке қолбайлау болған-ды. Енді инновациялық жоба арқылы мол өнім алуға жол ашылды. Шаруашылық өкілі Ерсайын Пазылханұлы 600 гектар жердің 90 пайызына мақсарының дәні себілгенін айтты.
– Былтыр 2 гектар жерге мақсары ектік. Екі рет жауған жаңбырдың ылғалымен жинап алдық. Сондықтан биыл мақсарыға басымдық беріп отырмыз. Күзде бидайдың тұқымын тастаймыз. Қазір 11 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – деді шаруашылықтың агрономы Самат Сапарбеков.

17 сәуір 2021 ж. 929 0