№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әртараптандыру қаншалықты тиімді?

Әртараптандыру қаншалықты тиімді?


Соңғы 2-3 жылдың көлемінде Сырдария өзеніндегі су деңгейі төмендеп келе жатқаны белгілі. Облыстағы басқа аудандарға қарағанда Жаңақорған ауданы су тапшылығын бірінші болып сезінуде. Бұл жағдай диқандарға ауыр тиюде, сондықтан шаруашылық құрылымдары суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы дақылдарға басымдық беріп, бейімделіп келеді.
Осы мақсатта Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары арнайы семинарлар өткізуде. Ондағы мақсат – күріштен басқа дақылдардың тиімділігі, кететін шығыны мен түсетін пайдасын салыстырмалы түрде көрсетіп және егіске қажетті тұқымдардың жай-күйін нақтылап, шаруашылықтарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету барысында бірлесіп жұмыстар жасау еді. Бұл жөнінде ауылшаруашылығы бөлімінің бас аграномы Дәурен Абибуллаев жіті түсіндірді.
– Ағымдағы жылы Қаратау бөктерінде бос жатқан жерлерді игеру мақсатында ылғал сақтағыш технологияны пайдалана отырып, Бесарық ауылдық округіне қарасты «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығында «Акватерра гидрогелі» жаңа технологиясы іске қосылады. 500 гектарға мақсары, 100 гектарға жаздық бидай дақылдарын орналастыруға жұмыстар жасалуда. Қазіргі таңда толығымен жер айдалып, Орал қаласынан 15 тонна мақсары тұқымы сатып алынып, наурыз айының аяғына егу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – деді.
«Пазылбек Қажы» шаруа қожалығы былтырғы жылы 80 гектарға күздік бидай дақылын осы аталған жаңа технологиямен егіп, межеленген жоғары өнім алғаны есімізде. Биылғы дала еңбеккерлерінің егіс көлемі – 36 мың  108 гектар. Оның ішінде  барлық дәнді дақылдар – 12 840 гектар болса, негізгі дақыл күріш – 7300 гектар, көкөніс, бақша, картоп – 3050, майлы дақылдар – 2037, мал азығы – 18 181 гектарды құрайды. Егіс көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 768 гектарға  артық.
– Әртараптандыру бағытында өткен жылмен салыстырғанда барлығы 2 207 гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Оның ішінде, күздік бидай – 1618 гектарға, көкөніс, бақша, картоп – 64 гектарға, жүгері – 25 гектарға, жоңышқа – 500 гектарға артпақ. Сонымен қатар, тау беткейіндегі Жайылма ауылдық округіндегі шаруашылық құрылымдары биыл су тапшылығын ескеріп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін сақтау бағытында шахталық керіздер (катлабан) қазу жұмыстарын жүзеге асыруда, – деді бас аграном.
Жалпы облыста өндірістік негізде егілетін және экспорттық әлеуетке ие дақыл негізінен күріш болып табылады. Сонымен қатар, экспортқа бағытталған майлы дақылдар мен бұршақ тұқымдас, (бобовые) және ішкі нарықты молықтыру мақсатында картоп, көкөніс, бақша дақылдары мен жемістердің де мүмкіндіктері өте жоғары. Дегенмен, аймақтағы инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлер, тұқым шаруашылығы, машина-трактор паркі, өңдеу кәсіпорындары түгелдей күріш дақылына бейімделген. Ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан қызығушылық өз дәрежесінде болмағандықтан, күріштен басқа тиімділігі жоғары, көрші елдерде сұраныстарға ие бұршақ тұқымдас және майлы дақылдар мен жүгері, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының өндірістік негіздегі егіс көлемдері артпай отыр дейді ауылшаруашылық саласының маманы Пірмұхаммед Сыздыков.
Оның айтуынша, облыс әкімдігімен бекітілген облыстың Агрокартасында кейбір дақылдардың егіс көлемдерін көбейту қарастырылған.  Яғни, күріш егісін тұрақтандыра отырып, облыста суды аз тұтынатын, өнімділігі мен сату бағасы жоғары, сұранысқа ие және облыстың климаттық жағдайында тұрақты өнім беретін дақылдар егісін ұлғайту өзекті мәселеге айналды. Мәселен, дақылдардың 1 гектарға жұмсалатын өндірістік шығындар нормалары мен рентабельдігіне тоқталсақ.
– Алдымен күрішті зерделесек, қазіргі уақытта облыстағы шаруашылық құрылымдары 1 гектар күрішті өсіріп, жинауға орташа есеппен 350-400 мың теңге аралығында шығын жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 55 центнерден өнім жинап, жиналған күріш салысының келісін 80-100 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 100 теңгені, гектарынан 550 мың теңгені құрайды.  Рентабельділігі 28 процент шамасында және жылма-жыл тауарлық-материалдық құндылықтар мен жанар-жағармайдың қымбаттауынан өнімнің өзіндік құны өсіп, рентабельділігі төмендеуде, – деді П.Сыздықов.
Оның сөзінше, күріш көп пайда әкелмейді екен, ал қалған өнімді төмендегіше таразылады. Мәселен, дәндік жүгеріні 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 196,6 мың теңге жұмсалады. Оның орташа гектарынан 40 центнерден өнім жинап, жиналған жүгері дәнінің келісін 90 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен гектарына 360 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 83,1 процент.
Ал дәндік жүгеріні тамшылатып суару үшін 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 1 млн теңге жұмсалады. Одан орташа гектарынан 120 центнерден өнім жинап, жиналған жүгері дәнінің келісін 90 теңгеден пұлдағанда, шаруашылықтың таза пайдасы шамамен гектарына 540 мың теңгені құрайды екен.
Сол секілді картопты алайық. Тамшылатып суару әдісімен 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 1 млн теңге жұмсалады. Оның орташа гектарынан 200 центнерден өнім жинап, жиналған картоптың келісін сапасына қарай орташа 100 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен гектарына 2 млн теңгені құрайды. Рентабельділігі 100 пайыз. Осылай жалғаса береді.
«Көктемнің әр күні жылға азық» демекші, кетпенін сайлап, егіс даласына бет алған диқандардың ісі берекелі болсын. Жерге еткен еңбек, жерде қалмайды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
27 наурыз 2021 ж. 2 203 0