№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕЛ АСЫҒА КҮТЕР ЕРЕКШЕ МЕЙРАМ

ЕЛ АСЫҒА КҮТЕР ЕРЕКШЕ МЕЙРАМ


Қазақстанда халықтың болашаққа деген сенімін арттыруда, ел бірлігін нығайта түсуде, барлық табыстарымыз бен игіліктерімізге қоғамдық келісім мен татулықтың арқасында қол жеткізіп отырғанымызды жұртшылықтың жадында жаңғыртуда жалпыхалықтық мерекелеріміздің орны бөлек. Бұл мейрамдардың арасында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2016 жылдың 14 қаңтарындағы Жарлығымен бекітілген, барша қазақстандықтар осымен үшінші рет атап өткелі отырған, аз ғана уақыттың ішінде халықтың қолдауына ие болып, бұрыннан тойланып келе жатқан айтулы мейрамдармен терезе теңестіре білген,1 наурызға белгіленген Алғыс айту күні мерекесі де бар.
Сәл шегіне сөйлесек, қазақстандықтар Алғыс айту күнін алғаш рет 2016 жылы тойлады. Ел-жұртымыздың көңілінен шығып, жылы қабылданған бұл мереке сол сәттен бастап өз арнасын тауып, жалпыхалықтық сипатқа ие болып шыға келді. Бұл мерекенің негізгі мазмұны «Мəңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асыру мен қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамытудың міндеттерімен толық сәйкес келеді. Осы орайда, бұл атаулы күнді мерекелеудегі көзделетін ең басты мәселелерді ашып көрсеткеніміз жөн. Өйткені халық Алғыс айту күні мейрамының ішкі мәнін тереңнен ұғына түскені маңызды.
Жалпы, Алғыс айту күнін атап өтудің негізгі мәні тағдырдың талайымен Қазақстанға қоныс аударылған түрлі этнос өкілдеріне қазақ жері мен меймандос қазақ халқына тағзым етіп, алғыстарын білдіруге кең ауқымда, мемлекеттік сипатта мүмкіндік берілуімен тікелей байланысты. Бұл өз кезегінде ел бірлігіне ұйытқы болар ішкі үндестіктің, өзара сенімділік пен өзара сый-құрметтің орнығуына зор ықпалын тигізеді. Қазақ халқының кезінде олардың басына түскен тауқыметті бірлесе көтере білгені қазіргі таңда ел ішіндегі адамгершілік қарым-қатынастардың дамуына оң әсер етіп отыр. Осы арада еліміздегі этностардың қазақ халқына деген құрметі де жыл сайын артып келе жатқанын айта кетуіміз керек.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен келісімді нығайту бағытындағы сындарлы саясатының терең мазмұнын аша түсетін Алғыс айту күнін ел дамуына атсалысып келе жатқан барша қазақстандықтардың бір-біріне құрмет білдіруінің, қайырымдылық істерге, əлеуметтік ынтымақ пен өзара көмекке қолдау көрсетудің күні ретінде де қарастырамыз. Сондай-ақ бұл мерекеде қазақстандық патриотизмнің, татулығымыздың, мəдени саналуандығымыздың жарасым тапқанын да атап көрсету көзделген. Бұған қоса, халқымызды ұйыстыруға бағытталған «Мəңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы саналатын бір шаңырақ астына топтасу мақсатын жүзеге асырудың маңыздылығы да осы мереке барысында айқындала түседі. Осы орайда Астанада 2016 жылы 1 наурызда Алғыс айту күнін атап өтуге арналған алғашқы салтанатты жиында айтқан Мемлекет басшысының: «Алғыс айту күні – енді ұлттық күнтізбедегі Еңбек күні, Отбасы күні сияқты өзге де мерекелердің қатарындағы жаңа дата. Мен бұл мереке қазіргі уақытта аса қажет біздің қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетініне сенімдімін», – деген сөзі еске түседі.
Жалпы, Алғыс айту күнін атап өту барысында қазақтың кеңпейілдігі, қонақжайлылығы, мейірімділігі, мырзалығы жұртшылықтың жадында қайта жаңғырып, ұлтымыздың ұлағатты жолы, адами құндылықтары жарқырай көрінеді. Мұны барша қазақстандықтардың мерейлі сәті деп сипаттасақ та артық болмас. Әсіресе, бұл мерекеде тағдырдың тәлкегімен кезінде елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдеріне қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы, оларды өзі жетісіп отырмаса да төріне шығарып, бір үзім нанын бөліп бергені, ұлтымыз тарапынан көрсетілген мейірімділіктің жарқын үлгісі қоғам санасында әсерлі жаңғырады.
Бұл орайда Елбасы саяси қуғын-сүргін жылдарының куәгерлері мен олардың ұрпақтары қазақтардан көрген қамқорлығын әркез ыстық ықыласпен еске алатынын өз сөзіне үнемі арқау етіп жүретіні бар. Мәселен, Алғыс айту күні мерекесінің Астанада өткен алғаш¬қы алқалы жиынында Мемлекет басшысы: «Олар кезінде өздеріне де оңай болмағанына қарамастан, қазақтардың қайырымдылығы үшін, сол кездегі тыйымдарға қарамастан, батыл әрі риясыз көмегі үшін алғыс айтады. Қазақтар да бауырластарға туған өлкеге деген сүйіспеншілігі үшін, жеріміздің түрленуіне қосқан үлесі үшін, ұлттық мәдениетке, тілге және дәстүрге деген құрметтері үшін алғыс білдіреді», деген болатын.
Негізінде, Қазақстан көп этносты ел болып ХХ ғасырда қалыптасты. Бұған қатысты тарихи статистикалық деректерді тарата айтар болсақ, Столыпин реформасын жүзеге асыру барысында елімізге Беларусь, Украина және Ресейден 1 миллионнан астам адам қоныс аударған. Бұдан кейін, яғни өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аймақтарынан дүние-мүлкі тәркіленген 250 мың шаруа жер аударылды. Бұған қоса, осы қарсаңдарда өнеркәсіп нысандарының құрылысы үшін 1,2 миллион адам келді. Сондай-ақ Сталин режімінің ықпалымен 800 мыңға жуық неміс, 102 мыңдай поляк, 500 мыңнан астам Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы Қазақстанға жер аударылған. Қазақ даласына жүк вагондарымен, әскери машиналармен арып-ашып жеткен оларға жергілікті қазақтар барынша көмек қолын созды. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.
Бұған қосымша, еліміз сталиндік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы жазалау лагерьлеріне қамалған мыңдаған тұтқындардан осында қалып қойғандарға, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға эвакуацияланған 350 мың адамға, 1950 жылдары тың игеруге келген 1,5 миллион жанға, жабық әскери нысандарда өзге өңірлерден келіп еңбек еткен 150 мың маманға құтты мекен бола білді.
Осы арада айрықша айтатын мәселе, елімізге қоныс аударылғандардың еш кінәсі жоқ екенін қазақ халқы терең түсінді. Бұл түсінік қазақтардың елге келген этностарға мейіріммен қарауына үлкен септігін тигізді.
Міне, осы жоғарыда айтылған жағдаяттар¬дың барлығы барша қазақстандықтардың санасынан өшпеуі тиіс. Сондықтан татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан көп этносты елміздің бірлігі мен ынтымағын, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатындағы шараларды қолға алғанда Қазақстанның көп этносты мемлекет болып қалыптасу тарихы, Елбасы айтқан «Этностық алуандылық – біздің елдің әлсіз тұсы емес, оның байлығы», деген ұлағатты сөз басты назарда болғаны абзал.
Қорыта айтқанда, Алғыс айту күні халық достығын, ынтымағын нығайтып, ел мүддесін ортақ бір арнада тоғыстыратын жаңа сипатты мереке. Оның өзегінде өзара құрмет пен сенімді ту еткен отандастарымызды біріктіруші күш, ізгілікке шақырар мейірім бар. Мереке құтты болсын, ағайын!

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
03 наурыз 2018 ж. 1 198 0