№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жұмекеңнің жаны жайсаң еді

Жұмекеңнің жаны жайсаң еді

Ардақты азамат, сырлас дос Жұман Өскенбайұлын мәңгілік мекеніне аттандырғанымызға жыл жуықтапты. Біздің арамызда 40 жылдан астам достық қарым-қатынас болып, оның азаматтық істеріне талай рет куә болдым. Ең өкініштісі, карантинге байланысты дос қазасына барып, бір уыс топырақ сала алмадым. Осы бір өкініш өзегімді өртиді.

Екеуміз бір жылдың төліміз, арамызда 16 күн бар. Отбасымен араластық. Оны үнемі ауылының тұрмыс-тіршілігі мен сол ауылдың әл-ауқатын арттыру туралы мәселелері мазалайтын. Ол халықшыл еді. Жеке басының жағдайын күйттесе бәлкім ұзақ та жасар ма еді, кім білсін?!
Жұмекең мектепте үздік оқыды. Жоғары оқу орнына түсті. Бірақ екі курстан кейін сырттай бөлімге ауысты. Себебі ұзақ жылдар шаруашылық жұмыстарын басқарған әкесі Өскенбай зейнеткерлікке шығып, отбасының тірегіне айналады.
Ол алғашында ұстаздық етті. Арада 7-8 жыл өткенде мал фермасының басшысы қызметін атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шаруа қожалықтың жұмысын жүйелей түсті. Бұл ауыр жылдар болатын. 7-8 айлап жалақы алмаған халық дағдырып, қолындағы азын-аулақ малы сатып, ауыл ырзығын ажыратты.
Байкенже ауылы сол кездері облыстағы «болашағы жоқ» ауылдар тізіміне енді. Осынау уақытта Жұмаділла атқа қонды. Бұл – 1999 жыл. Ауылдың болашағы жарқын екендігін дәлелдеп билік пен халық арасына түсті. Ауылдық округтің әкімдігіне сайлана салысымен ауылдың іскер азаматтарының басын қосып 15-ке жуық шаруа қожалық ашып, олардың нәтижелі жұмыс істеуіне көмек берді. Шаруалардың несие алуларына көмектесті. Ауылда жүрген жұмыссыз жастардың жұмысқа орналасуына ықпал етті. Нәтижесінде 3-4 жылда елді мекендегі әр отбасында бір адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
2017 жылы Жұмаділла Өскенбайұлы зейнеткерлікке шықты. Оған дейін 18 жыл ауылдық округті басқарып қырауар іс бітіріп, елге қамқор, жұртқа жанашыр бола білді.
Ел есінде игілікті ісімен қалған Жұмекеңнің басты қасиеті, еңбекқор, табанды, іденімпаз еді әрі өз ортасының лидері болды. Ол табанды болмаса Байкенже ауылы осыдан 20 жыл бұрын тарап кетер еді. Ол табанды болмаса «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тиесілі уран компанияларына ауылдағы әр отбасының 1-2 адамы жұмысқа орналаспас еді. Мұны әрбір ауыл тұрғыны дұрыс түсінеді деп ойлаймын.
Ауылдық округ әкімдері арасында өзінің турашылдығымен, үлкендігімен дараланып жүретін. Өзінің елді мекеніне қаралған қаржының ысырап болмауын басшылыққа алып, қадағалайтын. Тіпті керек жерінде басшыларға тіке сөйлеп, мінез көрсететін. Содан болар Байкенже ауылдық округі аумағында жұмыс жасайтын кез келген компания басшылары онымен санасатын, оның ұсынысына жауапкершілікпен қарайтын.
Жоғарғы басшылық алдында оның өзге ауылдық округ әкімдеріне қарағанда беделі де, салмағы да басым, олардың алдында өзіндік көзқарасымен ерекшеленетін. Осыдан 13-14 жыл бұрынғы оқиға есіме түседі. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшысы келіп Сырдарияға көпір салу мәселесі талқыланып жатқан-ды. Сонда Жұмекең ретін тауып Мұхтар Жәкішевке жолығады. Ол жұмысшыларды өзге өңірден емес, жергілікті жерден алуды сұрайды. Әкімнің уәжді сөзіне тоқтаған басқарма төрағасы кәсіпорын басшыларын шақырып алып: «Кәсіпорынға адам қабылдағанда ауыл әкімінің ұсынысы міндетті түрде ескерілетін болсын» деп тапсырма береді. Соның нәтижесінде округтегі
әр отбасынан міндетті түрде кемі бір адамнан жұмысқа орналасып, «келешегі жоқ» санатына кірген ауыл өсіп-өркендейді.
Жұмаділланың өмірдегі басты жетістігі – ұл-қыздарына тәлімді тәрбие сіңіріп, білім алуына жағдай жасады. Құдай қосқан қосағы Қалдыгүл екеуі үш ұл, үш қыз өсіріп, олардан 23 немере сүйді. Тұңғыш ұлы Ермек №193 мектептің директоры. Ерболы мен Елдосы жеке кәсіпкер. Қыздары Құлпынай, Шолпан, Айкерім ұстаздық етеді. Бәрі әкенің аманатына адал, ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандар.

***
Кеше Ермегі хабарласып, әкесін сағынып жүргенін айтты.
Иә, қамқоршы әкені кім сағынбайды десеңші?!
Ол өзінің сағынышын өлеңмен өріпті:
Өтті өмірден есте қалар жақсы адам
Ешкімнің де ала жібін баспаған.
Әке деген, кетті атты жамылып
Қалды артынан ұрпақтары сағынып.

Сен барда Әке, арқаны тастап қиянға,
Берілуші едік сананы тастап қиялға.
Әкеміз бар деп, не жетсін алшақ жүренде,
Сен кетіп Әке, жаурадық жылы ұяңда.

Өсиет еді, сөздерің қуат беретін,
Кездер де арман, сағынып сізді келтін.
Анамыз шүкір,жоқтатпай жүрсе орныңды,
Біз бармыз Әке, ұрпаққа Ана сенетін.

Жақсылық жаса, жақсы амал жаса дегенсіз
Ақылды сол бір, азық қып Әке келгенбіз
Сыйпаған бізді аялап жүрген алақан
Жоқ енді Әке, амалсыз ғана көнгенбіз, – деп әке өсиетін еске алыпты.
Әрине, Ермек әкеге деген сағынышын поэмаға бергісіз жазыпты. Біз оны ықшамдап қана беріп отырмыз.
Жайсаң азаматтың артында ізі мен ізгілікті ұрпағы барда оның рухына арналған шаралар өтетіні ақиқат. Маусым айының жиырмасыншы жұлдызында тұлғаны еске алып, рухына Құран бағышталады.
Бұл жиынға Жұмекеннің сыйлас, сырлас достары мен ағайын-туысы келеді...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК
Журналистер Одағының мүшесі
12 маусым 2021 ж. 473 0