№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Баяғының адамдары қандай еді?

Баяғының адамдары қандай еді?

Сырда отырған кезіміз, менің 6-7 жастағы шағым, өткен ғасырдың 60-шы жылдары...
"Малды көр"  деген көкемнің қатқыл даусынан, атып тұрып кепеден сыртқа шықтым. Қыс ауасы, айнала тып-тыныш, аппақ қар. Көз ұшында жайылып жүрген малды бір шолып, кері бұрыла бергенімде: "Әй бала" – деген дауысқа жалт қарадым.
Аңдамай қалыппын, 7-8 шақырым жердегі  Бесарық бекеті жақтан есегін тебендетіп ақ сақалды үлкен кісі таяқ тастам жерге келіп-ақ қалған екен.
Ассалаумағалейкум, – деген жіңішке бала даусыма шалым сәлем де бермей,  «кімнің үйі, – деп жаураған бойынан қарлыққан дауыс әрең шықты.
– «Абибулланың үйі» деген дауысым қаттырақ шығып кеткеніне аздап ыңғайсызданып қалдым. Сақалына қырау тұрып мұз қатқан үлкен кісі:
– Әкең үйде ме? – деп асығыс сұрақ қойды да, жақындап келіп есегін қазыққа байлады да,  жарты қаптай дәнді құшақтай көтеріп менің «иә» – деген дауысымды естімегендей болып үйге қарай беттеді, артынан мен де кірдім. Кепенің дәлізінен өтіп ішкі бөлмені ашып:
– Ассалаумағалейкум, – деген әлгі ақсақалдың даусына, қанағаттанғандай болдым. Көкем де жалма-жан «әлей­кумассалам» – деп қуана құшақтап қарсы алды. Амандасып жағдай сұрасып болғаннан соң:
– Мына қабыңыз не? – деген көкемнің сұрағына әлгі ата:
– Ооо, Абибулла, бұл сенің әкең Асанбек байдың дүниесі, – деп күлімсіреді. Асанбек бай деп отырғаны Абибулланың әкесі, менің атам. Ойда-жоқта олжалы болғандай көкем:
– Ойбой, Жандеке, онда көп дүние болды ғой, – деп екеуі мәз болып күліп алды. Жағдай сұрасып, шай ішіп, жылынып алғаннан кейін Жандарбек ақсақал әңгімесін бастады:
– Осыдан қырық жыл бұрын, сенің әкең  Асекеңнің есігінде жеті жанұя, біреуі жылқысын, үш отбасы қойын, сиырын бақтық. Ал мен, Пірімқұл,  Әбдіраш үшеуміз су дирменін жүргізіп, бау-бақшасын  баптап, қора-қопсысын жөндеп, сол үйдің бар тірлігін атқарып, айма-ай ақымызды алушы едік. (бұл кәмпескеге дейінгі, 1927-28 жылдар болса керек). Абибуллажан, оны өзің жақсы білесің, ол кезде дардай жігіт едің ғой, – деп аздап күрсінді.
Көкем де «иә» деп басын шұлғып қоштап отыр.
– Бір күні Асекең (Асанбек) алысқа бір асқа кететін болып, барлық жұмысты бізге бөліп беріп, астықхананың кілтін кемпіріне тапсырды. Өзі көрші ауылдың шенді-шекпенділерімен жиынға кете барды, – деп жалғады әңгімесін.
Жеңгеммен қалжыңдап ойнайтын мен астықхананың бір бұрышында мыжырайып  жатқан қаптағы ақ жүгеріні «маған бере қал деп қоймай сұрадым. Жеңгем, «өзің көкеңнен сұрап қалмадың ба?», – деп шалынан қаймыққандай болып еді,  қалжыңдапқолпаштап, жеңеше- жеңешелеп, асты-үстіне түсіп ақыры көңлім құлаған қапшықты алып кеттім. Ақ жүгеріні үйге әкеліп түйіп, көже істеп, жанымдағыларды шақырып, әңгіме-дүкен құрып, мәз-майрам болып бір тойындық, – деп төмен қарап бір жымиып алды.
– Арада екі күн өткеннен кейін, сәске түсте, Асанбек көкем келіп сол қаптағы жүгеріні жеңгемнен сұрап жатқанының үстіне түсіп, шошып кеттім.  Ұрықтыққа Сайрамның сарттарынан алдыртып едім ғой,  кілтті Әбдрашит ұстап жүргенде,  дәнхананың бір шетіне бөлек қой деп тапсырып едім, сенің одан хабарың жоқ екен ғой – деп,  кемпіріне қатты дауыс көтеріп тұрғанын естідім.
Жеңгемнің: «қапты көрген жоқпын», – деген күмілжіген жалған жауабын естіп, қаша жөнелдім. Түстен кейін шөп шабуға барғысы келмей тұрған Мұстафаның орнына мен барамын деп үйден алыстап үш күндік тамағымды алып кете бардым. Шапқан шөбімізді дестелеп, әрі бас-көз болып, отырып-тұруымызға бұйрық беріп жүрген Әбдіраш кенеттен,
– Әй  Жандарбек, піспеген кекірені де қосып шаба беріпсің (кекіре  піспесе мал уланып қалады), көзің әз болып кетті ме, – деп шап ете қалғанда барып білдім, ойға шомып, кетпенмен не шауып, не қойғанымды білмей де қалыппын.
– Кекіре пісіп ащысы кеткен жоқ па? – деппін сасқанымнан.
Ат арбаның тасалау жағында, шөптен көрінер-көрінбес жерде жыртиып қана «сен тимесең мен тимен – бадырақ көз» деп,  сүтке тиген мысықтай бұғып келемін.
Шаршап келе жатқан адамға қалып шөпті түсіру, оны көдеге қосып жинау,  қиынның – қиыны емес пе!? Бұл жұмысқа да өз еркіммен келісе кеттім...
Күн батып, таң атты... арықтағы мұздай суға бір сүңгіп алайын деп  астықхананың жанынан өте бергенімде  алдымнан жүгері берген жеңгем жарқ етіп шыға келмесі бар ма!?
– Әй бала,  Асекең жүгеріні сұрап жатыр, мен балдардан сұрайын деп әрең құтылдым. Оны неғылдыңдар, бар ма? – деп жанары жасқанғандай мұңайды.
– Әншейінде қалжыңдап ойнай салатын жеңгемнің алдында «суға түскен тауықтай»  төмен қарап салбырап, ақ жүгерінің келмеске кеткенін аңғартқандай болдым.
– Жеңше, көкеме шынымызды айтып біржола құтылайық та, неғылса да, – дедім қайраттанып.
Алайда сол ақ жүгері тақырыбы қайта қозғалмады, Абибулла, – деді  Жандарбек ата.
Кейінгі кезде қайта-қайта сырқат­танып жүр екен, мойныма қарыз болмасын, шамамның барында қа­рыздан құтылайын, деп ақ жүгеріні қапқа салып  алып келіпті. Түркістан жақтан келген беті екен Жандарбек атамның. Елу жылда ел жаңа, айтып отырған адамдарының барлығы бұл пәниде жоқ. Бесарық стансасынан түсіп, ағайындардан есек сұрап алып, біз отырған  жерге арнайы келіпті.
Асықпай қаптың аузын ашып, аттың тісіндей аппақ тап-таза жүгеріні қолымен араластырып, көкірегін керіп, кеудесін көтеріп  демін терең алып,  мойнынан ауыр жүк түскендей марқайғаны көз алдымда қалыпты.
Осы оқиға еске түссе, сол заманның адамдарының ақ жүректі адалдығына, имандылығы мен сертке беріктігіне таң қаламын. Қырық жыл өтсе де жарты қап жүгеріні қарыз болмасын деп, пойызбен, бері қарай есекпен арқалап келгені осының дәлелі емес пе? Не деген тектілік. Адамгершілік пен жауапкершілік.  Қазір, жарты қап жүгері тұрмақ, миллиондап қарыз алған ағайынның бір-бірімен араздасып жүргенін көргенде бала кездегі осы бір жайт еріксіз еске түседі. Рухани жаңғыру, ұлттық код дегеніміз де осы емес пе?
Үмбет Абибуллаев
11 сәуір 2021 ж. 725 0