№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ана, шемішке сатпаңызшы

Ана, шемішке сатпаңызшы


Әлі есімде... Анамды шыр айналып:

- Мама, мама, шемішке сатпаңызшы! - деп жылағаным. Көзімнің жасы ащы болғаны соншалық тама-тама терезе алдындағы гүлдің өліп қалғанына да өзім куә болдым. Әсіресе, мектептегі сыныптастарымнан қатты ұялатынмын. Олар қасыма келіп, бүгін сенің анаңнан шекілдеуік сатып алдық деп, кекете күліп кете баратын. Сол кезде біреу келіп үстіме су құйып жібергендей күй кешетінмін. Өзімнен ауқатты тұратын балаларға қызыға да қызғана қарайтынмын. Дегенмен әке-шешем қыздың үлкені ғой деп тапқан-таянғанын маған жұмсайтын. Нан-пұлдан тиын-тебен арталып жатса, анам байғұс менің үстімді жаңалайтын.
Ал, әкем болса ауыр көлікпен айлап алыс сапарларға шығатын. Түз баласы түнделетіп, айлы болса, ай жарығын жамылып кете барады. Анам байғұс түн баласы әкемнің, сосын біздің амандығымызды тілеп, күбірлеп шығатын.
Бірде меңіреу түнде есік қағылды. Мен шошып ояндым. Жүрегім әлдебір жамандықты сезгендей атқақтап кетті. Арғы бөлмеден анам алқынып атып шықты.
- Мама, есікті мен ашайын, әкем келді ғой! - дедім. Сірә, әкемді сағынған болуым керек. Анам адуынды кісі. Жауабын шолақ қайырды. Қолын маған қарай бір-ақ сілтеді. Амалсыз төсегіме беттедім. Бауырларым тәтті ұйқының шырмауында жатыр екен. Сол-ақ екен, ас үй жақтан жылаған дауыс құлағыма анық естілді. Ытқып шығып, ас үйге жетіп бардым. Әкем ас үйде теңселе басып тұр екен. Әке, деп жанұшыра бауырыма қыспақ болып едім, анам мені тағы тыйып тастады.
- Ұйықтағаның жөн болады. Әкең «Урал» деген машинаның баллонын үрлеп жатқанда, ол жарылып, алысқа лақтырып жіберіпті. Қайта Жаратқанға мың алғыс айт! Әкең аман келіпті –деді. Мен үнсізбін. Ортадағы дәлізде шақырайып шам жанып тұр. Сәлден соң көзім едендегі қанға түсті. Іс насырға шапқанын бағана есік қағылған сәтте сезгенмін.
- Мама, тым болмаса әкемді бір рет құшақтауға рұқсат етші, - дедім мен жан дауысым шығып. Анам менің сөзіме жауап бермеді. Ал, әкем байғұс түпкірдегі өз бөлмесіне қарай ыңырана басты. Бөлме ішінде тыныштық мүлгіді. Аяқ-қолым дірілдеп, не де болса да нар тәуекел деп әкемнің артынан ілеспек болғам. Енді кіре бергенімде ауызғы бөлмеден күбірлеген дауыс естілді. Келгендер – дәрігерлер екен. Ақ халатты абзал жандар есіктен төрге озды. Дәрігерді көрген соң анам да аздап сабырға келгендей. Дәрігерлер әкеме қолдарынан келгенше ем-дом жасап,бәйек болуда. Мен өз бөлмеме беттедім.
Сол түні айлы аспанға ұзақ қарадым. Ол маған мұңаймашы дегендей бар жарығын менің тереземе шашты. Мен одан бетер қапаландым. Сәлден соң алтын ай мамықтардан алтыбақан жасап, мені төріне шақырды. Ол да мені қызықтырмады. Ай ару алқынып:
- Қажет десең, өлген гүлдеріңді тірілтіп берейін - деді. Мен мөлдір моншақ тізілген көздерімді төмен түсіріп, үнсіз басымды шайқадым. Амалы таусылған аспан ханшайымы шаршағанынан шалқасынан құлай салды. Мен сол түні мәңгіге есейіп кеткендей болдым...
Әкем ұзақ ауырды. Өзі ақ құба, денесіне шыр бітпейтін жандардың бірі. Көзім әкемнің ерніндегі терең жырыққа түсті. Сол сәтте біреу келіп жүрегіме қанжар сұғып алғандай болды. Жүзіне көрік беріп тұратын мұртына өрмекші тор құрып тастапты. Еріндері айырылып кетпесін деп жіппен іліп қойған екен. Әкеме деген сағынышым арнасынан аса төгілді де , мен әкемді құшақтай алдым. Бензин сіңген жейдесі маған бейне бір жұпар иіс шашып тұрды...
Күз артынан ілесіп желтоқсан да желін үдеткен. Қарашаның қабағынан қар жауғалы қашан. Тырналардың тізбегі жайында, Қарақаттың сабағынан үзіліп түскені, Әліппедегі қарбыз тілген атаның суреті туралы тек кітаптан парақтап көре аласың. Биыл Арқаның қысы қатты. Есікті ашсаң сумақай жел сумаңдап, денеңді түршіктіріп жібереді.
Түнімен қар жауған екен. Міне ғажап! Сайын жомарт дала ақ көрпеге ораныпты. Кірпігіңді қақсаң, себелеп ақ мамықтар есіңді кетіреді. Дала төсі таңғажайып күйге бөленген. Жалаңаш ағаштар да аққа оранып, тағат тауыпты. Қыстың қыраулы қылқаламы терезе әйнегіне де әдемі өрнек салыпты. Аппақ-аппақ ертегі әлемі тек өзіне ғана тән: Ақ шаһары мен ақ шанасымен тамаша! Тек осы бір ғажап сұлулық әлемін аяғында жамалған пимасы мен иығына асқан дорбасы бар әйел бұза берді. Оның тайға таңба басқандай іздері аппақ қар бетінде жарбиып жатты. Мен оған терезеден ұзақ қарадым. Ол тағдырдың іздері еді. Жүзін ерте әжім шалған әйел үдере соққан дауылға қарсы беттеп барады. Ол алысқа ұзап кеткен менің анам болатын. Сол баяғы мен ұялатын, қызаратын шемішкенің шаруасы болатын тірлік-талғажауы. Сол ала дорбамен үйдегі үш студенті және сырқаттанған қосағын бір жыл бойы асырап шықты...

Алма ТҮСІПБЕКОВА.
02 қыркүйек 2020 ж. 619 0