№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ауылдағы достарын мүлде ұмытты...

Ауылдағы достарын мүлде ұмытты...

  Ернұр – алғыр оқушы. Орыс тілі мен әдебиетінен сауатты. Физика, химия пәніне жетік. Бәрінен бұрын есте сақтау қабілеті жақсы. Кез-келген өлеңді бір оқығаннан-ақ жаттап алады. Аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларда мектептің абыройын асырды. Спортқа да бейім. Футбол, баскетбол, жүгіруден бөлек шахматтан облыстың чемпионы. Ұстаздары да Ернұрдың келешегінен үлкен үміт күтті. Ғалым болатынына сенді...

Ернұрдың дарындылығы сыныптастарынан ерекшелеп тұратын. Алланың бойына дарытқан қабілет-қасиетіне масаттанды ма ол достарынан оқшаулана бастады. 11-сыныпта «тестке дайындалам» деп достарымен мүлде араласуды қойды...
ҰБТ-ға қатысты. Жоғары балл жинады. Алматыдағы халықаралық жоғары оқу орнында техникалық білім алуға мүмкіндік алды...
Ара-тұра ата-анасына келіп кетеді. Бірақ оған сыныптас достары керек емес. Сыныптағы 11 жігіттің екеуі колледжді бітірді. Қалғаны бағына орай жұмыс тапқан. Көрші тұратын сыныптасы Қалдош Ернұр келгенде үйіне барып, құшағын жайып, амандық-саулығын үзген емес.
Бірақ көшенің сиырын бағатын Қалдошты менсінбей-менсінбей қолын беретін. Іштей «ф-у-у, қандай сасық? Үйінде су жоқ па?» дейтін. Қалдош болса мал қорадан сіңген иіске үйреніп қалған. Табиғаттың әтірі секілді қабылдайды. Алғашқы жылдары Қалдоштан естіп Мейір, Айбол, Нұржан, Бағдат оған қонаққа баратын. Ауылда жүрген достарына қаладағы өмір қызық қой. Бірақ Ернұр ашылып ешнәрсе айтпайтын. Ауылдағы сыныптастарының көңілі суи бастады...
Бірінен кейін бірі шаңырақ көтерді. "Он бір жыл бірге оқыдық қой" деп тойға шақырды. Ернұр бірде-біреуіне қатыспады. Ауылдағы достарын мүлде ұмытты...
Құдай әркімнің несібе-ризығын береді екен-ау. Сиыр бағатын Қалдошқа да бақ қонды. Сиырының саны артып, бір отар қойды алдына салды. Айбол Атыраудан вақталық жұмыс тапты. Сонда бригадир. Нұржан ауылдан балабақша ашқан. Кәдімгі кәсіпкер. Мейір епті азамат. Қолынан келмейтіні жоқ. Құрылысты қатырады. Оның еңбегіне ауылда сұраныс жоғары. Бағдат Қарағанды қаласында үлкен сауда орнын ашқан. Достар ауылда той-жиында кездесіп арқа-жарқа болады. Өткенді еске алып, көңіл көтереді. Ернұрды екінші курсты бітіргелі көрмеді. 18 жылдай өтіпті. Ол ауылдағы достарымен байланысын үзген-ді. Бұл уақытта Ернұр Маңғыстаудағы мұнай компаниясында қызметте...

***
36 жасқа келгенінде Ернұр елге келіп, қарашаңыраққа келін түсіретін болды. Өмірлік жарын таңдап, той жасады. Сол кезде ауылдағы достары керек екенін түсінді. Бірақ бәрі де кеш еді...

***
Ернұр алдымен көршісіне барды. Қалдошқа қызды әкелуге серік болып баруын өтінді. Көршісі ғой. Көңілін қимады. Бірақ Қолдоштың қайын жұртынан қаралы хабар келіп, сонда аттанды. Шарасы қалмаған Ернұр ауылдағы достарының үйін жағалады. Мейірге, Айболға, Нұржанға барды. Жағдайды түсіндірді. Сыныптастары қызықшылығына ортақтасуға құлықсыз екендерін кесіп айтты...

***
Ернұрдың жанарынан жас сырғыды. Өкірді. Өкінді. Достықтың құнын түсінгендей болды. Алайда, кеш түсінді...
Қазақта өмір тәжірибесінен алған аталы сөздер көп. Мәселен, «Араласпаса, ағайын жат» дейді. Орынды айтылған. Себебі, қазақ қоғамының қарым-қатынасы ағайынның араласуына, сыйласуына байланысты құрылған. Осы бір нәзік байланыс үзілсе қазақ рухани құлдырауды бастан кешіреді. Мейірім атаулы түнекке айналады.
Жақындарымызбен, достарымызбен араласуды ұмытпайық, ағайын!

Ерлан РАЙЫМБЕК
13 тамыз 2019 ж. 1 119 0