№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАС ТАЭКВОНДАШЫ

ЖАС ТАЭКВОНДАШЫ


Қыркеңсе ауылында тұратын Рамазан Абдрахманов аудандағы ең табысты жасөспірімнің бірі. Тоғыз жастағы таэквондашы осы уақытқа дейін облыстық, республикалық турнирлерде олжа алып, аудан абыройын асқақтатып жүр. Біз талантты өспіріммен жақыннан танысу мақсатында ауылына арнайы бардық.
Білікті бапкер Ерлан Төлепбергеновтен тәлім алатын Рамазанның арманы асқақ. Жеңістері де жетерлік. Мәселен, Түркістан қаласында Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған WT IV-ші республикалық турнирінде қолаға қол созса, Қызылорда қаласында өткен балалар және жасөспірімдер арасындағы таэквонда турнирінде күміспен оралды. Енді маусымда Түркістанда өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатында жүлде алу үшін дайындығын пысықтауда.
– Рамазан зерек әрі епті спортшы. Жаттығуда көрсеткен әдіс-тәсілді тез меңгеріп кетеді. Ең бастысы, бойында спортшыға тән мінезі бар, – деді бапкері.
Расында, оның бойынан спортшыға тән қарым-қабылетті біз де байқадық. Көзінде от бар. Жеңіске жігері мен қайсарлығы жетелейтіндей. Бәрінен бұрын, чемпион болудың жолы – еңбекте екенін түсінеді.
– Мен математика пәнін сүйіп оқимын. Есеп шығаруға жүйрік болмасам да, мұғалім берген тапсырмаларды тиянақты орындаймын. Бірақ, мақсатым – чемпион болу. Ол үшін тыңбай еңбектену қажеттілігін жақсы білемін, – деді ол.
Рамазан жетістігі спортта ғана емес, сабақ үлгерімі де жақсы. Жақсы оқығаны үшін соңғы қоңырауда мақтау қағазын алды. Мектепішілік шараларға белсенді қатысып, сыныпта белсенділігімен көзге түсіп жүр.
– Рамазан ерекше бала. Екі ұлдан кейін араға жеті жыл салып дүниеге келді. Тәңірден тілеген перзентіміз Ораза айының жұма күнінде дүниенің есігін ашқандықтан “Рамазан” деген есім бердік. Бес жасынан спортқа бейім екенін байқаған әкесі жеңіл жаттығулармен бойын сергітіп, алты жасқа толғанында таэквандоға берді, – деді анасы Сандуғаш Абдрасилова.
Талабы таудай Рамазанды көріп бір марқайып қайттық. Әсілі, мұндай жастар ауданның абыройын асырып, ауданда таэквандоның дамуына үлес қосатынына сенеміз...

Әлібек Жарықбаев.
02 маусым 2018 ж. 1 095 0