№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Құнттының тірлігі – қоғамға ғибрат

Құнттының тірлігі – қоғамға ғибрат


Жалпақ жердің бетінен жан тыныштығының жайлы мекені – қарашаңырағының қазығын қадаған әркімді тапқан-таянғанын тұмсығымен тістеп әкеліп, жалықпай тоқып, балапандарына жып-жылы ұя жасап қоятын қарлығашқа теңеуге болар. Құс екеш құс та ұрпағына қорған болып, қауіпсіз жағдай қалыптастырудың қамын қылып әлек. Оның қасында қаншама ақылы артық, қолы ұзын, құзыреті биік адам баласының құйтақандай болсын құтқанасына қол жеткізуге қам қылуға асықпайтынына қарның ашады. Қоғамда бұған кесе-көлденең тұрар кедергілер де көп. Бірақ соның барлығынан жол тауып, қайрат-күшті еселеп, өзінің ұрпағының жағдайын толық қамтамасыз етіп алуға ұмтылған толық иманның да иесі бола алады.
Әлемдегі көп кереғарлық, өкпе-реніш, өкіметке, билікке қарсылық, тіпті өз-өзіне көңілі толмаушылық ең алдымен жағдайдың жоқтығынан, қарақан бастың қанағатсыздығынан, көкірек көздің қараңғылығынан туындап жатады. Міне осы тұрғыдан келгенде жан-дүниесі терең, титтейінен өмір заңдылығына өзіндік көзқарас қалыптастырып, қарапайым еңбекпен шыңдалған, бір түйір нанның қандай тауқыметпен келетінін көкірегіне түйіп өскен зейінді ұл-қыздан келешекте ешкімге міндет артпайтын, тығырықтан жол таба алар, жақсылыққа жаны құштар табанды тұлға қалыптасып шығады. Арамызда жүрегінен мейірім төгілген, талабы тау қопарардай қайратты азаматтар мен жігері жалын, арманы асқақ, аймаңдай аруларды кездестіргенде көңіліміз сүйсініп, жанымыздың жадырап қалатынын жасыра алмаймыз.
Менің алдымда осындай азаматтың бірі – кент тұрғыны Досантаев Данияр отыр.
Отызында өмірден өз орнын тауып үлгірген, өз-өзіне сенімді азаматтың шын көңілден ақтарған ой-пікірлері кісі сүйсінерліктей.
– Аудан орталығындағы №163 орта мектебінде білім алдым, – дейді ол. Мектептен соң Алматы мемлекеттік университетінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі факультетін бітіргенмін. Бірақ еңбек жолымды жүрек қалауыммен техниканы тізгіндеуден бастадым.
Негізі әр жан өзі толық жанымен, тәнімен құлаған, соның бұйдасына жармасса жаңы­лыспайтынынына жан-жақты көзі жететін көңіліне жақын кәсіпті табудан жаңылмағаны жөн. Өмір сабағы маған осыны көрсетті. Әкем механизатор болып еңбек етіп, зейнетке шықты. Бала жастан біз де техниканың құлағында ойнап өстік десем болады. Еңбек жолымды Жаңақорғандағы "Қыран" тас майдалау заводында механизаторлықтан бастадым. Уақытпен санаспай еңбек етіп, техника күшін тиімді пайдалана білгенге табыс та құралады.
Жеке кәсіпкерлікке ден қойып, күндіз-түн еңбектеніп, қаржы жинақтап жеке қарауыма техника құралдарын сатып алуыма қол жеткіздім.КамАЗ автокөлігін, тиеп-тасығыш техникасын, тағы да қажетті жабдықтарды сатып алдым. "ИП Мадияр" жеке кәсіпкерлігімді аштым. Үш жүргізуші қызмет жасайды. Осы кәсіпті жолға қою арқылы ең алдымен ата-ана алдындағы перзенттік борышымды өтеп, оларды риза етуге барымды салып келемін. Одан соң әрине отбасы жағдайының орнықты болғаны жөн. Төрт перзенттің әкесімін – дейді ол.
– Әңгімеңе қарағанда техника саласының маманысың. Құрылыста қалай жүрсің? Жастардың күшімен салынған ғимараттың "прорабы" ретінде өзіңді таныстырды. Бұл жөнінде не айтасың? – деп сауал тастадым Даниярға.
– Биыл Ораза айттың кезінде жастар болып бастама көтеріп баспанаға өте мұқтаж, өзі ІІ топ мүгедегі бірліктік Анар апайға үй тұрғызып бердік. Сол құрылыстың басы-қасына мені қойғандықтан таза құрылысшы болып шықтым. Өз иелігімдегі техниканы қажетінше іске жұмсадым. Бұл салада санасында жаратылыстану ғылымдарынан түпқазығы болмаған тұлға түк бітіре алмайды. Осы жерде өз басым мектепте арифметика мен геометрияны миымызға шегелеп құйып берген Назгүл апайымызға алғысым шексіз. Есептеу мен өлшемнің негізін білгенге материалдық игілікті жобалау мен жүзеге асыру қиын емес. Қазақ "Көз қорқақ, қол батыр" деп осыны меңзесе керек. Құрылыстың соңғы шегесіне дейін есепке салып, бар керек-жарақты уақытысында жеткізіп беруді мойныма алып, ісімді мінсіз атқару үшін барымды салдым.
Көзімнің жеткені, жақсы іске ниеттенгеннің жолы әрдайым ашық болады екен. Орталықтағы үш мешітке бас сұғатын жастарды ортақ іске ұйыстырып, бір жамағатқа біріктіру жөнінде көп үміт еткен арманымыз іске асып, Айнақожаев Еркінбектің бастауымен "Жаңарған Жаңақорған Жастары" еріктілер ұйымының негізі қаланды.
Енді осы жастар көптеген іске ұйытқы болып келеміз. Соның ең сауаптысы тұрмыс жағдайы жеткіліксіз, жарымжан тұлғаларды жайлы баспанамен қамтамасыз етуіміз.
– Құрылысқа мамандарды қайдан тап­тыңдар?
– Ел ішінде ұста да, сылақшы да табылды. Бәрі де ерікті түрде қолқамызды ықыласпен құп алып, күннің ыстығына қарамай қызу жұмысқа кірісті. Оразаның шарапаты болу керек, ойға алған тірлікті тиянақтауда талаптылар артып, демеуші тұтып барған қалталы азаматтардың алдынан да бетіміз қайтқан кезіміз болмады. Құрылыс дүкендері тауарын арзандатты. Құрылысшыларымыз тегін істеуге бейіл танытып, еңбек ақысынан бас тартқандар да болды. Демеушілердің ұсынған қаржы көмегінен іс басындағыларды жартылай болса да риза етуге тырыстық. "Жұмыс қылғанның еңбегінің ақысын маңдайының тері кеппей тұрып бер" деген хақтың талабы бар. Осындай ынтымақты тірліктің нәтижесінде бір айда баспананы тұрғызып, бауырларымызды көл-көсір қуанышқа кенелттік. Осы үрдісімізді тоқтатпай, жалғастыра беруді жөн көріп отырмыз, – дейді ол.
Байқағанымыз, ел-жұртымыздан имандылық кетпепті, ізгілікке келгенде қол жәрдемімен де, материалдық демеуімен де тілекші болғандар кешегі Арысқа көмек кезінде еселене артып, елдіктің тамаша үлгісін танытты.
Қолы қысқа ағайынға қарасып, баспана салып беру сынды бастаманың республикада тек біздің ауданымызда қанат жайғанына кешегі сапарында аймақ басшысы да айрықша ықылас танытып, ризашылығын білдірген болатын.
Бізді қуантқаны, Данияр сынды жастардың осындай іске ынталылық танытып, алдыңғы қатардан таныла білуі.
Қарапайым еңбегімен қатарының алды болып, кәсіп-қарекетін жолға қою өз алдына, айнала ағайынға қол-ұшын созып, қараша жұртқа қарасарлықтай бақуатты жағдайға қол жеткізуге қалтаның қалыңдығы аз, ниеттің тазалығы, жүректің байлығы қажет қой. Мейірімділік пен ізгіліктің бесігінде тербеліп, анадан адал сүт емген осындай азаматтар топ бастаса тонымыздың тоз- басына, тәуелсіз еліміздің көк байрағы биікте желбіреп, еңсеміздің асқақ боларына көңілімізде имандай сенім қалыптасады екен.
Сондықтан, Даниярмен қоштасып тұрып, "тіл көзіміз тасқа, көңіл көзі кірленбеген, жан-дүниесі айнадай мөлдір осындай жігіттеріміздің қатары көп болса ғой, шіркін, деген шынайы тілекті іштей қайталай бердік.

Баян ҮСЕЙІНОВА
12 тамыз 2019 ж. 656 0