№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өзіңді құрметтесең құжатыңа құнтты бол!

Өзіңді құрметтесең құжатыңа құнтты бол!

  Кісі шыр етіп дүниеге келген күннен бастап қоғамның бір мүшесі ретінде құжатты меншіктейді. Құжат дегеніміз құр қағаз емес, кез-келгеніміздің өмір жолымыздың құндылығын немесе құр қыбырын айна-қатесіз айқындап тұратын айғақ десек болады.

   Еңбегіне қарай өнбегі дегендей, кім болсын қоғамға сіңірген қызметіне қарай соның жемісін көргісі келеді. Осындайда өткен өмірінің өзегі - құжаттарға жүгінуге тура келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, құжатсыз адам қанатсыз құспен тең. Бұдан шығатын қорытынды, әркім өз құжатына құнтты болуы керек. Біз айналамызда осы мәселеге салғырттықтың кесірінен сан соғып, тиісті несібесінен қағылып жататын талай жағдайды көріп жатамыз. Сондайда баршасының араша сұрап, әділеттікке қол жеткізуде архив мекемесіне жүгініп, заңды құқының орнына келіп жататынына қарап аталмыш мекеме қызметінің қадір-қасиетін бағамдауға болады.
Осы орайда Жаңақорған аудандық архивінің жұмысымен тереңірек танысу мақсатында мекеме басшысы, аудандық мәслихат депутаты Зағипа Абжалеловаға арнайы жолығып, әңгімелесуді ұйғарған едік. Өз функциясын мінсіз атқарумен шектелмей, одан да терең тұратын перзенттік парыз, шынайы жауапкершілік дегенді жүрегінен өткізе білген, саналы түрде салмақты міндетті мойынға алған мекеме қызметкерлерінің ағалар салған жолдан жаңылмай келе жатқан дәстүр сабақтастығына көзіміз жеткендей.
Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 15 шілде 1985 жылы №248 қаулысына сай аудандық шаруашылық есептегі мұрағаты болып құрылған бұл мекеменің ең алғашқы қазығын қалыптастырған Бекмахан Дүйсенбаев ағамыз болатын. Одан соң 1992-96 жылдар аралығында Райымбек Әділбеков, 1996-2008 жылдар аралығында Айдарбек Марсалиев басқарды.
Бүгінгі таңда аудандық мұрағат мекемесінің қор саны - 178, онда 38000 құжат тіркеліп тұр оның шінде 129 жеке тектік құжаттар, 96-сы фотоқұжат.
2008 жылдан бастап мекемеге басшылық жасап келе жатқан елжанды тұлға Зағипа Абжалелова Бекмахан ағайдың шәкірті ретінде архив жұмысын аяғынан тік тұрғызып қана қоймай, бет-беделін бекелдеп, биік имиджін қалыптастыруда қажырлы тер төгіп келеді. Соның нәтижесінде мекеме үйінің келбеті толық жаңарып, жаңаша технологиямен жарақтандырылды. Кадрларға мықты талап қоя білуі арқасында қиындықта қайралған, қандай тапсырма болсын тап-тұйнақтай атқара алатын мықты мамандар қалыптасты.
- Мұрағат дегеніміз - тарихтың құжатпен нақтыланған таңбасы. Оны өз деңгейінде сақтап, ұрпақтың игілігіне жарату жан-жақты жанашырлықты қажет етеді.
Қазір біздің қолымызда аудандағы бүкіл мекеменің құжаттары, іс қағаздары сақтаулы. Мекеменің тарихы дегеніміз - ауданның тарихы. Туған жер тарихы - бүгін ғана емес, ертең үшін де маңызды. Сондықтан әр мекеменің құрылған күнінен бастап, оған басшылық жасаған тұлғалар, сол кезеңдерде осы қызмет орнынан елге танылған ерек есімдер, қоғамдағы ролі, қызметі жөнінде жан-жақты саралап, зерттеп-зерделеп, қоры­тындысын түйіндеп жазып қоюда өзім­ді өте жауапты сезіндім. Және соны қарамағымдағылардан да талап етіп отырамын. Қазір мекеме қызметкелері - Рахат Мұсаханова, Гүлдана Мешітбаева, Еркін Жаңабеков те осы талапқа бейімделген, аудандағы кез келген мекеменің жұмысын бес саусақтай біледі деп сеніммен айта аламын.
– Жұмыстарыңызда қиындық - кедергілер бар ма?
– Сауатсыздықтан ба, салғырттықтан ба, құжатқа салдыр-салақ қарайтын мекеме басшылары әлі де кездеседі. Салдарынан қарамағындағы қызметкерлерінің заңды құқықтарына нұсқан келіп, негізсіз саң­­да­лысқа түсіп жатады. Соның кесі­рінен тіпті жалғыз құжатқа да қол жеткізе алмай жылап жүретін жүздеген мысалдарды келтіруге болады. Қызметтік жауапкершілік дегенді былай қойғанда обал, сауап деген ұғымдар қайда қалғаны сонда?
Заңдылығына келгенде, әрбір мекеме құрылған күннен бастап бес жылға дейін барлық құжаттарын қаттап, өзінде сақтайды. Содан соң архивке өткізуге жатады. Онда ұжымдағы жұмыскердің еңбек өтілі, зейнетақыға аударымдары, жалақы мөлшері, барлығы сақталуы тиіс.
Сонымен қатар кез келген уақытта сотқа шағымданған жағдайда да мұрағат құжаттарына сүйеніп, жер дауы, жесір дауы, туыстық қарым-қатынастар мәсе­лесі бойынша шешім шығарылып жатады.
– Жыл бойы архив мекемесінде жеке тектік құжаттар жөнінде түрлі шараларға қатысып келеміз. Бұл да жоспарлы міндетке жата ма?
– Бұл облыстық, республикалық дең­гейде жоспарда бар, аудандарда қарал­маған. Бірақ елді мекендерде тұрып жатқан, есімдері республикаға танымал азаматтарымыз бар ғой, неге оларды дәріптемеске? Осындай мақсатпен ауда­нымыздағы еңбегімен танымал аза­маттардың құжаттарын жинақтап, сақтап отырмыз. Олардың қатарында қоғам және өнер қайраткерлері Манап Көкенов, Бекмахан Дүйсенбаев, Әзия Қыстаубаева, Хадиша Баязитова, Жақсыгүл Бегманова т.б апа-ағаларымыз бар.
- Әрбір құжаттың өн бойында адам тағдыры жатады. Оның ғұмыр бойғы адал еңбек, маңдай тері түп-нұсқа құжатта қаттаулы. Адам өмі­рінен де ұзақ осы құжаттардың сақталуына қанша заманауи болса да компьютер кепілдік бере алмайды. Қағаз жүзінде қауіпсіздігі басым. Олай болса архив болашағында тек баянды бетбұрыстар күтіп тұр. Осы орайда нендей жоспарларыңыз бар?
– Жаңа айтып өттік, сұраныс бойынша ғана жұмыс жасап, кесімді жалақымызды алып, тып-тыныш отыра беруімізге де болар еді. Бірақ, бойдағы қан, қасиет, кешегі ағалардан қалған үлгі, өнеге ізімен мұны қанағат ете алмай отырмыз. Өздігімізше іздене артық жұмыс жасап, әрбір мекеменің тарихын түздік, мұның бәрі кеше Жаңақорған тарихы туралы кітаптың жарық көруінде кәдеге асты. Туған жердегі майдангерлер, тыл арда­герлері, басқа да еңбегі сіңген тұлғалар жөнінде бір жапырақ қағаз болсын құжаттарын жинақтауға тырысып келеміз. Бәрінің де соңында іздеушісі бар.
Расын айту керек, еңбегіміз бірде көрінеді, бірде көрінбейді. Мәселе онда емес, мыңдарға пайдамыз тисе еңбегіміздің ақталғаны. Бір дерек келтірейін, шалғай елді мекеннен бір әйел адам келіп отыр, әке-шешесіз жетім өскен, тауқыметтің қилы-қилы сатысынан өтіпті. Титтейінен қорғансыз, құжаттары жоқ, тіпті жасының нешеде екенін де білмейді. Біз құжатты түгелдей көтеріп, оның жасын да, еңбек өтілін де анықтап бердік. Зейнет жасынан әлдеқашан өтіп кеткен екен, құқығын қалпына келтіріп, әлеуметтік жағдайын толық қадағалауға алдық. Телегей-теңіз алғысын жаудырып кетті. Осындай қаншама жандардың қалтқысыз батасымен болашағымыз жаман болмас деп үміттенеміз.
Көптің мүддесін жеке бас қамынан жоғары қоя білер көрегенді отбасында тәрбиеленген, өзіне де, өзгеге де талапшыл басшы осылай деп толғанады.
Ия, әрбір игі іс иесін тапқанда ғана ілгері өркендесе керек. Ізгі қоғамды қалыптастыратын да осындай ертеңге деген сенімі жарқын асыл мұраттылар. Ендеше халық қалаулысы басқарып отырған мерейлі мекеменің шығар биігі бұдан да биік дегіміз келеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

18 маусым 2019 ж. 721 0